«Дархан дала» : «Балғасын» кешеніне рухани-танымдық сапар
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жүзеге асырып отырған маңызды жобалардың бірі – «Дархан дала» бастамасы. Аталған жоба халқымыздың тарихи-рухани мұрасын насихаттап, ел тарихына деген құрметті арттыруға бағытталған. Осы игі жоба аясында Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков «Балғасын» кешеніне арнайы рухани-танымдық сапар ұйымдастырды.
Сапарға имамдар, қала ақсақалдары, мешіт жамағаты «Балғасын» кешеніне барып, тарихымен танысты. Сондай-ақ кешен жанындағы зират басында бабалар рухына Құран бағыштап, дұға жасады.
Балғасын – сәулет ескерткіші. Қазақ аңыздарына сәйкес, Балғасын – қыздың есімі. Оның қайтыс болуынан кейін Қазтуған хан әр отбасыға бір-бір кірпіштен әкелуді бұйырған. Осылайша бір күннің ішінде мұнара тұрғызылған. Ұзақ уақыт бойы бұл ескерткіш қыпшақ дәуіріне жатқызылып келді. Бірақ Қазақстан Мәдениет министрлігінің экспедициясы (жетекшісі С. И. Аджигалиев) 1979–1980 жылдардағы зерттеулер нәтижесінде Балғасын ескерткіші XV ғасырдың соңы – XVI ғасырдың басына, қазақ-өзбек-ноғай кезеңіне жататыны анықталды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі









































