Бас мүфтидің атынан екі азаматқа Ұмраға жолдама табыс етілді 5329

Бас мүфтидің атынан екі азаматқа Ұмраға жолдама табыс етілді

08 тамыз 2025 1 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына сапары барысында облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде жұртшылықпен кездесіп, тағылымды уағыз айтқан болатын.

Жүздесу соңында Наурызбай қажы Тағанұлы Мейрам Қошқарбайұлына және оның сапарлас серігі Виталий Тупикинге Ұмра қажылығына жолдама сыйлады. Виталий — ислам дінін қабылдаған азамат және сапар барысында Мейрамға қолғабыс көрсететін сенімді серігі.

Ұмра сапарына дайындық ретінде Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Уәлиев екі азаматқа мешітте арнайы сабақ өткізіп, Ұмраның шарттары мен рәсімдерін түсіндірді. Сондай-ақ оларға ҚМДБ шығарған «Ұмра қажылығы» атты әдістемелік құрал табыс етілді.

Жұма намазында бас имам Бектұрсын Торғайбайұлы Бас мүфтидің аманатын орындап, жамағат алдында жолдамаларды салтанатты түрде табыстады. Өз кезегінде Мейрам Қошқарбайұлы қасиетті мекенге сапар шегуге мүмкіндік сыйлаған Бас мүфтиге алғысын жеткізді.

Аталған Ұмра сапары Діни басқармаға қарасты «Tawaf Travel» қажылық компаниясы арқылы жүзеге асырылады.