Бас имам Жұбанов студенттерімен кездесті 2311

Бас имам Жұбанов студенттерімен кездесті

09 желтоқсан 2022 147 Оқу 1 минут

Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен діни басқарма биылғы жылды «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы деп жариялаған болатын. ҚМДБ-ның әр өңірдегі Бас имамдарының жетекшілігімен Республика көлемінде ауқымды шаралар өткізіліп жатыр.

Осыған орай Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан қажы Еншібайұлы еліміздегі шоқтығы биік, жоғары білімді мамандар даярлайтын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеттің студенттерімен кездесу өткізді.

Жоғарғы оқу орнына қарасты «Жастар сарайына» жиналған білім ізденуші студенттермен кездесуде Бас имам асыл дініміздің негізгі мақсаттары мен мәнін түсіндірді. Ислам дінінің тек бірлік пен ынтымаққа шақыратынын айтып, қоғамдағы бөлінушілікке апаратын қитұрқы ағымдар көзқарастарының жайылуының алдын алатын бағыт-бағдарын көрсетіп, дұрыс жол сілтеді. Сондай-ақ білім жолында кездесетін әртүрлі кедергілерге мойымай, бір жаратушы Раббымыздан медет тілеп, сабырлық және шынайы ықыласпен білім ізденуге шақырды. Жиын соңында студенттер Бас имам Серікжан Еншібайұлына өздерінің көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар мен даналыққа толы ақыл-кеңестерін тыңдады.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі