АДАЛДЫҚ – МҰСЫЛМАН БОЛМЫСЫНЫҢ АЙНАСЫ
Алла Тағала адамзатты жаратқанда оның бойына ең асыл қасиет адалдықты аманат етіп берді. Адалдық – жан дүниенің мөлдір тазалығы, іс пен сөздің айнымас бірлігі және әрбір қадамымызды Жаратушы Иеміз көріп тұр деген биік жауапкершілік.
Мұсылманның шынайы келбеті мен имандылық дәрежесі оның іс-әрекетіндегі мүлтіксіз адалдығымен өлшенеді. Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық келмей тұрып-ақ, тіпті оған сенбегендердің өзі оның адалдығына бас иіп, Оны «Әл-Әмин» (сенімді, адал) деп атағаны біз үшін ең үлкен ғибрат.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
أَدِّ الْأَمَانَةَ إِلَى مَنِ ائْتَمَنَكَ، وَلَا تَخُنْ مَنْ خَانَكَ
«Саған сенім білдіргеннің аманатын тапсыр. Біреу саған қиянат жасаған болса, сен оған қиянат жасама», – деген (имам Әбу Дәуіт).
Адалдық – имандылықтың өзегі, өмірлік ұстаным және қоғамның мызғымас тірегі ретінде қандай маңызға ие? Абай мен Шәкәрімдей даналарымыз бұл қасиетті қалай дәріптеген? Осы тақырыптардың төңірегінде ой өрбітіп, тарқатар болсақ:
Бірінші: адалдық – имандылықтың өзегі
Адам баласының рухани кемелдігі мен қоғамдағы беделі оның бойындағы адалдық қасиетімен өлшенеді. Адалдық тек шындықты айту ғана емес, ол – ішкі дүние мен сыртқы бейненің, сөз бен істің бір жерден шығуы. Хакім Абай атамыздың 17-ші қара сөзінде: «Осы үшеуің (қайрат, ақыл, жүрек) бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол», – деп айтылғанындай, осы үшеуі бойында тоғысқан адам ғана нағыз адалдықтың үлгісін көрсете алады.
Адам баласы ең алдымен Құдайға адал болуы тиіс. Жаратушыға адалдық – бұл адамның өз болмысына, жаратылыс мақсатына адал болу деген сөз. Адамның Алла Тағалаға адал болуына қатысты бірнеше тақырыптарда айтуға болады. Мысалы,
- Құлшылықтағы ықылас (Ихсан)
Шынайы адалдық адамдар жоқ жерде, ешкім көрмейтін сәтте сыналады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
اَللَّهُمَّ رَبَّنَا وَرَبَّ كُلِّ شَيْءٍ، اِجْعَلْنِي مُخلِصًا لَكَ وَأهْلِي فِي كُلِّ سَاعَةٍ فِي الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ، يا ذَا الْجَلَالِ وَالْإِكْرَامِ
«Уа, Раббымыз және барлық жаратылыстың Раббысы! Уа, жомарттықтың Иесі болған Алла Тағала! Мені және жанұямды әрдайым, дүние және ақыретте Өзіңе ықыласты болуды нәсіп ет!» – деген (имам Бәйһақи).
Имам Әбу Хамид әл-Ғазали (Алла оны рақымына алсын) өзінің «Ихья улум әд-дин» еңбегінде ықыласты болудың маңыздылығы жайында: «Бақытқа жетудің жолы – тек білім мен құлшылықта ғана. Алайда ғалымдардан басқа адамдардың бәрі зиян шегушілер (құрдымға кетуге жақын). Ал сол ғалымдардың ішінде де білген іске асырғандардан басқасы қауіпте. Сол амал етушілердің өзінде де, тек ықыластылар (ниеті адалдар) ғана құтылады», – деген.
- Риядан таза болу
Рия – әрбір игі істің сауабын жоятын жүректегі рухани дерт әрі иманның әлсіреуі. Алла Тағала жүректе жасырылған әрбір нәрсені білгендіктен ешбір ойды, ниетті Одан жасырып, бүгіп қалу мүмкін емес.
Егер адам жақсылығын немесе құлшылығын біреу мақтасын деп істесе, ол – өзіне де, Хаққа да адал емес. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تُبْطِلُوا صَدَقَاتِكُم بِالْمَنِّ وَالْأَذَى كَالَّذِي يُنفِقُ مَالَهُ رِئَاءَ النَّاسِ وَلَا يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ
«Уа, иман келтіргендер! Мал-дүниесін ел-жұрт көрсін деген ниетпен жұмсайтын, Аллаға һәм ақырет күніне сенбейтін адамға ұқсап, берген садақаларыңды міндетсіну немесе (садақа алған жандарды) ренжітетіндей әрекеттерге бару арқылы зая қылмаңдар», – деген («Бақара» сүресі, 264 аят).
- Адамдық борышты өтеу
Бұл ойымызды кемеңгер Шәкәрім атамыздың: «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл. Ақ жолдан айнымай, ар сақта, оны біл», – деген өсиетімен түйіндеуге болады. Бұл сөздердің астарында мұсылман болмысының үш негізгі борышы жатыр:
Бірінші, халқыңа еңбек қыл. Нағыз адалдық – тек өз басыңның қамын ойлау емес, қоғамға, елге пайдамды тигізу деп білу. Адал еңбек – ең үлкен ғибадаттың бірі. Халқына адал қызмет еткен жан Алланың алдында да ақ болмақ.
Екінші, ақ жолдан айныма. «Ақ жол» – бұл Құран мен сүннеттің, адалдық пен шыншылдықтың жолы. Дүниенің азғантай жылтырағына алданбай, қиянатқа баспай, осы жолда табандылық таныту – нағыз ерлік.
Үшінші, ар сақта. Шәкәрім атамыз үшін «Ар ілімі» – ең жоғары ілім. Мұсылман адам үшін «Ар» дегеніміз – оның иманы мен рухани адалдығы. Ар сақтау – өзіңді Алла көріп тұрғанын бір сәтке де ұмытпай, өз арыңның алдында таза болу.
Егер біз ақ жолдан айнымай, арымызды адалдықпен ұстасақ, біздің әрбір ісіміз «адамдық борышымызды» өтеген болады. Адалдық – бұл біздің халқымызға береке, отбасымызға бақыт, ал ақыретімізге нұр сыйлайтын жалғыз жол.
- Алланың бізге берген аманатын сақтау
Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّا عَرَضْنَا الْأَمَانَةَ عَلَى السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَالْجِبَالِ فَأَبَيْنَ أَن يَحْمِلْنَهَا وَأَشْفَقْنَ مِنْهَا وَحَمَلَهَا الْإِنسَانُ إِنَّهُ كَانَ ظَلُومًا جَهُولًا
«Расында біз аманатты жеті қақ көкке, жерге және тауларға ұсындық. Алайда олар оны мойындарына алудан бас тартты, оның ауыр жауапкершілігінен қорықты. Сөйтіп, оны адам баласы өз мойнына алды. Шүбәсіз адам баласы тым залым (әділдікке қас, қателікке, күнәға жақын һәм жауапсыз келеді) әрі өте надан (ақиқаттан бейхабар, ғапыл, парықсыз һәм нәпсісіне ергіш) келеді», – деген («Ахзаб» сүресі, 72-аят).
Имам Фахруддин Рази (Алла оны рақымына алсын): «Аяттағы аманат сөзінің мағынасы «тәклиф» (яғни адамға жүктелген дін, құлшылық)», – деп түсіндірген.
- Аллаға разы болу
Кейбір жандардың ішкі әлемінде үздіксіз бір наразылық пен қанағатсыздық ұялап алады. Олар өмірдің қай кезеңінде, қандай жағдайда болмасын – мейлі, дәулеті тасып тұрса да, мейлі, тарығып қалса да көңіліне кірбің түсіретін бір себеп тауып тұрады. Мұндай адамдар Алланың берген сансыз нығметін сезінуден қалып, тек жетпеген дүниесін жоқтаумен айналысады. Нәтижесінде, айналасындағы қуаныш нұрын көре алмайтын рухани соқырлыққа тап болады.
Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِنَّ عِظَمَ الْجَزَاءِ مَعَ عِظَمِ الْبَلَاءِ، وَإِنَّ اللَّهَ - عَزَّ وَجَلَّ - إِذَا أَحَبَّ قَوْمًا ابْتَلَاهُمْ؛ فَمَنْ رَضِيَ فَلَهُ الرِّضَى، وَمَنْ سَخِطَ فَلَهُ السُّخْطُ
«Шын мәнінде, сауаптың ұлылығы – сынақтың ауырлығына байланысты. Ақиқатында, Алла Тағала бір қауымды жақсы көрсе, оларды сынаққа салады. Кім (сынаққа) разы болса, оған Алланың разылығы болады, ал кім наразы болса, оған Алланың ашуы тиеді», – деген (имам Термизи).
Екінші: адалдық – өмірлік ұстаным
Адалдық – мұсылманның бүкіл болмысын айқындайтын өмірлік ұстанымы. Себебі адалдық адамның ішкен асынан басталып, істеген ісімен жалғасып, жүріс-тұрысымен бекиді. Осы ұстанымның негізгі тіректеріне тоқталар болсақ:
- Адал табыс
Нағыз мұсылман – өз кәсібіне қиянат араластырмайтын жан. Ол таразыдан жемейді, тауардың кемшілігін жасырмайды және біреудің ақысын жеуден Алладан қорыққандай қорқады. Ондай адам үшін табыстың адалдығы – берекенің кілті. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَكُلُوا مِمَّا رَزَقَكُمُ اللَّهُ حَلَالًا طَيِّبًا
«Алланың өздеріңе адал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» – деген («Мәйда» сүресі, 88-аят).
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
التَّاجِرُ الصَّدُوقُ الْأَمِينُ مَعَ النَّبِيِّينَ وَالصِّدِّيقِينَ وَالشُّهَدَاءِ وَالصَّالِحِينَ
«Шыншыл (адал) саудагер Қиямет күні пайғамбарлармен, шыншылдармен, шәһидтермен және ізгілермен бірге болады», – деген (имам Термизи). Бұл – адал кәсіп иесіне берілген ең жоғарғы баға. Адал жолмен нәпақа табатын адам ғибадат жасағандай болады. Хакім Абай: «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі қазақтың әулиесі – сол», – дейді.
- Адал ас
Біздің ішкен асымыз ең алдымен «адал» болуы тиіс. Адал ас – дұғаның қабыл болуына ықпал ететіндігі анық. Егер адамның тапқан табысы арам болса, оның ішкен асы да, киген киімі де арам болады. Ал арам ас ішкен адамның дұғасы мен құлшылығына нұқсан келеді. Сондықтан, адал ас ішу – тәннің де, жанның да тазалығы. Алла Тағала қасиетті Құранда:
...كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا...
«... таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер...», – деген («Муминун» сүресі, 51-аят).
- Сөз адалдығы
Дана халқымыз «Айтылған сөз – атылған оқпен тең» деп бекер айтпаған. Адал адам өз сөзінің салдарына жауаптылығын сезінеді. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَقُولُوا قَوْلا سَدِيدًا
«Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және түзу сөз сөйлеңдер», – деген («Ахзаб» сүресі, 70-аят).
- Руханият адалдығы
Бұл – адамның жалғыз қалғанда да, жұрт алдында да бірдей болуы. Нағыз адалдық – іші мен сыртының бүтіндігі, яғни адамның болмысы мен бейнесінің бір арнада тоғысуы.
Мұсылманның руханияты адал болса, ол екіжүзділіктен ада болады. Оның өзгеге қолымен де, тілімен де зияны тимейді, айналасына тек сенімділік ұялатады. Бұл – имандылықтың айқын көрінісі. Егер біз руханият адалдығын өмірлік ұстаным етсек, қоғамда шынайы сенім, отбасында бақыт орнайды, ал атқарған әрбір ісімізде Алланың берекесі болады.
Қисса
Ертеде Мәдина шаһарында шыншылдығымен танымал, әйгілі табиғин Мұхаммед ибн Мункадир деген кісі өмір сүрген болатын. Ол мата сатумен айналысатын еді. Бірде ол дүкенінде жоқ кезде, көмекшісі құны бес дирһам тұратын матаны бір бәдәуиге білместікпен он дирһамға сатып жібереді.
Дүкеніне оралған ибн Мункадир болған жайды естігенде, зәресі ұшып, мазасы қашады. «Біреудің ақысы өтіп кетті-ау!» деген қорқынышпен әлгі бәдәуиді іздеп, аптап ыстықта Мәдинаның көшелерін кезеді. Ақыры, қала сыртындағы керуендер тоқтайтын жерден әлгі адамды тауып алады.
Сөйтіп Ибн Мункадир:
- Уа, бауырым! Менің көмекшім қателесіп, саған бес дирһамдық дүниені он дирһамға сатыпты. Соның ақысын қайтаруға келдім, – дейді.
Әлгі бәдәуи таңырқап:
- Уа, қария! Мен ризамын, мата маған ұнады, бағасына да еш шағымым жоқ, – деп жауап береді.
Сонда Мұхаммед ибн Мункадир жүрегі сыздап, адалдықтың шыңын көрсететін мына бір сөзді айтады:
- Сен риза болсаң да, мен риза емеспін! Өйткені мен өзіме қаламаған нәрсені саған қалап, Жаратушының алдында арымды былғай алмаймын. Мына үш жолдың бірін таңда: не бағасы он дирһамдық жақсы матаны ал, не саған артық төлеген бес дирһамыңды қайтарайық, не болмаса матаны қайтарып, ақшаңды түгел ал! – дейді.
Бәдәуи қарияның табандылығына қайран қалып, оның бес дирһамын алады. Ол кетіп бара жатып, адамдардан: «Бұл кім өзі?» – деп сұрайды. Сонда жұртшылық: «Бұл – Мұхаммед ибн Мункадир ғой», – деп жауап береді.
Бұл есімді естігенде бәдәуидің көзіне жас толып:
- Лә иләһә илләллаһ! Мынау біз далада құрғақшылыққа ұшырап, шөлдеп қалғанымызда Алладан жаңбыр тілеу үшін шапағаты тисін деп есімін атап, дұғасы қабыл болатын ұлы тұлға емес пе?! – деп таңдай қағады.
Үшінші: адалдық – қоғамның тірегі
Адалдық – тек жеке адамның ғана қасиеті емес, ол тұтас қоғамның іргетасын ұстап тұрған берік тірек. Егер қоғамнан адалдық кетсе, адамдар арасындағы сенім жоғалады. Ал сенім жоғалған жерде береке қашады, бірлік ыдырайды. Мұсылман қауымы – бір-біріне арқа сүйейтін, сөзіне сенетін, ісіне күмәнданбайтын шынайы жандардың ортасы болуы тиіс.
Бұл тіректің мықты болуы мынадай алғышарттарға байланысты:
- Сенімділік ұялату
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылманды сипаттағанда:
اَلْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ
«Мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген адам», – деген (имам Бұхари).
Демек, мұсылман адам – өз ортасындағы сенімділіктің нышаны. Оның көршісі де, әріптесі де, серіктесі де одан ешқашан опасыздық күтпейді. Адалдық бар жерде ғана адамдар еркін араласып, ірі жобаларды жүзеге асыра алады.
- Әлеуметтік әділдік пен жауапкершілік
Қоғамның әрбір мүшесі өз орнында адал болса, ол қоғамның болашағы баянды. Егер дәрігер – еміне, мұғалім – біліміне, құрылысшы – құрылыстың сапасына, ал басшы – халықтың аманатына адал болса, мемлекет іргесі берік болады.
Хакім Абай өзінің өлеңінде:
Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазаққа.
Алдың – жалын, артың – мұз,
Барар едің қай жаққа? – деп, егер адамда (немесе тұтас халықта) тек қайрат пен ақыл болып, бірақ әділет пен шапағат (мейірім) болмаса, ол қасіретке алып келетіндігін айтқан.
- Береке кепілі
Алла Тағала адал қоғамға Өзінің нығметін жаудырады. Арамдық, жемқорлық және алдау-арбау жайлаған қоғам іштен бұзылады. Біз Шәкәрім атамыз айтқандай «Халқыңа еңбек қыл» деген қағиданы ұстансақ, сол еңбектің адалдығы арқылы бүкіл ұлттың мәртебесі өседі. Мұсылманның әрбір ісі айналасына үлгі болуы тиіс. Оның адалдығына қарап, өзгелер Ислам дінінің көркемдігін тануы керек.
Адалдық – қоғамды біріктіруші күш. Ол жоқ жерде заң да, бақылау да қауқарсыз. Тек әр адам өз ісіне Жаратушының алдындағы аманат деп қарағанда ғана, біз бақытты әрі адал қоғам құра аламыз.
Құрметті жамағат!
Қазіргі уақытта қоғамда рухани-адамгершілік құндылықтардың әлсіреуі, алаяқтықтың белең алуы, отбасындағы дағдарыс пен жастар арасындағы жат қылықтардың көбеюі бәрімізді алаңдатуда.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالْإِحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَى وَيَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنكَرِ وَالْبَغْيِ يَعِظُكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ
«Расында, Алла әділдікті, ихсанды және туған-туысқа қол ұшын беріп қарайласуды бұйырады. Сонымен қатар арсыздықтан, жамандық атаулыдан және зұлымдықтан мүлдем тыяды. Ойланып-толғансын, ғибрат алсын деп Алла Тағала сендерге осылайша насихат айтып, жол сілтейді», – деген («Нахл» сүресі, 90-аят).
Ислам діні адалдықты, әділеттілік пен аманатқа беріктікті қоғам тұрақтылығының негізгі шарты ретінде қарастырады. Алла Тағала тағы бір аятта:
إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَى أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُم بَيْنَ النَّاسِ أَن تَحْكُمُوا بِالْعَدْلِ...
«Алла сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айтқандарыңда әділ үкім шығаруды бұйырады...», – деген («Ниса» сүресі, 58-аят).
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
مَنْ غَشَّنَا فَلَيْسَ مِنَّا
«Кім бізді алдаса, ол бізден емес», – деген (имам Табарани).
Адалдық – заң талаптарын орындаумен ғана шектелмейді. Ол жеке тұлғаның мінез-құлқынан, еңбекке көзқарасынан, қоғамдық міндеттерге жауапкершілігінен және өзгенің құқығына құрметпен қарауынан көрініс табады.
Осы өзекті мәселелерді ескере отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни-қызмет аясында 2026 жылды «Ислам және адал қоғам» жылы деп жариялады. Негізгі мақсат – қоғамда әділдік пен адалдық құндылықтарын насихаттау, алаяқтық пен пайдакүнемдікке тосқауыл қою және жас буынды ар-ұят іліміне баулу. «Адал қоғам» тұжырымдамасы әрбір мұсылманды өз ісіне, сөзіне және айналасына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Бұл бастама қоғам өмірінің барлық саласында адалдық қағидаттарын жүйелі түрде орнықтыруды көздейді. Адал еңбек мәдениетін қалыптастыру, әділеттілік пен жауапкершілікті күшейту, аманатқа қиянат жасамау және қоғамдық сенімді нығайту – жылдың басты басымдықтары болмақ. Бұл – әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Біз тек заң алдында ғана емес, ар-ұятымыз бен Жаратушымыз алдында да жауаптымыз. Сондықтан адал қоғам әрбір отбасынан басталуы тиіс.
Қорыта айтқанда, адал қоғам – бір реттік науқанның нәтижесі емес, бұл жүйелі тәрбие мен тұрақты рухани жауапкершілікке негізделген ұзақ мерзімді үдеріс.
Раббымыз Алла бізді және елімізді «Адал қоғам» құрушы ізгі құлдарынан етіп, жүрегімізді теріс пиғылдан, тілімізді жалған ақпараттан, кәсібімізді арамнан сақтасын! Отанымызға береке, отбасымызға адалдық нәсіп етсін! Әмин!





































