Амантай Садиев: Ел бірлігі – ең басты құндылық 3591

Амантай Садиев: Ел бірлігі – ең басты құндылық

03 қыркүйек 2024 117 Оқу 1 минут

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына 2 қыркүйек күні Жолдау жасады. 

Президент «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» жаңа Жолдауында ел өркендеуінің басты алғышарты бірлікте екенін атады.

«Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті. Халқымыз татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән берген. Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу», -деді.

Расында, халық бірлігі – ел өркендеуінің берік негізі. Кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз. Өйткені, бейбіт өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек.

Қандай да бір қоғамда береке мен бірлік болса, ол – Алла Тағаланың берген үлкен нығметі. Адамдар ол нығметті бағалап, оған нұқсан келтіретін барлық істерден сақтануы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 103-аятында: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер», – деп, мүминдерді бірлікте болуды бұйырып, бөлінуден тыйған.

Денені құрайтын ағзалардың бірігіп, дұрыс жұмыс жасағанында ғана дененің сау болатындығы сияқты, қоғамның мүшесі саналатын адамдар да, өзара бауырмалдық пен бірлікте болса, ол қоғам өркендеп гүлденеді.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Жер беті дұрысталғаннан кейін бүлікшілік жасамаңдар», – деп ескерткен «Ағраф» сүресі, 56-аят. Қоғамның тыныштығы мен береке-бірлікте болуын әрбір қоғам иесі бағалап, оған сызат түсіріп алмауды ойлауы қажет. Адамдардың құқығын құрметтеп, қоғамдағы тәртіпке бағынып, бірлігімізді бұзатын істерден сақтануы тиіс.


Амантай Садиев

Ақтөбе облысының Бас имамы