Қала имамы ауданда насихат жүргізді
Шалқар ауданына Ақтөбе облысы, Ақжар – 2 аудандық «Әзіреті Біләл» мешітінің Бас имамы Нұрлыбек Такеев арнайы келіп, жамағатқа уағыз – насихат айтты.
Іс – сапар барысында Ақтөбе облысы, Ақжар – 2 аудандық «Әзіреті Біләл» мешітінің Бас имамы Нұрлыбек Такеев Шалқар ауданының мешіттерінің тыныс - тіршілігімен танысты.
Сонымен қатар, құптан намазынан кейін Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің асханасында жиналған жамағатқа «Білім алудың артықшылықтары мен маңызы», «Мұсылмандық сипатқа лайық болу» тақырыптарында насихат айтты.
«Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Расында ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену. Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадистерінде де ілім жайында аз айтылмаған. Тіпті, сахабаларына ілім алуды өзі бастап үйреткендігін тарихтан білеміз.Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ білім турасында машһур хадисте «Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз» - деп айтқан» - деді Бас имам Нұрлыбек Такеев.
Одан өзге, уағыз – насихат соңында жамағат тарапынан сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар берілді.