ҚАСИЕТТІ ҚҰРАН – МҰСЫЛМАН ЖҮРЕГІНІҢ КӨКТЕМІ 6209

ҚАСИЕТТІ ҚҰРАН – МҰСЫЛМАН ЖҮРЕГІНІҢ КӨКТЕМІ

13 наурыз 2026 2 Оқу 1 минут

Құран – Алла Тағаланың шексіз мейірімі мен рақымының айқын көріністерінің бірі, адамзат баласына тура жол нұсқаушы қасиетті кітап. Бұл кітап – тек бір қауымға немесе белгілі бір уақытқа ғана арналмаған, ол қияметке дейінгі бүкіл адамзатқа бағыт-бағдар беретін мәңгілік иләһи жолбасшы. Алла Тағала қасиетті Құранда:

إِنَّ هَذَا الْقُرْآنَ يَهْدِي لِلَّتِي هِيَ أَقْوَمُ وَيُبَشِّرُ الْمُؤْمِنِينَ الَّذِينَ يَعْمَلُونَ الصَّالِحَاتِ أَنَّ لَهُمْ أَجْرًا كَبِيرًا

«Шүбәсіз, бұл Құран ең дұрыс, ең сенімді жолға бастайды һәм үнемі орынды да игі істер істейтін мүміндерге (алдағы уақытта) еншілеріне тиетін үлкен сый-сияпат бар екендігін айтып, сүйіншілейді», – деген («Исра» сүресі, 9-аят).

Құран – Жаратушы мен жаратылыстың арасында рухани байланыс орнатып, адам баласын қараңғылықтан жарыққа бастайтын хақ кітап. Ол адамзатқа ақиқат пен жалғанның, адал мен арамның, игілік пен зұлымдықтың ара-жігін айқындап берген кемел нұсқаулық. Сондықтан Құран – мұсылман өмірінің темірқазығы, жүректерге тыныштық сыйлайтын рухани шипа. Мұсылман баласы үшін Құран – тек оқылатын кітап қана емес, ол – өмірдің мәнін ұқтыратын, жүрекке иман нұрын құятын, адамды көркем мінезге тәрбиелейтін ұлы тәрбие мектебі. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құранның ұлылығы жайында:

إِنَّ هَذَا الْقُرْآنَ مَأْدُبَةُ اللَّهِ، فَتَعَلَّمُوا مِنْ مَأْدُبَتِهِ مَا اسْتَطَعْتُمْ، إِنَّ هَذَا الْقُرْآنَ هُوَ حَبْلُ اللَّهِ، وَالنُّورُ الْمُبِينُ، وَالشِّفَاءُ النَّافِعُ

«Расында, бұл Құран – Алла Тағаланың дастарқаны. Ендеше, сол дастарқаннан шамаларың келгенше үлес алыңдар. Шын мәнінде, бұл Құран – Алланың берік жібі, қараңғылықты жарыққа бөлейтін айқын нұры, әрі жүректерге дауа болатын шипа», – деген (имам Байһақи).

Осы ақиқатты қазақтың ұлы ойшылы Хакім Абай да өз өлеңінде терең жеткізеді:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз еш уақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөз айырмас.

Бірінші: Құран – жүректерге шипа

Адам баласының жүрегі кейде шаршайды, кейде мұңаяды, кейде өмірдің ауыртпалығынан қажиды. Осындай сәттерде жүрекке тыныштық беретін, рухты тірілтетін, адамды қайтадан үмітке жетелейтін бір ғана шипа бар. Ол – Алла Тағаланың қасиетті сөзі, Құран Кәрім. Құран – жүректі нұрландыратын, сананы оятатын, өмірге мән беретін бағдаршам. Сол себепті Құран оқу – тек құлшылық қана емес, ол – жүректің тыныштығы, рухтың азығы, адамның екі дүниедегі бақытына бастайтын ұлы нығметі. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ جَاءَتْكُمْ مَوْعِظَةٌ مِنْ رَبِّكُمْ وَشِفَاءٌ لِمَا فِي الصُّدُورِ وَهُدًى وَرَحْمَةٌ لِلْمُؤْمِنِينَ

«Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерге Раббыларыңнан насихат, көкіректегі дерттерге шипа әрі мүміндер үшін тура жол мен рақым болған (Ислам мен Құран) келді», – деген («Юнус» сүресі, 57-аят).

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

إنَّ الَّذِي لَيْسَ في جَوْفِهِ شَيْءٌ مِنَ القُرْآنِ كَالبَيْتِ الخَرِبِ

«Көкірегінде Құраннан еш нәрсе болмаған адамның күйі – қаңырап бос қалған үйдің күйіндей», – деген (имам Термизи).

Жүрегінде Құраннан бірде-бір аят болмаған адамның халі – қаңырап бос қалған үй секілді. Ал жүректе Құран болса, аз болса да, ол жүректі нұрландырып, тірілтіп, көркейтеді. Өйткені Құран – жүректі нұрландыратын Алланың сөзі.

Екінші: Құран оқудың артықшылығы

Алла Тағала адамзат баласына сансыз нығметтер берген. Сол нығметтердің ішіндегі ең ұлысы – Өзінің қасиетті кітабы Құран Кәрімді түсіруі. Құран оқу – мұсылман үшін ең сауапты әрі ең қадірлі құлшылықтардың бірі. Алланың сөзін оқу арқылы адам жүрегін нұрландырып, иманын күшейтеді, өмірін рухани байытады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

إِنَّ الَّذِينَ يَتْلُونَ كِتَابَ اللَّهِ وَأَقَامُوا الصَّلَاةَ وَأَنْفَقُوا مِمَّا رَزَقْنَاهُمْ سِرًّا وَعَلَانِيَةً يَرْجُونَ تِجَارَةً لَنْ تَبُورَ

«Расында, Алланың Кітабын лайықты түрде оқитын, намазды да кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқитын сондай-ақ өздеріне ризық-несібе ретінде берген нығметтеріміздің бір бөлігін ізгілік жолында жасырын әрі жария түрде жұмсайтындар әсте зиянға ұшырамайтын берекелі саудаға үміт арта алады», – деген («Фатыр» сүресі, 29-аят).

Бұл аятта Құран оқу адамды Алланың разылығына жеткізетін амал екені баяндалады. Ал Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

الَّذِي يَقْرَأُ القُرْآنَ وَهُوَ مَاهِرٌ بِهِ مَعَ السَّفَرَةِ الكِرَامِ البَرَرَةِ، وَالَّذِي يَقْرَأُ القُرْآنَ وَيَتَتَعْتَعُ فِيهِ وَهُوَ عَلَيْهِ شَاقٌّ لَهُ أَجْرَانِ

«Құранды шебер оқитын адам құрметті, ізгі періштелер қатарында болады. Ал Құранды кідіріп, қиналып оқыса да тастамай оқитын адамға екі есе сауап жазылады», – деген (имам Бұхари).

Осы хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран оқитын адамдардың дәрежесі жайында хабар береді. Құранды анық әрі шебер оқитын, оны жақсы меңгерген, оқығанда кідірмей, қиналмай оқитын адамның дәрежесі – «сәфара» деп аталатын құрметті, игі періштелермен бірге болады. Бұл періштелер – Алланың уахиін жеткізетін, күнәдан пәк, Аллаға толық мойынсұнған жаратылыстар. Сондай-ақ бұл сөз Құранды жақсы меңгерген адамның ақыретте сол құрметті періштелермен бірге жоғары дәрежеде болатынын немесе олардың жолын ұстанып, ісіне ұқсас амал жасайтынын білдіреді. Өйткені Құран оқушы Алланың кітабын көтеріп, адамдарға жеткізіп, оған амал етеді.

Ал Құранды оқығанда кідіріп, әр сөзін қиналып айтатын, бірақ соған қарамастан оны тастамай, қайта-қайта оқып, жаттауға талпынатын адамға екі сауап жазылады: бір сауап – Құран оқығаны үшін, екіншісі – сол жолда көрген қиындығы мен еңбегі үшін.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

مَثَلُ المُؤْمِنِ الَّذِي يَقْرَأُ القُرْآنَ مَثَلُ الأُتْرُجَّةِ: رِيحُهَا طَيِّبٌ، وَطَعْمُهَا طَيِّبٌ، وَمَثَلُ المُؤْمِنِ الَّذِي لا يَقْرَأُ القُرْآنَ كَمَثَلِ التَّمْرَةِ: لا رِيحَ لَهَا وَطَعْمُهَا حُلْوٌ، وَمَثَلُ المُنَافِقِ الَّذِي يَقْرَأُ القُرْآنَ كَمَثَلِ الرَّيْحَانَةِ: رِيحُهَا طَيِّبٌ وَطَعْمُهَا مُرٌّ، وَمَثَلُ المُنَافِقِ الَّذِي لا يَقْرَأُ القُرْآنَ كَمَثَلِ الحَنْظَلَةِ: لَيْسَ لَهَا رِيحٌ وَطَعْمُهَا مُرٌّ

«Құран оқитын мүміннің мысалы – цитрус тектес жеміс сияқты: иісі де жағымды, дәмі де тәтті. Ал Құран оқымайтын мүміннің мысалы – құрма сияқты: иісі жоқ, бірақ дәмі тәтті. Құран оқитын екіжүзді адамның мысалы – райхан гүлі тәрізді: иісі жағымды болғанымен, дәмі ащы. Ал Құран оқымайтын екіжүзді адамның мысалы – ханзала (ащы жеміс) секілді: иісі де жоқ, дәмі де ащы», – деген (имам Мүслим).

 

Қисса

Бірде Нәфиғ ибн Абдулхарис Омар ибн әл-Хаттабпен (Алла оған разы болсын) жолда кездеседі. Ол кезде Омар (Алла оған разы болсын) қажылық жолында Усфан деген жерде тоқтаған еді. Усфан – Меккенің солтүстігінде, Мәдинаға баратын жолда шамамен 80 шақырым жерде орналасқан ауыл. Омар (Алла оған разы болсын) Нәфиғ ибн Абдулхаристы шақырып алып:

  • Сен мүміндердің әмірімен кездесуге келген осы уақытта, Мекке халқына өз орныңа кімді басшы етіп қалдырдың? – деп сұрайды.

Сонда Нәфиғ ибн Абдулхарис (Алла оған разы болсын):

  • Мекке халқына өз орнына Абдуррахман ибн Әбзаны (Алла оған разы болсын) басшы етіп қалдырғанын айтады. (Ол – Нәфиғ ибн әл-Харистің азат етілген құлы болатын. Абдуррахман ибн Әбза Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрген сахабалардың бірі еді. Кейін Куфа қаласында өмір сүрді. Ал халифа Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын) оны Хорасан өлкесіне басшы етіп тағайындаған).
  • Омар (Алла оған разы болсын) таңданып:
  • Сен қасиетті Мекке қаласының абыройлы және мәртебелі тұрғындарына басшы етіп, азат етілген құлды қалдырдың ба? – дейді.

Сонда Нәфиғ (Алла оған разы болсын) оның не үшін басшы болғанын түсіндіріп:

  • Өйткені Абдуррахман ибн Әбза – Алла Тағаланың кітабын жақсы оқитын, Құранды жатқа білетін әрі оның үкімдерін терең түсінетін адам. Сондай-ақ ол мұрагерлік (мирас) үкімдерін де жетік меңгерген, – дейді. Мұны естіген Омар (Алла оған разы болсын) оның таңдауының дұрыс екенін түсініп, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан хадисін келтіріп:

إنَّ اللهَ يَرفَعُ بِهَذَا الْكِتَابِ أَقوَامًا وَيَضَعُ بِهِ آخَرِينَ

«Расында, Алла бұл Құран арқылы кейбір адамдардың дәрежесін көтереді, ал кейбіреулерді төмендетеді», – деген.

Үшінші: Құран – қиямет күні шапағатшы

Қиямет күні – әрбір адамның бұл дүниеде жасаған амалдарының таразыға тартылатын ұлы күні. Ол күні адам баласы өзіне жақын болған дүниенің бәрінен үміт үзе бастайды. Мал-мүлік те, атақ-даңқ та, тіпті кейде жақын жандар да көмектесе алмайтын ауыр сәттер болады. Сол кезде адамға шынайы серік болатын – оның бұл дүниеде жасаған ізгі амалдары. Сол ізгі амалдардың ең ұлығы – Алла Тағаланың қасиетті кітабы Құран Кәріммен байланысы. Ал ең үлкен сүйінші Құранды оқып, оны өміріне серік еткен адамға бұл кітап қиямет күні шапағатшы болады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

اقْرَؤُوا القُرْآنَ؛ فَإِنَّهُ يَأْتِي يَوْمَ القِيَامَةِ شَفِيعًا لِأَصْحَابِهِ، اقْرَؤُوا الزَّهْرَاوَيْنِ: البَقَرَةَ وَآلَ عِمْرَانَ، فَإِنَّهُمَا يَأْتِيَانِ يَوْمَ القِيَامَةِ كَأَنَّهُمَا غَمَامَتَانِ أَوْ غَيَايَتَانِ، أَوْ كَأَنَّهُمَا فِرْقَانِ مِنْ طَيْرٍ صَوَافَّ تُحَاجَّانِ عَنْ أَصْحَابِهِمَا. اقْرَؤُوا سُورَةَ البَقَرَةِ؛ فَإِنَّ أَخْذَهَا بَرَكَةٌ، وَتَرْكَهَا حَسْرَةٌ، وَلَا تَسْتَطِيعُهَا البَطَلَةُ

«Құран оқыңдар! Расында, ол Қиямет күні өзін оқығандарға (иелеріне) шапағатшы болып келеді. «Екі жарық жұлдызды» Бақара мен Әли Имран сүрелерін оқыңдар! Өйткені бұл екеуі қиямет күні екі бұлт немесе екі көлеңке сияқты, я болмаса қанат жайып, сап түзеген екі топ құс секілді келіп, өз иелерін қорғайды (араша түседі). Бақара сүресін оқыңдар! Оны ұстану – береке, ал оны тастап қою – өкініш. Оған сиқыршылардың күші жетпейді», – деген (имам Мүслим).

Бұл хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран оқуға үндеп, оны үнемі әдетке айналдыруды бұйырады. Құран өзін оқыған әрі оған амал еткендерге шапағатшы болады. Ол Алланың алдында иесі үшін кешірім сұрап, оны тозақтан құтқарып, жәннатқа кіруіне немесе жәннаттағы дәрежесін көтеруіне себепші болады.

Қасиетті Құран – мұсылман өмірін нұрландыратын, жүректі тірілтетін ұлы кітап. Оны оқу, жаттау және өмірде онымен амал ету – үлкен сауап әрі зор мәртебе. Құранның берекесі тек оны оқыған адамның өзіне ғана емес, ата-анасына да тиеді. Алла Тағала Құранды ұстанған құлына ғана емес, оны тәрбиелеп өсірген ата-анасына да қиямет күні айрықша құрмет көрсетеді. Бұл жайында Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мынадай сүйінші хабар жеткен:

مَنْ قَرَأَ الْقُرْآنَ وَتَعَلَّمَهُ وَعَمِلَ بِهِ أُلْبِسَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ تَاجًا مِنْ نُورٍ ضَوْءُهُ مِثْلُ ضَوْءِ الشَّمْسِ، وَيُكْسَى وَالِدَيْهِ حُلَّتَانِ لَا يَقُومُ بِهِمَا الدُّنْيَا فَيَقُولَانِ: بِمَا كُسِينَا؟ فَيُقَالُ: بِأَخْذِ وَلَدِكُمَا الْقُرْآنَ 

«Кімде-кім Құранды оқып, оны үйреніп әрі соған сай амал етсе, қиямет күні оның ата-анасына нұрдан жасалған тәж кигізіледі. Оның нұры күннің нұрындай сәуле шашып тұрады. Сондай-ақ ата-анасына дүние-мүліктің ешбірі тең келмейтін екі құрметті киім кигізіледі. Сонда олар: «Бізге мұндай құрмет не себепті берілді?» – деп сұрайды. Оларға: «Бұл – балаларыңның Құранды үйреніп, оны ұстанғанының сыйы», – деп айтылады».

 

Қисса

Бірде бір мүмін пенде қайтыс болып, қабірге қойылады. Жалғыздық пен қараңғылық орнаған сәтте, қабір азабын беруші періштелер оның аяқ жағынан келеді. Сол кезде әлгі адамның аяқ жағынан:

  • Сендер үшін мен жақтан бұл адамға зиян беретін жол жоқ, өйткені ол түнде тұрып, менімен (Мүлік сүресін оқып) намаз оқитын еді, – деп жауап береді. Періштелер енді адамның кеуде тұсынан келмекші болады. Сонда Құран сүресі тағы да:
  • Сендер үшін мен жақтан жол жоқ, өйткені ол мені (Мүлік сүресін) оқитын еді, – деп иесін қорғай бастайды. Кейін оның бас жағынан келеді. Сонда (басы): Сендер үшін мен жақтан да жол жоқ, өйткені ол мені (Мүлік сүресін) оқитын еді, – деп жауап береді.

Ибн Масғуд сөзін жалғап: «Бұл сүре – «әл-Мәәниъа» (Қорғаушы), ол қабір азабынан қорғайды. Кімде-кім оны бір түнде оқыса, өте көп әрі игі (таза) амал жасаған болады», – деді».

 

Құрметті жамағат!

Құранда оны оқыған және оған амал еткен адам үшін жақсылық пен береке бар. Ол – Алланың (жерге түсірілген) үзілмейтін арқаны. Құран адам баласына – жан тыныштығы және қиямет күні шапағатшы. Адам баласы бұл фәни жалғанда түрлі сынақтармен бетпе-бет келеді. Кейде көңілімізді мұң басып, ертеңгі күнге деген уайым мен өткен іске деген өкініш жүрегімізді қатайтып жібереді. Мұндай сәттерде адам баласы жан тыныштығын сыртқы дүниеден емес, өзін Жаратушы Иесімен байланыстыратын шынайы дұғадан іздеуі тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге тек құлшылықты ғана емес, сонымен бірге жан жарасын емдеудің де жолын көрсетіп кеткен. Соның бірі – Алланың көркем есімдерін арашаға сала отырып, Қасиетті Құранды жүректің көктеміне айналдыруды сұрайтын ерекше дұға. Бұл хадис – тағдырға ризашылық танытудың, Аллаға шынайы құл болудың және Құранның нұры арқылы қайғыдан арылудың асқақ үлгісі. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде

مَا أَصَابَ أَحَدًا قَطُّ هَمٌّ وَلَا حُزْنٌ، فَقَالَ: اللَّهُمَّ إِنِّي عَبْدُكَ، وَابْنُ عَبْدِكَ، وَابْنُ أَمَتِكَ، نَاصِيَتِي بِيَدِكَ، مَاضٍ فِيَّ حُكْمُكَ، عَدْلٌ فِيَّ قَضَاؤُكَ، أَسْأَلُكَ بِكُلِّ اسْمٍ هُوَ لَكَ، سَمَّيْتَ بِهِ نَفْسَكَ، أَوْ عَلَّمْتَهُ أَحَدًا مِنْ خَلْقِكَ، أَوْ أَنْزَلْتَهُ فِي كِتَابِكَ، أَوِ اسْتَأْثَرْتَ بِهِ فِي عِلْمِ الغَيْبِ عِنْدَكَ، أَنْ تَجْعَلَ القُرْآنَ رَبِيعَ قَلْبِي، وَنُورَ صَدْرِي، وَجَلَاءَ حُزْنِي، وَذَهَابَ هَمِّي؛ إِلَّا أَذْهَبَ اللَّهُ هَمَّهُ وَحُزْنَهُ، وَأَبْدَلَهُ مَكَانَهُ فَرَجًا .قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَلَا نَتَعَلَّمُهَا؟ قَالَ: بَلَى، يَنْبَغِي لِمَنْ سَمِعَهَا أَنْ يَتَعَلَّمَهَا

«Кімде-кімге бір уайым немесе қайғы келгенде: «Уа, Алла Тағала! Мен Сенің құлыңмын, әрі Сенің құлыңның ұлымын әрі Сенің күңіңнің ұлымын. Менің тағдырым Сенің құзырыңда. Сенің үкімің маған жүріп тұр, маған қатысты шығарған тағдырың (үкімің) әділ. Сенің Өзіңді атаған, Кітабыңда түсірген, жаратқандарыңның біріне үйреткен немесе Өзіңнің ғайып іліміңде сақтаған барлық есімдеріңмен Сенен: Құранды жүрегімнің көктемі, көкірегімнің нұры, қайғымды сейілтуші және уайымымды кетіруші етуіңді сұраймын!» – деп айтса, Алла Тағала оның уайымы мен қайғысын міндетті түрде кетіреді және оның орнына қуаныш (жеңілдік) береді».

Сонда сахабалар:

  • «Уа, Алланың Елшісі! Бұл сөздерді үйреніп (жаттап) алсақ бола ма?» – деп сұрайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрине, мұны естіген әрбір адамға оны үйрену (жаттау) лайықты болады», – деп жауап береді.

Алла Тағала баршамызға қасиетті Құранды құрметтеп, оны жүрегімізге орнықтырып, өмірімізге жолбасшы етуімізді нәсіп етсін. Құранды жүрегіміздің көктемі, көкірегіміздің нұры, қайғымызды сейілтуші әрі уайымымызды кетіруші етсін. Қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл алып, жүрегімізді Құранның нұрымен нұрландырғай!