Қайырымдылық Марафоны: Ақтөбеде 9 тонна азық-түлік таратылды 461

Қайырымдылық Марафоны: Ақтөбеде 9 тонна азық-түлік таратылды

15 қаңтар 2021 234 Оқу 1 минут

Бүгін ҚМДБ «Зекет» қорының ұйымдастыруымен «Қайырымдылық жаршысы» атты республикалық онлайн марафоны өтті.

Онлайн марафон Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің алғы сөзімен және ақ батасымен басталды. Сондай-ақ, облыс бас имамдары онлайн режимде қатысып, Бас мүфти бастамасымен қолға алынған қайырымдылық акциясына қатысты дайындық жұмысы жайлы баяндады.

Онлайн шарада Бас мүфти: «Мен жуырда елордада өткен кеңейтілген Төралқа мәжілісінде барша дін қызметкеріне арналған бағдарламалық баяндамамда 2021 жылы атқарылатын жұмыстар бойынша басты 7 бағытқа басымдық берілетінін мәлімдедім. 7 бағыт бойынша жүзеге асатын жобаларымыз – ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат, қайырымдылық, оқу-ағарту және кадрлық әлеует, рухани тәрбие Ихсан ілімі, дін мен дәстүр, жат діни ағымдармен жұмыс. Жаңа 2021 жылды республикалық деңгейдегі игі істен бастап, халықтың алғысына бөленсек деген ниетіміз болды. Міне, бүгін елордадан бастау алған қайырымдылық марафоны барлық өңірде бір мезетте жүзеге асты. Осы іс-шараға атсалысқан барша дін қызметкері мен жомарт жандарға айрықша алғысымды жеткіземін. Алла разы болсын!», - деді.

«Тайқазан» жобасының аясында ұйымдастырылған ҚМДБ «Қайырымдылық жаршысы» онлайн марафонына Ақтөбе өкілдігі де өз үлесін қосты. Нақтырақ айтқанда, Ақтөбе облысындағы 23 мешітте 630 мұқтаж отбасыға 9 тонна 319 келі азық-түлік себеттері үлестірілді. Оған демеушілердің көмегімен 3 миллионнан астам қаражат жұмсалды. Карантин шараларына байланысты азық-түліктер еріктілерді жұмылдыру арқылы үйлеріне көлікпен жеткізіп берілді.


Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

Баспасөз қызметі