АТА-АНАҒА ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ – ПЕРЗЕНТТІК МІНДЕТ 6210

АТА-АНАҒА ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ – ПЕРЗЕНТТІК МІНДЕТ

06 наурыз 2026 1 Оқу 1 минут

Ата-ана – адам баласы үшін ең жақын әрі ең қастерлі жандар. Олар бізді дүниеге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөліп өсірді, өмір жолына бағыт берді. Сондықтан ата-анаға жақсылық жасау – тек адамгершілік қағидасы емес, әрбір перзенттің мойнындағы қасиетті борышы.  Әке – маңдай терімен нәпақа тауып, отбасының жүгін көтерген тірек болса, ана – жүрек мейірімімен әлдилеп, шексіз қамқорлығы мен жан жылуын төгіп өсіретін шапағат иесі.

Ислам дінінде ата-ананың орны айрықша. Алла Тағала Өзіне ғана құлшылық етуді бұйырғаннан кейін, ата-анаға жақсылық жасауды әмір етеді. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا ۚ إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا

«Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді және ата-анаға жақсылық жасауды әмір етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып), тіпті «Уһ!» деп кеюші болма, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт!» – деген.

Осы аятқа қатысты имам Мужаһид (Алла оны рақымына алсын): «Егер ата-анаң сенің қасыңда қартайып, олардан қолайсыз, жағымсыз нәрсені көрсең де, оларға «Уһ» деп реніш білдірме. Керісінше, олардың үлкен және кіші дәреттерін тазалап, қызметін атқар. Өйткені олар да сен кішкентай кезіңде дәл солай сенің қамыңды жасап, тазалығыңа өздері қараған еді. Оларға ешбір түрде зиян тигізбе, көңілін қалдырма», – деген.

Ата-анаға жақсылық жасау тек материалдық қамқорлықпен шектелмейді. Көңілін сұрау, қал-жағдайын білу, оларға дұға ету, ақыл-кеңесіне құлақ асу – үлкен сауапты іс. Әсіресе қартайған шақтарында олардың әрбір сөзі мен өтінішіне сабырмен қарап, қызмет ету – Алланың разылығына бастайтын жол. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі боолсын) хадисінде:

رِضَا اللَّهِ فِي رِضَا الْوَالِدَيْنِ، وَسَخَطُ اللَّهِ فِي سَخَطِ الْوَالِدَيْنِ

«Алланың ризалығы ата-ананың ризалығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында», – деген (имам Термизи).

 

Қисса

Бірде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінберге көтеріліп жатқанда: «Үш рет әмин, әмин, әмин», – дейді.

Сонда сахабалар:

– Уа, Алланың Елшісі! Неге «Үш рет әмин» дедіңіз? – деп сұрайды.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– Маған Жәбірейіл келіп:

«Уа, Мұхаммед! Сенің атың аталған кезде саған салауат айтпаған адамның мұрны жерге сүрілсін (яғни, қор болсын). «Әмин» де», – деді.

Мен: «Әмин», – дедім.

Сосын ол тағы:

«Рамазан айына жетіп, ол ай өтіп кетсе де, кешірімге бөленбеген адамның мұрны жерге сүрілсін. «Әмин де», – деді.

Мен тағы да: «Әмин», – дедім.

Одан кейін Жәбірейіл: «Ата-анасының екеуі немесе біреуі тірі болып, солардың разылығымен жұмаққа кіре алмаған адамның мұрны жерге сүрілсін. «Әмин» де», – деді.

Мен тағы да: «Әмин дедім», – дейді.

Бірінші: әкеге жақсылық жасау – перзенттік міндет

Әкеге жақсылық жасау – перзент үшін Алланың алдында жауап беретін қасиетті міндет. Өйткені әке – отбасының тірегі, өмір жолында бағыт беруші, маңдай терімен ризық тауып, баласының болашағы үшін жанын аямаған жан. Оның разылығы – жұмаққа бастар ең көркем қақпалардың бірі.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

 الْوَالِدُ أَوْسَطُ أَبوَابِ الْجَنَّةِ فَإِنْ شِئتَ فَأَضِعْ ذَلِكَ الْبَابَ أوِ اَحْفَظْهُ

«Әке – жұмақ қақпаларының ең ортасы, ең қадірлісі. Қаласаң, сол қақпаны өз қолыңмен жоғалт, қаласаң, оны көздің қарашығындай сақта», – деген (имам Термизи).

Бұл хадис бізге әкенің разылығын алу – жұмаққа апарар жол, ал оны жоғалту үлкен өкініш екенін аңғартады. Қазақ халқы да бұл ақиқатты терең түсініп, «Әке – асқар тау»«Әке көрген оқ жонар» деп бекер айтпаған. Өйткені әке – баланың тірегі, өмір жолындағы үнсіз ұстазы, мінез бен жауапкершіліктің үлгісі. Әкенің разылығы – баланың бағы, ал батасы – жолының ашықтығы. Кім әкесінің көңілін табуға ұмтылса, сол адам екі дүниенің игілігіне қол жеткізеді. Ал әке қадірін тірісінде білмеу – кейін өкінішке ұрындыратын үлкен қателік. Сондықтан әкемізге көрсеткен әрбір құрметімізді, айтқан жылы сөзімізді, атқарған қызметімізді сауап деп біліп, әкеге жақсылық жасауды өмірлік ұстанымымызға айналдырғанымыз жөн.

Имам әл-Ғазали перзенттің әкeнің алдындағы әдeбі жайында былай деген: «Пeрзeнттің әкeсі алдындағы әдeбі – сөзінe мұқият құлақ асу, істі атқаруға әзір тұру, бұйрығын жүзeгe асыру, oған дауыс көтeрмeу, шақырған сәттe дeрeу бару, oның көңілінeн шығуға әрeкeт eту, сабырлықпeн құшақ жаю, oған жасаған жақсылықты жәнe oрындаған тапсырмасын міндeтсінбeу, oған аларып қарап, қабағын шытпау».

 

Қисса

Бірде бір кісі Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп:

  • Уа, Алла Елшісі! Әкем малымды менің рұсатымсыз түгелдей иемденгісі келеді, – дейді.

Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған:

  • «Сен де, сенің малың да әкеңе тиесілісіңдер», – деп жауап беріп, сөзін: «Балаларың – ең таза ризықтарыңның бірі. Ендеше олардың малынан жеңдер», – деп жалғайды.

Екінші: анаға жақсылық жасау – перзенттік міндет

Анаға жақсылық жасау – перзент үшін таңдаулы амал ғана емес, Алла Тағала жүктеген қасиетті міндет. Өйткені ана – баланы тоғыз ай көтеріп, толғақтың азабын тартып, түн ұйқысын төрт бөліп өсірген мейірімнің қайнар көзі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ананың ақысын үш мәрте атап, әкенің ақысынан бұрын қойғаны – ананың еңбегінің ұлылығын көрсетеді. Анаға көрсетілген әрбір ілтипат, айтылған жылы сөз, жасалған қызмет Алланың алдында сауап болып жазылады. Ал ананың жүрегін жаралау, көңілін қалдыру – ауыр күнәлардың бірі. Қандай жағдайда да анамен қарым-қатынаста жұмсақтық пен сабыр сақтап, ізгілік жолы үзілмеуі тиіс. Кім анасын разы етсе, сол адам Раббысының разылығына бөленіп, екі дүниенің бақытына қол жеткізеді. Ата-анаға, әсіресе анаға жақсылық жасау және оларға бойсұну – Алла Тағалаға иман келтіргеннен кейінгі ең ұлы құлшылықтардың бірі. Ислам діні ата-анаға мойынсұнуға, оларға ізгілік пен қамқорлық көрсетуге үндейді. Ал анаға айрықша көңіл бөлінуі – оның көтерген жүгі, тартқан мехнаты мен шеккен азабының көптігінен. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

أَنَّ جَاهِمَةَ جَاءَ إِلَى النَّبيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيهِ وسَلََّمَ ، فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ ، أَرَدْتُ أنَ أَغْزُوَ وَقَدْ جِئْتُ أَسْتَشِيرُكَ؟ فقالَ: هَل لَكَ مِنْ أمٍّ ؟ قَالَ: نَعَم ، قَالَ : فَالْزَمْهَا فَإِنَّ الْجَنَّةَ تَحْتَ رِجْلَيْهَا

Бірде Жәһима (Алла оған разы болсын) Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп:

– Уа, Алланың Елшісі! Мен Алла жолында ғазуатқа шыққым келеді. Сол үшін сіздің пікіріңізді, кеңесіңізді алуға келдім, – дейді.

Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан:

  • Анаң бар ма? – деп сұрайды.

Жәһима:

– Иә, анам бар, – деп жауап береді.

Осы кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  • Онда анаңа қызмет ет, оның жанынан табыл, өйткені жұмақ – ананың аяғының астында», – дейді. Яғни, анаға жасалған ізгілік пен қызметтің сыйы жұмаққа кіруге себеп болады. Кейбір ғалымдар бұл сөзді: «Адамның жұмаққа кіруі ананың разылығына тікелей байланысты», – деген мағынада түсіндірген. Бұл хадис ананың разылығына жету – Алланың разылығына жетудің ең тура жолы екенін айқын көрсетеді.

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Әкең ғалым болса да, тәрбиені тезек теріп жүрген анаңнан аласың», – деп бекер айтпаса керек. Бұл сөздің астарында терең ақиқат жатыр. Әке бағыт береді, білімге жетелейді. Ал ана жүрекке иман, бойға ізет, мінезге көркемдік дарытады.

Сонымен қатар ғалымдық ізденіспен келеді, бірақ адамдық ананың ақ сүтімен, ақ батасымен сіңеді. Қарапайым ананың сабыры, маңдай тері, баласы үшін жасаған үнсіз құрбандығы ұлттың мінезін қалыптастырады. Ана – тек бір шаңырақтың емес, бүтін бір қоғамның тәрбиешісі. Егер ананың жүрегі мейірімге толы болса, ұлттың болашағы да нұрлы болмақ.

 

Қисса

Абдулла ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын) бірде Қағбаны тауап етіп жүргенде, йемендік бір кісіні көреді. Әлгі адам қартайған анасын арқасына көтеріп алып, Қағбаны айнала жүріп былай деп айтып келеді екен: «Расында, мен анам үшін жуас көлігімін, егер оның мінген көліктері үркісе де, мен үркімеймін».

Сосын ол ибн Омарға бұрылып:

  • Уа, Омардың ұлы! Мен осы жасаған ізгі ісіммен анамның алдындағы ақысын өтей алдым ба? – деп сұрайды.
  • Сонда Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын) оған:
  • Жоқ. Тіпті оның толғақ кезіндегі бір ғана ауыр дем алған сәтінің ақысын да өтеген жоқсың, – деп жауап береді.
  • Одан кейін ибн Омар (Алла оған разы болсын) тауап жасап, Ибраһим мақамына келіп, екі рәкәғат намаз оқиды да, қасында тұрған бір кісіге:
  • «Уа, Әбу Мусаның ұлы! Әр екі рәкәғат намаз өзінен бұрынғы күнәларды өшіреді», – дейді.

Үшінші: ата-анаға дұғау жасау

Ата-анаға деген құрмет пен алғыс тек жылы сөзбен шектелмейді, жүректен шыққан шынайы дұғамен де көрініс табуы тиіс. Өйткені ата-ана перзентке берілген ең үлкен нығмет, олардың еңбегін толық өтеу мүмкін емес. Сол себепті Алла Тағала Құранда әрбір перзентке ата-анасы үшін дұға етуді үйретіп, оларды мейіріммен еске алуға шақырды. Бұл дұға – ризашылықтың, кішіпейілділіктің әрі имандылықтың айғағы. Алла Тағала қасиетті Құранда:

قُل رَّبِّ ٱرۡحَمۡهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيرٗا

«Уа, Раббым! Олар мені бала күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, «Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей көр!» – деп дұға ет», – деген («Исра» сүресі, 24-аят).

Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) үйіне кірген сайын анасына: «Маған кішкентайымда қалай мейірімді болсаңыз, Алла Тағала да сізге дәл солай мейірімін жаудырсын», – деп дұға жасайды екен. Сонда аяулы анасы да: «Ержеткен кезде маған жасаған жақсылығың секілді Алла Тағала да саған бар мейірімін жаудырсын», – дейді екен.

Міне, сондықтан біз перзент ретінде әрдайым оларға өмірде Алладан ғұмыр сұрап, жақсылық жасауымыз керек. Ал өмірден озса, оларға дұға жасап, Алладан рақым сұрауымыз қажет. Өйткені дұға – олардың рухына жететін ең қымбат сый.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

أَبِي أُسَيْدٍ مَالِكِ بْنِ رَبِيعَةَ السَّاعِدِيِّ رضي الله عنه قَالَ: بَيْنَا نَحْنُ جُلُوسٌ عِنْدَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، إِذْ جَاءَهُ رَجُلٌ مِنْ بَنِي سَلِمَةَ، فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، هَلْ بَقِيَ مِنْ بِرِّ أَبَوَيَّ شَيْءٌ أَبَرُّهُمَا بِهِ بَعْدَ مَوْتِهِمَا؟ فَقَالَ: نَعَمْ، الصَّلَاةُ عَلَيْهِمَا، وَالِاسْتِغْفَارُ لَهُمَا، وَإِنْفَاذُ عَهْدِهِمَا مِنْ بَعْدِهِمَا، وَصِلَةُ الرَّحِمِ الَّتِي لَا تُوصَلُ إِلَّا بِهِمَا، وَإِكْرَامُ صَدِيقِهِمَا

Әбу Усайд Мәлик ибн Рабиға әс-Сағиди (Алла оған разы болсын) былай дейді: Біз Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасында отырған едік. Сол кезде Бәни Салима тайпасынан бір адам келіп: Уа, Алланың Елшісі! Ата-анам дүниеден өткеннен кейін де, оларға жақсылық жасап, перзенттік борышымды өтейтін бір іс қалды ма? – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, бар. Олар үшін дұға ету, оларға кешірім тілеу, олардың кейін қалдырған уәделері мен аманаттарын орындау, олар арқылы ғана жалғасатын туыстық қатынасты үзбеу, сондай-ақ олардың достарын құрметтеу», – деп жауап береді (имам Әбу Дәуід).

Төртінші: ата-анаға жақсылық жасау – берекелі өмірдің кілті

Бұл өмірде жақсылық жасауға ең лайықты жандар қашанда – ата-ана. Алла Тағала Құранның бірнеше жерінде оларға ең көркем түрде жақсылық жасауға бұйырған: 

وَوَصَّيْنَا الْإِنسَانَ بِوَالِدَيْهِ إِحْسَانًا

«Адам баласына әке-шешесіне жақсылық істеуді өсиет еттік» («Ахқаф» сүресі, 15-аят) десе, тағы бір аятта:

وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا ۖ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا

«Алла Тағалаға құлшылық етіңдер. Оған ешнәрсені ортақ етіп қоспаңдар. Сондай-ақ әке-шешеге жақсылық жасаңдар», – деген («Ниса» сүресі, 36-аят). Аятта Алла Тағалаға ешбір серік қоспай, құлшылық жасау керектігі жөнінде айтылғаннан кейін екінші орында ата-анаға жақсылық жасау бұйырылған. Бұл ата-анаға жақсылық жасаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

 

Құрметті жамағат!

Қазақ халқы да ата-ананы ардақтауды ең биік құндылық санаған. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді», «Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да, қарызынан құтыла алмайсың» деген нақылдар соның айғағы. Бұл сөздер перзенттің ата-ана алдындағы міндеті өмір бойы жалғасатынын еске салады. Ата-анаға жақсылық жасау – берекелі өмірдің кілті, ұрпақ тәрбиесінің өзегі. Ата-анасының разылығын алған жан екі дүниеде де жақсылыққа кенеледі.

Халқымыз: «Аймалайтын анаң қымбат, асқар тауың әкең қымбат», – дейді. Ендеше, өмірдегі әрбіріміз үшін қымбат деп танылған ата-анамыздың алдындағы міндеттерімізді ең кемел дәрежеде орындап, олардың разылығын, ақ-батасын алуға тырысайық! Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

ثَلاثُ دَعَوَاتٍ مُسْتَجَابَاتٌ لا شَكَّ فِيهنَّ: دَعْوَةُ المَظْلُومِ، وَدَعْوَةُ المُسَافِرِ، وَدَعْوَةُ الوَالِدِ عَلى وَلدِهِ

«Үш дұға міндетті түрде қабыл болады, онда еш күмән жоқ. Олар: зұлымдыққа ұшырағанның дұғасы, жолаушының дұғасы және ата-ананың баласына жасаған дұғасы», – деген (имам Термизи).

Алла Тағала баршамызға ата-анамызға құрметпен қарап, олардың ақ батасын алуды нәсіп етсін. Қасиетті жұма күнгі дұға-тілектеріміз қабыл болғай!