Ақтөбе: Тұңғыш рет Бекжан қари шәкіртіне ижаза берді 2342

Ақтөбе: Тұңғыш рет Бекжан қари шәкіртіне ижаза берді

06 қаңтар 2023 4911 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде тарихи оқиға орын алып, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Ақжар» қайырымдылық мекемесінің (қарилар орталығы) директоры, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Бекжан қари Әлденовтың шәкіртіне ижаза беру рәсімі салтанатты түрде өтті.

Аталған шараға облыс, қала, аудан имамдары мен ҚМДБ ақсақалдар кеңесінің мүшелері, мешіт жамағаты т.б қатысты.

«Маған Нұрислам Ғабитұлы келіп Құранды басынан соңына дейін Хафс ‘ан ‘Асим риуаяты, әш-Шатыйбия жолы бойынша толық Құранды жатқа оқып берді. Алланың жәрдемімен толық оқып аяқтаған соң менен ижаза беруімді өтінді. Өз кезегінде мен оған қашан және қай жерде болмасын оқуға әрі үйретуге рұқсат беретін осы сала өкілдерінің шарттарына сай (ижаза) бердім. Сондай-ақ мен оған жоғарыда айтылған риуаятпен Құранды құрметті шейх Халид Хасан Рашид Дәруишаға оқып бергенімді жеткіздім. Ал ол кісі Алла елшісіне (с.ғ.с) дейін жалғасатын иснәдпен өзінің екі ұстазы шейх Мұхаммед Фәһд Харуф пен шейх Мустафа Әқсауи әл-‘интәбиден ижаза алған.

Алла Тағала бұл рұқсатнаманы ынталы алғырларға жеткізсін әрі оларға көркем мінез-құлық беріп олардан қабыл алсын! Әмин!», -деді ұстазы Бекжан қари Әлденов.

«Ижаза» – Құран оқуға рұқсат беретін куәлік. Сонау Жәбірейіл (а.с.) періштеден Пайғамбарымызға (с.ғ.с), одан ардақты сахабаларға, олардан табиғиндерге, сөйтіп-сөйтіп Құран ілімін меңгерген ғұлама-хафиздардың тізбегімен келе жатқан 10 қырағат бар. Сол он қырағаттың ішінде Орта Азияда Асим қырағатының Хафс риуаяты кеңінен қолданылады.

Құран – адамзатты екі өмірдің бақытына жетелейтін ең соңғы иләһи кітап. 14 ғасырдан бері әріпті былай қойғанда, үтір-нүктесіне дейін өзгермеген Алла Тағаланың уахиі. «Хижр» сүресінде Алла Тағала: «Шын мәнінде Біз зікірді (Құранды) түсірдік. Енді оны өзіміз сақтаймыз»,- дейді. Ал қазір біз бұл иләһи кітаптың Алла уәде еткендей, сан түрлі жолдармен сақталып отырғанын көзбен көріп келеміз.

«Исра» сүресінде Алла Тағала: «Шын мәнінде бұл Құран ең тура жолға бастайды. Ізгі амалдарды жасаған мүміндерді үлкен сауаппен сүйіншілейді» деп, Құранның адам баласы үшін мәнін мен маңызын айтып өтеді. Демек, Құран мұсылманды ең дұрыс, ең пайдалы, ең бақытты өмірге жетелейді. Құранмен өмір сүрген адамды Алла Тағала екі өмірде қор етпейді. Сонымен қатар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құран аяттарын неғұрлым көп жаттаған адамның жұмақта дәрежесінің соншалықты жоғарылайтынын айтады.
Абдуллаһ ибн Амр ибн ал – Асъ риуаят еткен хадисте: «Құран иесіне (Құран оқып жаттаған адам) былай делінеді: Оқы және жоғарыла (төрлет), оқы, дүниеде қалай оқыған болсаң дәл солай оқы, расында, сенің орның ең ақырғы оқылатын аятта».

Айта кетсек, салтанатты шарада Қабат Нұрислам қари Ғабитұлына облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Мұхаммедисмаил Шадман жамағат тарапынан қариға сый ретінде Ұмраға жолдама табыстады.

Қабат Нұрислам қари Ғабитұлы – 2003 жылы дүние келген. Түркия мемлекеті Стамбул қаласындағы «Cennet Kur'an kursu»-ның 2019-2021 жылғы түлегі. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы, «Ақжар» қайырымдылық мекемесінің (қарилар орталығы) шәкірті. 

Діни білімін жетілдіріп, барлық қиындықты еңсеріп, жоғары дәрежеге жеткен Нұрислам қари Ғабитұлы мен ұстазы Бекжан қари Аманкелдіұлын зор табысымен құттықтаймыз! Әрдайым Алланың қолдауы болып, игі қадамына нұр жаусын!



Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі