ҚАСИЕТТІ МИҒРАЖ ТҮНІНДЕГІ ҚҰЛШЫЛЫҚ ПЕН ДҰҒАЛАРЫМЫЗ ҚАБЫЛ БОЛҒАЙ 1363

ҚАСИЕТТІ МИҒРАЖ ТҮНІНДЕГІ ҚҰЛШЫЛЫҚ ПЕН ДҰҒАЛАРЫМЫЗ ҚАБЫЛ БОЛҒАЙ

28 ақпан 2022 93 Оқу 1 минут

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти


Аса Қамқор ерекше Мейірімді

Алланың атымен бастаймын!


Құрметті бауырлар!


Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Алланың көктер мен жерді жаратқан күні жазған үкімі бойынша айлардың саны – он екі, олардың төртеуі – харам айлар. Міне, адамзаттың игілігі үшін ең дұрыс әрі мінсіз жүйе – осы. Ендеше, бұл айларда өз-өздеріңе қиянат жасамаңдар» («Тәубе» сүресі, 36-аят) деп ескертеді. Осы төрт ұлық айлардың бірі – Ережеп. Ал Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түн, яғни Ислам тарихында орын алған маңызды оқиға – Миғраж.

Осы түнді Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Мұхаммед, Алла Тағала ешкімге нәсіп етпеген шарапатты саған нәсіп етпек. Сені құзырына шақырып жатыр», – дейді. Осыдан кейін Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) оны Харам мешітінен Ақса мешітіне бір сәтте алып келеді. Бұл туралы «Исра» сүресінің 1-аятында: «Құлын (Мұхаммедті) бір түнде Харам мешітінен айналасына Өзіміз құт-береке дарытқан Ақса мешітіне кейбір маңызды белгілеріміз бен дәлелдерімізді көрсету үшін алып барған Алла – мінсіз, пәк. Ол шәк-шүбәсіз бәрін естуші, бәрін де көруші», – деп баяндалады.

Одан кейін Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түннің бір уақытында Ақса мешітінен аспандағы Сидратул-мүнтахаға көтеріліп миғраж жасаған.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Миғраж түнінде көзіне жас алып, өзіне ілескен барлық мұсылмандар үшін көп дұға-тілек жасады, оларды ғафу етуді сұрады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Раббым! Мені миғраж мұғжизасымен нығметтендірдің. Үмметіме де осындай бір нығмет сұраймын», – деп дұға жасағанда, Алла Тағала оны: «Намаз – мүміндердің миғражы», – деп қуантқан.


Қадірлі жамағат!


Алла Тағала Миғраж түні мен онда болып өткен ғажайып оқиғалардың берекетімен иманымызды баянды етсін. Қасиетті айлар мен күндерде Жаратқан Иеміз күнәларымызды кешіп, екі дүниенің бақытын берсін. Қиямет күні Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағаты баршамызға нәсіп болсын!

Аса Мейірімді Алла Тағала Ережеп пен Шағбан айларында дүние және дін істерімізге береке беріп, Рамазан айына аман-есен жеткізсін! Біздің миғражымыз болған намаздарымызда еліміздің, халқымыздың амандығын және әлем тыныштығын тілейік! Қасиетті Миғраж түніндегі құлшылық пен дұғаларымыз қабыл болғай. Әмин!