Бас мүфти бағдарлық баяндамасын жолдады (Фото) 1263

Бас мүфти бағдарлық баяндамасын жолдады (Фото)

31 қаңтар 2022 114 Оқу 1 минут

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2022 жылға арналған кеңейтілген Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бағдарлық баяндама жасады.

«Біз 2022 жылды «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы деп жарияладық. Бұл еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығын нығайтуға оң ықпал етеді деген сенімдемін.
Қоғам алдындағы біздің басты міндетіміз – мұсылман қауымының бірлігін нығайту, бүлік пен жалған діни ұрандарға жол бермеу. Біз мұны терең ойланып, жамағаттың көкейіне салуымыз тиіс.

Бүгінде Діни басқарма биыл ағарту саласын жаңғыртуға көңіл бөліп келеді. Осы орайда елордамыздан арнайы терең діни білім беретін «Ислам орталығын» ашуды жоспарлап отырмыз. Мақсат – отандық діни кадрлардың сапасын арттыру.

Біз – Ислам мәдениеті мен өркениетіне үлкен үлес қосқан халықпыз. Осыған орай «Матуриди ақидасы және Қазақстандағы Ислам», «Алтын Орданың Қазақ жеріндегі Исламның дамуына қосқан үлесі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткіземіз» деді Бас мүфти.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы 2022 жылы да жеті бағыт, атап айтқанда, діни білім және ғылым, уағыз-насихат және ихсан бағыты, дін мен дәстүр, ақпарат және ағарту бағыты, қоғаммен байланыс, уақып және қайырымдылық бағыты, сондай-ақ діни оңалту бағытында жұмыстарға басымдық берілетінін мәлімдеді.