РАНТ МҮШЕСІ ЖЕКСЕНБАЙ ТОРБАЕВ АТЫРАУДА ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ 6333

РАНТ МҮШЕСІ ЖЕКСЕНБАЙ ТОРБАЕВ АТЫРАУДА ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ

09 мамыр 2026 31 Оқу 1 минут

Атырау облысы дін істері басқармасының және ҚМДБ Атырау облысы өкілдігінің қолдауымен «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен республика деңгейіндегі дін мамандарының қатысуымен «Рухани байланыс» рухани-ағартушылық жобасы аясында Қызылқоға ауданы, «Бәйтерек» мешітінде жамағатқа РАНТ мүшесі, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Жексенбай Торбаев жұма уағызын айтты.

Уағыз барысында Ислам дінінің адамгершілікке, бірлікке және ізгілікке үндейтін құндылықтары кеңінен насихатталды. Халыққа берілген үлкен нығметтердің қадірін білу, білімге ұмтылу, елдің тұтастығы мен жамағаттың бірлігін сақтау – әрбір азамат үшін маңызды құндылық екендігіне тоқталды.

РАНТ мүшесі «Әлеуметтік желілер мен ғаламтор кеңістігі ашық болғандықтан, кез келген ақпарат еркін таралуда. Сондықтан ата-аналар балаларға телефон немесе интернет пайдалануға рұқсат берген кезде олардың қандай ақпарат көріп, кімді тыңдап жүргеніне мұқият болғаны жөн. Жастардың рухани тәрбиесіне бейжай қарамау қажет. Ғаламтор – әлемдік байланыс құралы. Оны дұрыс мақсатта пайдалану білім мен ізденіске жол ашса, орынсыз қолдану түрлі теріс ықпалдарға алып келуі мүмкін. Сол себепті жастарға дұрыс діни бағыт-бағдар беріп, дәстүрлі құндылықтар мен ұлттық тәрбиені насихаттау – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі»,- деді.

Наиб имам жұма намазынан кейін мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.

.Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі