Өскемендегі дін қызметкерлері Ясауи мұрасымен танысты
Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Түркістан – мыңжылдықтардың сәулесі» атты көрме ашылды. Аталған көрме «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі қорынан әкелінген жәдігерлерге негізделіп, Қожа Ахмет Ясауи ілімін насихаттауға арналды.
Экспозицияда рухани бағыттағы Ясауидің қолжазба еңбектері мен шәкірттерінің мұралары, сондай-ақ XII–XIX ғасырларда Түркістанда жасалған керамикалық және қола шамдар сынды материалдық жәдігерлер ұсынылды. Көрмеден «Диуани хикмет», «Миратул құлуб», «Пақырнама» еңбектерінің сирек қолжазбалары мен сол дәуір артефактілері де орын алды.
Көрмені Шығыс Қазақстан облысының дін қызметкерлері тамашалады. Шара барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша Бас имамы Думан Нәдірұлы сөз сөйлеп, Қожа Ахмет Ясауи ілімінің мән-маңызына тоқталды.





































