1 наурыз – Алғыс айту күні! 1375

1 наурыз – Алғыс айту күні!

28 ақпан 2022 2236 Оқу 1 минут

Алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған күн!

Бұл күн – бейбітшілік пен келісім саясатының толыққанды қалыптасқандығын көрсететін салтанатты мереке. Сонымен қатар түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі.

Алғыс айту күні қазақ тарихының сындарлы шақтарымен тығыз байланысты. Мереке қазақ халқының дархандығы мен даналығын көрсететін айтулы күн. Біздің халық бас сауғалап келген ұлт өкілдерін Хәкім Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» дегендей бөліп-жармай қолындағы барымен бөлісті. Діні бөлек қаншама ұлттарға пана бола білді. Бүгінгі таңда тағдыр тәлкегіне түсіп, жан сауғалап, қазақ жерінен пана тапқан өзге ұлттар қазақ халқына шексіз алғысын білдіреді. Өйткені, олар дархан даламыздан жылу тапты. Бүгінде олардың ұрпақтары Қазақстанды өз отаны деп біледі. Сондай-ақ еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.

Біз қай кезде де әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен һәм асыл діннің нәрімен біткен тектілік пен адамгершілік, дархандық мен кемеңгерліктің ең биік үлгісін көрсетіп келеміз. Ата-бабамыздың тектілігі мен адамгершілігін жас ұрпақ бойына сіңіруіміз тиіс. Сондықтан Алғыс айту күні жай кезекті ұрандармен емес, нақты тәрбиелік және тағылымдық іс-шаралармен өткізу керек.

Ең бастысы алғыс айту жақсылық істеген адамға емес, сол жақсылықты көрген адамға аса қажет екенін ескерген жөн. Сөзімізді дәйекті ету үшін шариғатқа жүгінейік. Сахаба Әбу Һурайра риуаятында:

«Кімде-кім адамға алғыс айта алмаса, Алла Тағалаға шүкіршілік ете алмайды»,-деген хадис бар (Тирмизи).

Аталмыш хадис түсіндірмесінде: Алла Тағалаға шүкіршілік ету Оған бойұсыну және әмірлеріне бағынумен кемелденеді. Ендеше, Алла Тағаладан келген нығметке себепкер болған адамдарға алғыс білдіру Алла Тағалаға бойұсыну болмақ...»,-дейді. (Тухфат Ахуази кітабынан) Жоғарыдағы хадисті кеңірек түсіндіретін мына бір риуаятта Пайғамбарымыз ﷺ:

«Адамдардың ішінде Алла Тағала ең көп шүкіршілік ететіндері, адамдарға алғыс айта білетіндері»,-деген (Ахмед, Табарани)

Мұның сыры, Алла Тағала адамдарға нығметтерін беруде пайғамбарларды, сахабаларды және ғалымдарды дәнекер етті. Сондықтан, оларға көп алғыс айтуы, Раббысына көп шүкіршілік етудің бір белгісі. Әрине, шынайы нығмет беруші – Алла.

Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ бір сөзінде: «Кімде-кім сіздерге жақсылық әкелсе, оған есесін қайтарсын. Ал қайтара алмасаңыз, оған дұға-тілек жасаңыз» ,-дегенін (Табарани) әсте естен шығарманымыз абзал.

Ал Құран Кәрімде: «Жақсы жердің өсімдігі Раббысының рұқсатымен жақсы шығады. Ал, нашар болғандікі жұтаң болып шығады. Біз аяттарды Алланың игіліктеріне алғыс білдіретін адамдар үшін, осылай етіп түсіндіреміз» (Ағраф сүресі, 58-аят),-деген аят шүкіршілік пен алғыс айта білудің көптеген толассыз нығметтерге себеп болатындығы астарлап жеткізуде. Әз Пайғамбарымыз ﷺ алғыс айту жөнінде: «Кімде-кім жақсылық көрсе айта жүрсін. Кімде-кім айтса шүкіршілік еткені, ал жасырып қалса қайырымсыз болғаны»,-деп айтқан сөздері көп мәселенің сырын аша түседі (Табарани).

Алғыс айту күні еліміздің азаматтары қазақ халқына алғыс айтуымен қатар баршамыздың өз ата-анамызға, бауырларымызға да қала берсе барша отандастарымызға алғыс білдіретін күн екенін ұмытпайық!

1 наурыз – мереке достық пен бірлігіміздің, мәдени сан алуандығымыздың жарқын дәлелі. Баршамызға ортақ ел мен жерді сүйіп, құрметтеуге серпін бермек. Олай болса, көктемнің алғашқы күнімен қатар келген мерейлі мереке құтты болсын!


Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі