Ұтыс ойындарын өткізу — адамдарды алдау 86

Ұтыс ойындарын өткізу — адамдарды алдау

09 қыркүйек 2020 995 Оқу 1 минут

Имандылық жолы адал мен арамды айыра білуден басталады. Біріміз күнкөрістің, енді біріміз байыған үстіне баюдың қамына кіріскен қым-қуыт тірлікте қалтаға түсетін табыстың нендей жолмен келгеніне мән бермейтініміз бар.

Соңғы кезде осыны пайдаланушылар қатары да күрт көбейді: қаржы пирамидалары, әлеуметтік желілерде ұйымдастырылып жүрген ұтыстар, т.б. «Мол олжаға кенеле қалсам» деген есек дәменің соңында қолындағы ақшасынан айырылып қалғандардың ащы айғайына құлақ түрсек, өздерін құрбан санайтынын жеткізеді. Алайда «оңай олжаның жерде жатпайтынын о баста неліктен ойламады екен?» деген сауал көптің көкейінде тұрады.

Жалпы, еңбексіз табыс іздеп, түрлі ұтыстар, заңсыз лотерея ойынын өткізу және оған қатысу мәселесіне біздің дініміз қалай қарайды?

Облысымыздың бас имамы Төлеби Оспанды осы мәселе төңірегінде әңгімеге тартқан едік. Бас имамның пікірін оқырмандар назарына ұсындық:

— Иә, ұтыс ойындарын, лотерея өткізу бүгінде оңай ақша табу көзіне айналды. Табысқа кенелу жолы ретінде ұтыс өткізуді үйреншікті іс секілді көретіндер бар. Бірақ, бұл адал табыс па? Міне, осы жағын мүлде ойланбайтынымыз өкінішті-ақ. Тіпті, ұтыс ұйымдастырушылардың кейбірі өз істеріне діннен дәлел келтіріп, шариғат пен хадисті алға тартып, адал етіп көрсеткісі де келеді. Бұл — жұртты адастыру. Өйткені шариғатта құмар ойындарына қатаң түрде тыйым салынған.

Құмар ойын дегеніміз не? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (мүфтияттың) шығарған пәтуасында бұған былай деп анықтама берілген: «Құмар — кездейсоқ сәттілікке үміттеніп, ұтыс мақсатымен ақша не құнды зат тіге отырып ұту немесе ұтылу». Демек, ұтысты ұйымдастыру да, ұтысқа қатысу да құмарға жатады.

Алла Тағала Құранда айтады: َ«Уа, иман келтіргендер! Арақ-шарап (сынды мас қылып, ақылынан адастыратын нәрселер), мәйсир (құмар һәм өзге де ұтыс ойындары), табыну үшін орнатылған пұттар және жебелермен (яки құмалақ, карта сынды басқа да нәрселермен) бал ашу — шайтанға ғана тән лас істер. Ендеше, (екі дүниеде де) мақсат-мұраттарыңа жету үшін, бұлардан аулақ болыңдар». («Мәида» сүресі, 90-аят). Аяттағы «мәйсир» (немесе жеңіл табыс) сөзі «құмар» деген мағынаны білдіреді. Яғни біреудің ұзақ уақыт бойы еңбектеніп, маңдай терімен тапқан ақшасын құмар ойын арқылы оп-оңай, жеңіл жолмен иемденіп алатын болғандықтан, «мәйсир» саналады.

«Бар болғаны 5 мың теңге саласыз да, баспаналы боласыз» деп, ұтысқа қатыстыру — біреудің маңдай терімен тапқан ақшасын оңай жолмен иеленудің бір әдісі екені түсінікті.

Құмар ойындар қатарына, карта, нарды, ойын автоматтары, рулетка, лотерея, ұтыс ойындары, букмекерлік кеңсеге ақша салу, т.б. жатады. Мысалы, белгілі бір нақты сандар көрсетілген билет ретінде сатылатын лотереяға тоқталайық. Мұнда жеңімпаз кездейсоқ таңдалатын сандар арқылы анықталып, қатысушылардың кейбірі ғана ұтысқа ие болады да, ал жүздеген, мыңдаған адам шығынға ұшырайды. Ұйымдастырушы тарап сөзсіз пайдаға кенеледі. Үй, көлік, кітап, т.б. заттарды лотерея ойнату арқылы сату да құмар ойынның нақ осы түріне жатады.

Құмар ойынға жататындықтан, лотереяның кез келген түрінің үкімі үзілді-кесілді харам саналатыны мүфтият пәтуасында атап көрсетілген. Қандай ниетпен болсын, тіпті билетін тегін берсе де, оған қатысуға болмайды. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Алла Тағала бір қауымға бір нәрсені жеуді харам еткен болса, онда оның ақшасын алуды да харам етті» , — деген. Құмар ойын — адал кәсіп емес, керісінше, адамдарды алдайтын, олардың мал-мүлкін оңай жолмен иеленуге ұмтылатын арам іс. Демек, ұтыс ойындарын ұйымдастыру да және ойында ұтқан адамның ұтысы да адал емес.

Ұтыс ойындары не үшін шариғатқа қайшы дегенді тарқатып айтар болсақ, біріншіден, көп адам қатысып, солардың ішінен тек бірнешеуі ғана жеңімпаз болады. Ал өзге адамдар шығынға ұшырап, зардап шегеді. Бұл — әділетсіздік.

Екіншіден, ұтыс ойынына қатыстыру шартымен сатылатын заттар — тұтынуға аса бір керек, күнделікті пайдасы бар бұйым емес. Мысалы, әншілердің альбомы немесе өз өмірінен жазған кітабы бұқараға қаншалықты қажет? Керек ететін адам оны ұтыс ұйымдастырмай-ақ алмай ма? Сондықтан бұған тауарымды сатудың бір тәсілі деп қарау дұрыс емес, бұл жерде ұтыс ойыны тауарыңызды өткізетін сауда-саттыққа айналады. Саудаға ең алдымен адалдық керек. Сауда адал болу үшін үш нәрседен сақ болу керектігі ескертілген: құмар, өсім және алдау. Ал кішкентай бұйымын өткізу үшін, пәтер немесе көлік ұтысына қатысуға шақыру — адамды алдау.

Үшіншіден, ұтысқа жетудің мүмкіндігі неғұрлым көбірек болса деген оймен, кейбір қатысушылар ұсынылған заттың бір емес, бірнешеуін сатып алады. Ал ол зат, жоғарыда айтқанымыздай, қолданысқа аса қажет емес. Яғни, қаншама адам ақшасын орынсыз шашып, ысырап етіп жатыр?

Төртіншіден, құмар ойын адамдарды жалқаулыққа, еңбексіз табыс іздеуге, «аяқ асты байып кетемін» деген алдамшы үмітке жетелейді. Бала күніңізді еске алсаңыз, бала әр нәрсені қиялдай береді: «Бір чемодан ақша тауып алсам, оны өйтемін, бүйтемін»…

Ал есейгеннен кейін де адам осындай құр қиялды серік ете берсе, көрінгенге жем болмақ! Балалыққа салынып, бос қиялға еру ересек жанға жараса ма?

Табыс керек болса, еңбек ет. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, — дейді Абай атамыз. — Сонан қашпақ керек: әуелі — надандық, екіншісі — еріншектік, үшінші — залымдық деп білесің… Еріншектік — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік — бәрі осыдан шығады».

Тағы да Абай:

«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,

Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.

Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,

Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?» — дейді. Ендеше, «Қайда кетпей жатқан 5 мың теңге?», — деп құмарға беріліп, алдағалы тұрған адамға еріп, өзімізді қоса алдаспайық.

«Еңбекпен тапқан тиын» деп аталатын грузин ертегісі есіме түсіп отыр: «Біреудің ерке ұлы болады. Өте жалқау екен. Әкесі бағып-қағып, тамағын тауып, киіндіріп жүріпті. Ақыры кәрілік жеңіп, сырқаты күшейген шағында әйеліне: «Өмір бойы жинаған мүлкімді басқа біреуге беремін. Ұлыма ештеңе де қалдырмаймын. Өйткені, ол жалқау», — дейді. Мұны естіген анасы ұлын аяп, баласына он сомдық алтын беріп: «Кешке дейін бір жерде бола тұр. Үйге қараңғы түскен соң кел. Содан соң «Мынаны еңбегіме алған едім» деп әкеңе бер», — дейді. Баласы шешесінің айтқанын орындайды. Ал қария алтынды жанып жатқан пешке лақтырып жіберіп: «Бұл сенің еңбектеніп тапқан ақшаң емес», — депті. Ұлы жымиып, түк деместен шығып кетеді. Қулығы іске аспағанын көрген анасы: «Біз әкеңді алдай алмаспыз, балам. Одан да жұмыс істеп, ақша тап», — дейді. Баласы бір апта жұмыс істейді. Тапқанын тағы да әкесіне ұсынады. Қария тағы да: «Мұны да еңбегіңмен тапқан жоқсың», — деп, ақшаны отқа лақтырып жіберіпті. Бұған ұлы шыдай алмай, шоққа жалаңаш қолымен ұмтылып, ақшаны суырып алады да: «Әке, апта бойы шаршап-шалдығып жүріп тапқан табысымды отқа тастағаныңыз қалай?» — деп ренжиді. Сонда әкесі тұрып: «Бұл ақшаны шынында да өз еңбегіңмен тапқаныңа енді көзім жетті», — депті». Расында, еңбекпен тапқан ақшаны бос шығынға, дарақылыққа қиюға бола ма?

Тағы бір мәселе, ұтыстан түскен қаражаттың кейбір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалатыны жиі айтылады. Есіңізде болсын, садақа тек адал табыстан ғана берілуі тиіс. Құранда: «Араларыңдағы малдарыңды бұзық жолмен жемеңдер», – деген. Ал пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: ٍ«Алла тазалықсыз (дәрет, киім және орын тазалығы) намазды және харамнан берілген садақаны қабыл етпейді», — деп ескерткен. Садақаңыз қабыл болсын десеңіз, онда табысыңыздың тек адал жолмен келуіне мән беріңіз.

Ұтыс ойындары қандай жағдайда адал өткен болады? Тек ешкім ұтылмаған жағдайда ғана ойын адал болады. Ұйымдастырушы оның шығынын өз мойнына алып, пайда табуды мақсат етпеуі керек.

Ал соңында аңқау елді алдап, пайда көру мақсаты тұрған ұтыс ойындарын ұйымдастыру былай тұрсын, елге жарнамалаудың өзі — күнә. Шариғат шарттары тұрғысынан келгенде, бұл ойында арам табыс көздеген ұйымдастырушы да, атағын сатып, жарнама жасаған адам да, оңай олжаға құнығып, ұтысқа қатысушы да, яғни барлық тарап та зиянға ұшырайды. «Қандай жолмен болса да, ақша тапсам болды» — деген «қағиданың» соңында кете берсек, түбі жарға жықпай ма? Неліктен барша мұсылман жұрты, ата-бабаларымыз табыстың, астың адалдығында ерекше мән берген? Өйткені оның астарында көп нәрсе барын білген. Ұрпақтың иманды болып өсуі, сау-саламатты болып өсуі, ата-анаға мейірімді болуы — осының бәрі де табыстың адалдығына байланысты. Маңдай тер, адал еңбекпен келген табыс қана береке көзіне айналады.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА

"Ақтөбе" газеті