Бас мүфти ақсақалдармен жүздесті 987

Бас мүфти ақсақалдармен жүздесті

22 қазан 2021 136 Оқу 1 минут

 Бүгін, қасиетті жұма күні Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы қаласындағы өкілдігі ғимаратында қазыналы қариялармен жүздесті.

«Қасиетті жұма күні өздеріңізбен жүздесіп, сіздердің ақыл-кеңестеріңізді, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдау үшін осы басқосуға жиналып отырмыз. Себебі сіздердің ой-пікірлеріңіз біз үшін қымбат. Біз бұрыннан ақ сақалды атаның ақ батасын алған, аталы сөзіне тоқтаған, олардың айтқанын заң деп қабылдап, бұлжытпай орындаған елміз. Аллаға шүкір, осы үрдіс әлі күнге дейін үзілмей келе жатыр. Сіздердің ақ баталарыңыз, жылы лебіздеріңіз бізге рухани күш береді» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ Бас мүфти кездесу барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 7 бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмысын таныстырды. Ақпарат және қоғаммен байланыс бағыты бойынша өткізілген кездесуде ҚМДБ Төрағасы ақсақалдардың ұсыныс-тілегін тыңдады. Имамдар форумында ас беру, зират көтеру мәдениеті т.б құжаттар қабылданғанын атап өтіп, осы құжаттарды халыққа насихаттап, жүзеге асыруда ақсақалдардың үлесі мол екенін атап өтті.

Одан бөлек Бас мүфти ҚМДБ жанынан шығып келе жатқан «Мұнара» газеті мен «Иман» журналына тоқталып, ақсақалдарды өмір жолындағы өнегелі кеңестерін басылым беттерінде бөлісуге шақырды.

Шара соңында ақсақалдар ҚМДБ жұмысына сәттілік тілеп, мүфтияттың бастамаларына қолдау білдіріп, бата берді.