Ақтөбе: Бас мүфти жазасын өтеушілермен кездесті 1417

Ақтөбе: Бас мүфти жазасын өтеушілермен кездесті

18 наурыз 2022 124 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысына ресми жұмыс сапармен барған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару-жүйесі комитетінің «КА-168/1 мекемесінде» «Жусан» операциясы арқылы елге оралған және терроризм бабы бойынша жазасын өтеушілермен жалпы және жеке кездесулер өткізіп, насихат айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

«Әрбір адам баласы қашан да жақсылықты үміт етеді. Пенде өзінің үміті арқылы түрлі белестерден қиналмай өтіп, биік шыңдарға шығып, көптеген жетістіктерге қол жеткізеді. Қателік жасау – о бастан адам табиғатына тән құбылыс. Пенде «мен қателік жасадым, енді болашағым бұлыңғыр» деп үмітсіздікке салынбау керек. Керісінше, келешегі жақсы болатынына үміт артып, жақсылығын күту қажет. Халқымыз «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйрін тапқан соң» дейді. Сондықтан сіздерді қоғамға сіңісіп, елге қызмет етуге, Діни басқарманың бекіткен пәтуаларына бойсұнуға, имамдардың уағыз-насихатын тыңдауға және соған амал етуге шақырамын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу барысында жазасын өтеушілер Бас мүфтиге көкейде жүрген сауалдарын қойып, жауап алды. Сонымен қатар, ҚМДБ Төрағасы жеке кездесу барысында да жазасын өтеуші жандардың жеке сұрақтарына жауап берді.