Атырау: РАНТ мүшесі Жексенбай Торбаев «Мәулімберген» мешітінде насихат айтты 6334

Атырау: РАНТ мүшесі Жексенбай Торбаев «Мәулімберген» мешітінде насихат айтты

09 мамыр 2026 42 Оқу 1 минут

Атырау облысы дін істері басқармасының және ҚМДБ Атырау облысы өкілдігінің қолдауымен «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен республика деңгейіндегі дін мамандарының қатысуымен «Рухани байланыс» рухани-ағартушылық жобасында "Мәулімберген" мешітінде жамағатқа РАНТ мүшесі, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Жексенбай Торбаев Алланың берген сансыз нығметтері және оның қадірі туралы тағлымды насихат айтты.

РАНТ мүшесі уағыз барысында адам баласына берілген денсаулық, иман, отбасы, тыныштық, ризық-несібе секілді сансыз нығметтердің қадірін білу – әр мұсылманның міндеті екендігі кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар Құран аяттары мен хадистер негізінде шүкіршілік етудің маңызы баяндалып, нығметтің қадірін білген жанның жүрегіндегі қанағат пен сабыр туралы тоқталды.

Одан өзге қазіргі қоғамдағы немқұрайлылық, ысырапшылдық және берілген игіліктерге селқос қарау мәселелері де қозғалып, әрбір мұсылманға Алланың нығметтерін дұрыс пайдалану, шүкіршілік ету және айналасына жақсылық жасау қажеттігі насихатталды. Барға қанағат етіп, жоққа сабыр сақтау – мұсылман көркем мінезінің бір белгісі екендігі түсіндірілді.

Жамағатқа адам өміріндегі әрбір жақсылық пен мүмкіндік – Жаратушының аманаты екені ескертіліп, нығметтердің қадірін біліп, Аллаға әрдайым шүкіршілікпен өмір сүруге шақырды.

Уағыз соңында ел тыныштығы, халық амандығы және жұртшылықтың бірлігі үшін дұға жасалды.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі