Ас беру мәдениеті және ысырапшылдықтың алдын алу мәселесі талқыланды
Ойыл ауданының бас имамы Бақжарық Қызырұлының ұйымдастыруымен ҚМДБ-ның «Дәстүр және отбасы» бағыты бойынша «Құдайы аста ысырапқа жол бермеу» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты – қоғамда ас беру мәдениетін бірізділікке келтіру, ысырапшылдықтың алдын алу және Исламдағы қарапайымдылық қағидаларын насихаттау.
Шараға дін өкілдері, ауыл ақсақалдары және ақ жаулықты әжелер мен кәсіпкерлер қатысты.
Имамдар Ислам шариғатында ас беру мәдениеті қарапайымдылық пен ысыраптан сақтануға негізделетінін атап өтті. Құран мен хадистерде береке – көп шығынмен емес, ықылас пен ниет тазалығымен өлшенетіні түсіндірілді.
Сонымен қатар қазіргі қоғамдағы құдайы астарда орынсыз сән-салтанат пен бәсекелестіктің алдын алу, әр отбасының шамасына қарай амал етуі – рухани тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды екені айтылды.
Кездесу қортындысында қатысушылар ысырапшылдыққа жол бермей, салт-дәстүрді шариғат талаптарымен үйлестіріп ұстану жөнінде ортақ пікірге келді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі





































