«Қайырымды жұма»: Ақтөбеде 20 отбасыға жарты тоннаға жуық азық-түлік үлестірілді
Ақтөбе қалалық орталық мешітінде ҚМДБ-ға қарасты «Зекет және қайырымдылық» қорының бастамасымен «Қайырымды жұма» акциясы өтті. Шара Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әлидің ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.
Акция барысында мешіттің әлеуметтік қолдау тізімінде тұрған 20 отбасыға жалпы салмағы жарты тоннаға жуық күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдері таратылды.
Игі шараның басты мақсаты – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға материалдық қолдау көрсету және қоғамда өзара жанашырлық пен қайырымдылық құндылықтарын дәріптеу.
Кездесу аясында мешіт қызметкерлері жамағатқа мұқтаж жандарға қол ұшын созудың маңыздылығы туралы уағыз-насихат айтты. Діни қызметкерлер Қасиетті Құранның «Мәида» сүресіндегі «Жақсылық пен тақуалықта бір-біріңе жәрдемдесіңдер» деген 2-аятын және Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Кімде-кім бір мұсылманның дүниедегі бір қиыншылығын жеңілдетсе, Алла оның Қиямет күніндегі бір қиыншылығын жеңілдетеді» деген хадисін мысалға келтіре отырып, қайырымдылықтың рухани мәніне тоқталды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, тұрғындарды қолдауға бағытталған «Қайырымды жұма» жобасы алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі















































