«Баталы елге бақ қонар» атты қалалық бата беру сайысы өтті 2543

«Баталы елге бақ қонар» атты қалалық бата беру сайысы өтті

10 наурыз 2023 551 Оқу 1 минут

Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлының бастамасымен бата беру дәстүрін дәріптеп, ондағы өнегелікті насихаттау мақсатында «Баталы елге бақ қонар» атты Ақтөбе қаласындағы мешіттердің ақсақалдары арасында қалалық бата беру сайысы өтті.

Алғашқы кезеңде қарттарымыз өздері жатқа білетін баталарын айтса, сайыстың келесі кезеңінде іріктеуден өткен кісілер арнайы ашық хатта жасырылған тақырыптарды таңдап, бата берді. Ал шешуші, ақтық кезеңде экранда көрсетілген суреттерге сәйкес сол мезетте ойдан бата беріп, өнегелік сөздермен ойын жеткізу болды.

Осы кезеңдердің барлығынан сүрінбей өткен «Қабақ баба» мешітінің ақсақалдары Құлмұханбет Сембайұлы және Бошық Жөкешұлы І орын (20мың ) және ІІ (15 мың) орынды иеленсе, ІІІ орынды (10мың теңге) Ақтөбе қалалық орталық мешітінің молдасы Жайылхан Абдисаламовқа бұйырды.

Сайысқа арнайы қазылық еткен Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ондық алқа мүшесі, қоғам қайраткері Алтынбек Кәдірұлы, Ақтөбе қаласы «Әзіреті Біләл» (р.а) мешітінің бас имамы Нұрлыбек Тәкеев және Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Нұрлыбек Күзенбаев ақсақалдардың данагөйлігі мен тапқырлықтарына тәнті болып, оларға сайыстағы белсенділіктері үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ, қатысушылар арасында ерекше бата беру мәнерімен көзге түскен ақсақалдарға жүлделі орындардан өзге «Данагөй ата», «Қазыналы қарт», «Ең үздік бата беруші» номинациялары берілді.

Ізгі шара қортындысында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табыс етіліп, арнайы ақ дастархан жайылып, ас берілді.


Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі