"Қазақ әйел азаматтарының қоғамдағы рөлі" 276

"Қазақ әйел азаматтарының қоғамдағы рөлі"

28 қазан 2020 998 Оқу 1 минут

Қазақтың әйел азаматтарының қоғамдағы орнын анықтамас бұрын, жалпы әйелдің бұл өмірдегі алатын орнын, өз жаратылысында қандай міндеттер мен құқықтарға ие екенін тілге тиек етсек. Жалпы, әйелдер үшін тарихтағы теңдессіз оқиға - ол асыл дініміз, ислам дінінің келуімен байланысты. Алланың хақ діні ислам келісімен әйелдің қоғамдағы құқығы белгіленіп, ар-намысы мен абыройы қорғалып, еңсесі көтерілді. Дініміздің көзқарасымен қарайтын болсақ, әйел заты ол - аяулы ана, сүйікті жар, сүйкімді қыз, жанашыр апке болумен қатар, ұрпақтың таралуы мен тәрбиесінің алтын діңгегі. Сондай ақ, хадистерде: "Жәннат ананың аяғының астында", "Сендердің ең жақсыларың, әйелдеріңе жақсы қарым-қатынаста болғандарың" деп, әйелдердің дәрежесінің жоғары екендігін көрсетеді. Әрқашан дінімізбен ділімізді өзіне ақ ту еткен халқымыздың әйел азаматтарға деген құрметі қай кезеңде болмасын жоғарыламаса төмендеген емес. Бұған айғақ, тарихымыз! Тарихтың қай бетін парақтамасақта, қазақ әйелдерінің қоғамда алған өз орны болған. Ол әрине, асыл дініміздің шеңберінде, қазақы тәрбиенің айналасында болғанын көрсетеді. Қарапайым киім үлгісінен бастап, отбасы ошақ қасы, тіпті елдің елдігін көрсеткен үлкен шараларға дейін атсалысқан қазақ әйелдерінің қашанда беделі үстем болған. Тарихқа көз жүгіртсек, ар жағы Тұмар ханшайымнан бастап, қазақ халқының басынан өткен барлық тарихи кезеңдерде қазақ әйел азаматтарының беткеұстарлары тарихта ойып тұрып орын алған.

   Қазақ әйел азаматтарының қоғамдағы рөлін қозғаған кезде, әйелдердің шартты турде, билік басында немесе мемлекеттік ауқымдағы мәселелерге араласуы мндетті емес. Ең бастысы әйел өзінің салиқалы қалпын жоғалтпауы тиіс. Халқымызда "Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді деген ұлағатты сөз бар. Мұндай ұлағатты сөздерге дәлел бола алатындай тарихта қаншама қазақ әйелдерінің бейнесі бар. Бір ғана саликалы амалмен Зере анамыздың өзінің Құнанбайды дәретсіз емізбеуінің негізінде дүниеге асылдың сынығындай болған дана Абай келді. Осындай бір ғана амалымен, қазақтың тәрбиесінің діңгегіне қазық қаққандай. Мұндай мысалдар айта берсек, өте көп. Ата-бабаларымыздың дара жолымен келе жатқан бұл үрдістің бүгінгі көрінісі қандай?! Қазіргі қазақ әйелдерінің қоғамдағы рөлі қандай көрініс береді?! Бұл қазіргі таңда көз алдымызда. Қазақылық пен заманауилық ұғымдарын ажырата алмай жүрген қазақ жастары, әрине қынжылтады. Бірақ, қашанда отбасы институтын берік ұстай білген халқымыз өз жолынан сүрінбесі хақ. Қазақ әйелдерінің ұстанымы бұл - ұлт ұстанымы, қазақ әйелдерінің бейнесі бұл - ұлт бейнесі екендігін әсте естен шығармаған абзал!

 

«Нұр Ғасыр» облыстық орталық

мешітінің баспасөз қызметі