АДАМДАРДЫ ЖАҚСЫЛЫҚҚА ШАҚЫРЫП, ЖАМАНДЫҚТАН ҚАЙТАРУ 5077

АДАМДАРДЫ ЖАҚСЫЛЫҚҚА ШАҚЫРЫП, ЖАМАНДЫҚТАН ҚАЙТАРУ

12 желтоқсан 2025 31 Оқу 1 минут

Асыл дініміздің негізгі мақсаты – адам баласының жүрегін тазарту, қоғамды ізгілікке бастау. Сол ізгілікке апарар жолдардың ең маңыздыларының бірі – жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю қағидаты. Бұл – ұлттың рухани тұтастығын бекемдейтін биік жауапкершілік. Адам баласы бір-бірін жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйса, қоғамда қараңғылық пен надандық сейіліп, жүректе мейірім мен имандылық салтанат құрады. Сондықтан да игілікке шақыру – өткеннен қалған аманат, ертеңге жол нұсқайтын шамшырақ іспетті. Абай атамыз өзінің өлеңінде:

Жамандық көрсең нәфрәтлі,

Суытып көңіл тыйсаңыз.

Жақсылық көрсең ғибрәтлі,

Оны ойға жисаңыз, – деп жамандық көрсең жиреніп, оны қайтар. Ал жақсылық көрсең үйреніп, одан ғибрат ал деген алтын сөздерін арнаған.     Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَلْتَكُن مِّنكُمْ أُمَّةٌ يَدْعُونَ إِلَى الْخَيْرِ وَيَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ وَأُولَئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ

«Араларыңда ізгілікке шақырып, жақсылықты бұйыратын һәм жамандықтан тыйатын бір қауым болсын. Міне, солар азаптан құтылып, мақсат-мұратына жететіндер», – деген («Әли Имран» сүресі, 104-аят).

Аятта адамдардың арасында жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын бір топ болсын деп әмір етілген. Жақсылыққа, туралыққа шақыратын адамның өзі әуелі осы қасиеттерді жүріс-тұрысымен, мәдениетімен дәлелдеп, адасқандарға бағыт-бағдар бере білетін темірқазықтай болуы тиіс. Егер қоғамда жамандықтан тыйатын көкірек көзі ояу тұлғалар болмаса, ондай қоғамның құлдырап шөгуі заңды. Адами құндылықтар аяққа тапталған қоғамның алысқа ұзап бара алмайтынына тарих куә.

Алла Тағала жақсылықты кең жайып, жамандықтан тыйғандардың мерейін үстем етсе, Оның әмірінен аттап, адасушылыққа бой ұрып, азып-тозған қоғамды жермен жексен еткен. Бұл – Алланың бұлжымайтын заңдылығы. Алла Тағала қасиетті Құранда:

فَلَمَّا نَسُوا مَا ذُكِّرُوا بِهِ أَنجَيْنَا الَّذِينَ يَنْهَوْنَ عَنِ السُّوءِ وَأَخَذْنَا الَّذِينَ ظَلَمُوا بِعَذَابٍ بَئِيسٍ بِمَا كَانُوا يَفْسُقُونَ

«Сөйтіп, өздеріне айтылған мұншама ескертулер мен насихатты елемей ұмыт қалдырғанда, оларды жамандықтан тыюға тырысқандарды аман алып қалдық та, өз-өздерінің обалына қалғандарды иләһи үкімдерге бағынбай азғындықта шектен шыққандықтан, ауыр азапқа душар еттік», – деген («Ағраф» сүресі, 165-аят).

Бірінші: жақсылыққа шақыру – мұсылманның ұлы міндеті

Айналаға мейір төгіп, жақсылық жасау бұл – нағыз адами қасиет. Бабалырымыз: «жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды», – деп тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтып кеткен.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінің соңына дейін адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюмен болды. Ол бұл қастерлі міндетті еш кемшіліксіз орындады. Бүкіл әлемге рақым алып келген Ұлы Елші имансыздықтың қараңғы қақпасындағылардың имандылықтың нұрлы даңғылына шығуы үшін бір сәт болсын тыным таппай бар күшін жұмсады. Бір адам болса да оған ақиқатты насихаттамайынша көңілі жай таппай, мазасыз күй кешетін. Тіпті, тамақ ішіп-жеуге зауқы соқпайтын.

Қай жерде көпшілік жиналса, сол жерге барып, адамдарды хақ жолға шақыратын. Бұл жолда талай мазаққа ұшырап, қорланса да еш мойымады. Оның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарды құтқарсам деген алып-ұшып, толқыған көңілін басу үшін Алла Тағала қасиетті Құранда:

فَلَعَلَّكَ بَاخِعٌ نَّفْسَكَ عَلَى آثَارِهِمْ إِن لَّمْ يُؤْمِنُوا بِهَذَا الْحَدِيثِ أَسَفًا

«(Уа, Мұхаммед!) Байқауымызша, сен егер ол мүшріктер бұл сөзге (яғни, Құранға) сенбесе, олардың соңынан уайым шегіп, өзіңмен-өзің таусыла жаздайсың», – деген («Кәһф» сүресі, 6-аят).

Басқа аятта Алла Тағала:

لَعَلَّكَ بَاخِعٌ نَّفْسَكَ أَلَّا يَكُونُوا مُؤْمِنِينَ

«(Уа, Мұхаммед!) Байқауымызша, сен олар иман келтірмей жатыр деп уайымға салынып, өзіңді жеп тауыса жаздайсың», – деген («Шұғара» сүресі, 3-аят).

Алла Тағала қасиетті Құранда:

كُنتُمْ خَيْرَ أُمَّةٍ أُخْرِجَتْ لِلنَّاسِ تَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَتَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ وَتُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ

«(Уа, Мұхаммедтің үмбеті!) Сендер (Раббыларыңның қалауымен) күллі адамзаттың игілігі үшін жарыққа шығарылған (жаралған) ең қайырлы үмбетсіңдер. Үнемі жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыясыңдар, Аллаға кәміл сенесіңдер», – деді («Әли-Имран» сүресі, 110-аят).

Аятта қайырлы үмбет болудың шарты – «жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю». Міне, осы міндет орындалған кезде үмбет әрқашан да басқа адамдардан артық, қайырлы болып, бүкіл адамзатқа игілік пен адалдық жолында жол көрсетеді.

Атақты тәпсірші, куфалық Әбул-Нәзир Мұхаммад әл-Кәләби осы аят туралы: «Бұл аят – ізгілік тұрғысынан алғанда, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетінің орны айрықша екенін баяндайды. Өйткені аятта бұл үмбеттің, еш шүбәсіз, басқа үмбеттерден қайырлы (жақсырақ) екенін білдіретін айқын дәлел бар. Мұны басқа үмбеттермен салыстырғанда, алғашқы мұсылмандар мен Ақырзаман (бүгінгі) мұсылмандар арасындағы ұқсастықты дәл көрсетеді. Сондықтан ізгілік тұрғысынан сахабалардың басқа мұсылмандардан артықшылығы әрі өзіне тән өзгешелігі болды», – деген.

Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын): «Жақсы мінез – жылы жүз, жылы сөз, жақсылық жасау мен жамандық жасамаудан тұрады», – деген екен.

 

Қисса

Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) Шам өлкесіне кеткен досы жайлы Шам жақтан келген бір адамнан:

  • Досым не істеп жүр? – деп сұрайды.
  • Ол қазір шайтанның досы ғой. Үлкен күнәларды жасауға кіріскен. Тіпті ішімдік те ішетін болды, – деп жауап береді келген кісі. Омар (Алла оған разы болсын) оған:
  • Кері қайтатын кезіңде маған хабар бер, – дейді.

Әлгі кісі Шамға қайтатын кезінде сахаба Омар (Алла оған разы болсын) досына былай деп Құран аятынан хат жазады: «Бисмилләһир рахманир рахим. Һа-Мим. Кітаптың түсірілуі өте үстем, аса білуші Алла тарапынан. Ол күнәны жарылқаушы, тәубені қабыл етуші, азабы да тым қатты және кеңшілік иесі. Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Әрі қайтар орын сол жақ» («Ғафир» сүресі, 1-3-аяттар).

Хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын) жазған хаты досына жетіп, оны оқыған кезде, ол жылап алады да: «Алла рас айтады. Омар маған насихат жасады», – деп күнәсынан қайтып, тәубеге келген екен.

Екінші: жамандықтан тыю – ізгі қоғам негізі

Қазақ даналығында «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі» деп бекер айтпаған. Себебі жамандыққа қарсы тұру – жүректің қайсарлығын, рухтың биіктігін, имандылықтың айқындылығын көрсетеді. Қоғамды ірітетін нәрсе – үнсіз жасалған күнә, көре тұра көнген қателік. Ал қоғамды көтеретін күш – жамандыққа тосқауыл қоя білген жанның әділ ұстанымы.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

مَن رَأَى مِنْكُم مُنْكَرًا فَلْيُغَيِّرْهُ بِيَدِهِ، فَإِنْ لَمْ يَسْتَطِعْ فَبِلِسَانِهِ، فَإِنْ لَمْ يَسْتَطِعْ فَبِقَلْبِهِ، وَذَلِكَ أَضْعَفُ الإِيمَانِ

«Сендердің араларыңнан кім бір жамандықты көрсе, оны қолымен түзетсін. Егер оған шамасы келмесе, онда сөзімен түзетсін. Ал оған да шамасы келмесе, жүрегімен жек көрсін. Бұл – иманның ең әлсіз дәрежесі», – деген (имам Мүслим).

Хадисте иманның ең әлсізі дегені – егер бір адам қандай да бір жағымсыз, жаман істі көргенде, соған іс жүзінде немесе сөз жүзінде қарсы тұра алмаған күннің өзінде, сол істі іштей жек көріп, жақтырмайтын болса, оның жүрегінде аз да болса имандылығы, ар-ожданы ояу деген сөз. Иманның ең әлсізі деген сол. Ал егер керісінше, көз алдында орын алып жатқан жағымсыз істер мен күнәларға іс жүзінде немесе сөз жүзінде қарсы тұрмаумен қатар, тіпті іштей болса да наразылық танытпаса, ондай адамда имандылық пен ар-ождан бар ма, жоқ па деген заңды сұрақ туындайды. Міне, осыдан-ақ жүректегі иманның адамның ар-ожданының, сол арқылы бүкіл қоғамның сақшысы екенін түсінуге болады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

إِنَّ النَّاسَ إِذَا رَأَوُا الْمُنْكَرَ فَلَمْ يُغَيِّرُوهُ، أَوْشَكَ أَنْ يَعُمَّهُمُ اللَّهُ بِعِقَابٍ مِنْ عِنْدِهِ

«Адамдар бір жамандықты көріп тұрып, оны түзетуге ұмтылмаса, Алла оларды Өз тарапынан келетін бір жалпы азапқа душар етуі әбден мүмкін», – деген (имам Әбу Дәуід).

Бұл хадис қоғамдағы бейқамдықтың қаншалықты қауіпті екенін білдіретін зор ескертпе. Егер әркім «маған қатысы жоқ» деп бұрылып кете берсе, күнә көбейіп, қайғы-қасірет бүкіл қоғамға тарайды.

Тағы бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لَتَأْمُرُنَّ بِالْمَعْرُوفِ وَلَتَنْهَوُنَّ عَنِ الْمُنْكَرِ، أَوْ لَيُوشِكَنَّ اللهُ أَنْ يَبْعَثَ عَلَيْكُمْ عِقَابًا مِنْهُ، ثُمَّ تَدْعُونَهُ فَلَا يُسْتَجَابُ لَكُمْ

«Жаным Оның иелігінде болған Алланың атымен ант етемін. Сендер міндетті түрде жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюға тиіссіңдер. Әйтпеген жағдайда Алла Тағала төбелеріңе Өзінің тарапынан бір азап жіберуі әбден мүмкін. Сонда сендер Оған дұға етесіңдер, бірақ (сол кезде) дұғаларың қабыл болмайды», – деді (имам Термизи).

Бұл сөздер үлкен жауапкершіліктің үндеуі. Жамандықты тоқтатпау оның жайылуына жол беру деген сөз. Ал көптің ішіне тараған кеселден біреудің өзі ғана аман қаламын деуі тек қана бос үміт.

Мұсылман адам жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыймаса, мойнындағы бұл міндетін тиісінше атқармаса, жамандықтар мен әділетсіздіктер жер бетінде жайыла берері анық. Мұның соңы не болмақ? Жамандық жұқпалы індет секілді, әуелі өзі тұрған жеріне уын шашып, мұнан соң орасан зор кесірін тигізеді. Осылайша өзге жұртқа тез тарап, лезде-ақ зардабын татқызады. Жазушы Мұхтар Әуезов: «Маңына ұрық шашпаған жақсылық, жапанда жалғыз өскен бәйтерекше тұл болады да қалады», – деген.

Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَالْمُؤْمِنُونَ وَالْمُؤْمِنَاتُ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاءُ بَعْضٍ يَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ

«Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-біріне шына жанашыр дос. Олар жақсылық жасауды бұйырып, жамандық атаулыдан тыйады...», – деген («Тәубе» сүресі, 71-аят).

Келесі бір аятта Алла Тағала:

لُعِنَ الَّذِينَ كَفَرُوا مِن بَنِي إِسْرَائِيلَ عَلَى لِسَانِ دَاوُودَ وَعِيسَى ابْنِ مَرْيَمَ ذَلِكَ بِمَا عَصَوا وَّكَانُوا يَعْتَدُونَ. كَانُوا لَا يَتَنَاهَوْنَ عَن مُّنكَرٍ فَعَلُوهُ لَبِئْسَ مَا كَانُوا يَفْعَلُونَ

«Исрайыл ұрпақтарынан күпірлік қылғандар Дәуіт пен Мәриямұлы Исаның тілімен лағынеттелді. Өйткені олар Аллаға қарсы келіп, азғындықта шектен шығатын еді. Олар қандай да бір жаман іс істегенде, бір-бірін одан тыймайтын еді. Олардың сол істері қандай жаман еді!» – деген («Мәидә» сүресі, 78-79-аяттар).

Бұл аяттар – үнсіздіктің зиянын, жамандыққа көз жұму дегеннің үлкен қасірет екенін көрсетеді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

مَثَلُ القَائِمِ عَلَى حُدُودِ اللَّهِ وَالوَاقِعِ فِيها، كَمَثَلِ قَوْمٍ اسْتَهَمُوا عَلَى سَفِينَةٍ، فَصَارَ بَعْضُهُمْ أعْلاها وبَعْضُهُمْ أسْفَلَها، وَ كَانَ الَّذِينَ فِي أسْفَلِها إِذَا اسْتَقَوْا مِنَ المَاءِ مَرُّوا عَلَى مَنْ فَوْقَهُمْ، فَقَالُوا: لَوْ أَنَّا خَرَقْنَا فِي نَصِيبِنَا خَرْقًا وَلَمْ نُؤْذِ مَن فَوْقَنا، فإنْ تَرَكُوهُمْ وَمَا أَرَادُوا هَلَكُوا جَمِيعًا، وإِنْ أخَذُوا عَلَى أيْدِيهِمْ نَجَوا، ونَجَوْا جَمِيعًا

«Алланың белгілеген шекараларын қатаң сақтайтын адам мен оларды бұзып, немқұрайлы қарайтын адамның мысалы, бейне бір кемеге мінер алдында жеребе тартқан қауым сынды. Жеребе нәтижесі бойынша, олардың бір бөлігі кеменің үстіңгі қабатына, екінші бөлігі төменгі қабатына орналасады. Төмендегілер (ауыз судың қоры жоғарыда болғандықтан) су алу үшін  жоғарыдағылардың тұсынан өтетін еді. (Сөйтіп олар су алуға барған сайын жоғары қабаттағы жолдастарына қолайсыздық тудыратындарын ескеріп) өзара: «Осы біз жоғарыдағыларды мазалай бергенше, өзіміздің отырған жерімізден қабырғаны тесіп, су шығарып алсақ қайтеді?» – деген тоқтамға келеді. Егер жоғарыдағылар оларды өз білгенімен қоя берсе, барлығы бірдей суға кетіп құритыны даусыз. Ал егер төмендегілерге тоқтау айтып (кемені тескізбесе), өздері де, өзгелер де суға кетуден аман қалады», – деген (имам Бұхари).

Бұл хадис қоғамның болмысын дәл сипаттайтын мысал. Егер әркім өз білгенін істеп, жамандыққа жол берсе, бүкіл қауым бірге зиян шегеді. Ал бір-біріне ескерту жасап, жамандыққа тосқауыл болса, бәрі бірге аман қалады.

Бүгінгі таңда мемлекетіміз де қоғамдағы тәртіп пен әділдікті күшейтуге ерекше көңіл бөліп отыр. Президентіміз жариялаған заң мен тәртіпті күшейту жөніндегі концепция – қоғамды жамандықтан қорғауға бағытталған маңызды бастама. Бұл – дініміздегі «жамандықтан тыю» қағидатымен толық үйлесетін құндылық. Себебі заңды сақтау, қоғамдық тәртіпке мойынсұну, бір-бірінің құқығын қорғау – мұсылмандықтың айқын белгісі.

Осы ретте әрбір азамат заңға бағыну арқылы тек мемлекетке емес, Алланың алдында өз жауапкершілігін өтейді. Жемқорлық, тәртіпсіздік, құқық бұзу – қоғамды бұзатын қауіп-қатерлер. Бұларға қарсы тұру – иманның талабы. Сондықтан Президент бастамалары аясында күшейтіліп жатқан заң талаптарын орындау, қоғамда тәртіп орнатуға үлес қосу, біздің діни әрі азаматтық міндетіміз.

Үшінші: жақсылыққа шақыру – сауапты іс

Жақсылық жасау – адам болмысына Алла дарытқан ең асыл қасиеттердің бірі. Ол қасиет қаншалық күшейсе, адамның мінезі көркейіп, айналасына шапағаты артады. Өзгені ізгілікке шақыру – сол шапағатты бөлісу, адам жүрегіне сенім мен қуат дарыту. Әрбір игі іс – қоғамды көркейтетін кірпіш, ал өзгеге жақсылықты үйрету, мыңдаған сауапқа жол ашады. Өйткені жақсылыққа үндеген жан адамды тек бір амалға емес, дұрыс жолға, адал өмірге, берекелі тіршілікке шақырады. Жақсының сөзі – жанға жылу, жүрекке демеу. Сондықтан жақсылыққа шақыру – өзіңнің ғана емес, бүкіл қоғамның түзелуіне себеп болатын ең биік аманат.

Бірде Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Алла Тағаладан: «Уа, Раббым, дін бауырын теріс жолдан қайтарып, оған жақсылық етуді үйретіп, жамандықтан қашуды түсіндірген адамның құзырындағы өтеуі не болады?» – деп сұрапты. Сонда аса мейірімді Раббымыз: «Оған бүтін кәлималарым мен бір жылдық ғибадат сауабын жазамын және оған азап беруден ұяламын», – деп жауап берген екен.

 

Қисса

Бір кісі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп:

– Уа, Алланың Елшісі! Жолға шығатын жағдайым болмай қалды, маған бір мінетін көлік тауып берсеңіз, – деді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған:

 –Мінгізетін көлік болмай тұр. Бірақ пәленшеге бар, мүмкін ол саған тауып берер, – деді.

Әлгі адам айтылған кісіге барып, ол оған көлік берді. Сосын қайтадан Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, болған жағдайды хабарлады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді:

مَنْ دَلَّ عَلَى خَيْرٍ فَلَهُ مِثْلُ أَجْرِ فَاعِلِهِ

«Кім бір жақсылыққа жол көрсетсе, сол жақсылықты істеген адаммен тең сауап алады», – деді (имам Мүслим).

 

Құрметті жамағат!

Әрбіріміздің іс-әрекеттеріміз, айтқан сөзіміз, жасаған таңдауымыз айналамызға әсер ететіндігі даусыз. Егер біз жақсылықты көбейтіп, жамандыққа бөгет бола білсек, әр үйдің түтіні түзу шығып, әрбір шаңырақта тыныштық орнайды. Жамандыққа қарсы тік тұрып, жақсылықты қорғау – бүгінгі күннің де, ертеңгі ұрпақтың да берекесін қамтамасыз ететін ең маңызды іс. Шәкәрім бабамыз: «Мен тарыдай жақсылық қылсам, таудай зұлымдығымды жасырған қыламын. Сөйтіп жүріп, адам атануға ұялмаймын», – деген.

Біз – бір кемеде отырған қоғамбыз. Біріміздің амандығымыз – бәріміздің амандығымыз. Біреудің түзелуіне себеп болу – өз жүрегіміздің де түзелуі. Бір игі сөз, дұрыс бағыт бүтін тағдырды өзгертіп, қоғамды көркейте алады. Ендеше, әрбіріміз жақсылыққа жаршы, жамандыққа тосқауыл бола білейік. Өмірімізді де, сөзімізді де, ісімізді де игілікке арнап, өзімізді де, өзгелерді де ізгілікке шақырып жүрейік. Алла Тағала баршамызды жақсылықтың жаршысы, ізгі қоғам жанашыры, имандылықтың қорғаушысы болған пенделерінің қатарына қоссын! Әмин.