Астанада «Dintellect» зияткерлік діни білім сайысы өтті
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Дін мен дәстүр бөлімі және Жастар ісі секторының сондай-ақ, Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Dintellect» зияткерлік діни білім сайысы өтті.
Іс-шараға ҚМДБ Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Әуесханұлы, Астана қаласының Бас имамы Ерболат Жүсіпов бастаған елорда имамдары мен мешіт жамағаты қатысты.
Зияткерлік сайысқа қаланың түрлі мешіттерінен іріктелген 12 команда қатысып, өз білімдерін ортаға салды. Қатысушыларға діни, тарихи және дәстүрге қатысты арнайы сұрақтар экран арқылы ұсынылды. Командалар белгіленген уақыт ішінде сұрақтарға дұрыс әрі нақты жауап беруге тырысты.
Жарыс тартысты өтті. Әр раундта қатысушылар жылдамдық, ой ұшқырлығы және діни сауаттылық жағынан сыналды. Қазылар алқасы командалардың жауап беру дәлдігі мен командалық үйлесімділігін бағалады.
Сайыс қорытындысы бойынша үздік шыққан командалар ақшалай сыйлықтармен және арнайы марапаттармен наградталды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралардың жастардың діни білімін арттыруға, мешіттер арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге және дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосатынын атап өтті.





































