ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖАРНАСЫНАН ЗЕКЕТ БЕРІЛЕ МЕ? 1710

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖАРНАСЫНАН ЗЕКЕТ БЕРІЛЕ МЕ?

12 мамыр 2022 113 Оқу 1 минут

Қазақстанның қолданыстағы зейнетақы жүйесі көпдеңгейлі болып есептеледі. Бірінші деңгей мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен зейнетақы төлемдерін (ортақ және базалық зейнетақы төлемдері) қамтиды.

Екінші деңгей қызметкерлердің 10% міндетті зейнетақы жарналарын және жұмыс берушілердің зиянды жағдайда еңбек ететін қызметкерлерінің табысынан 5% көлеміндегі міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын қамтитын міндетті жинақтаушы жүйені білдіреді.

Үшінші деңгей – ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері қамтылатын ерікті жинақтаушы жүйе.

Негізінде зекет берілетін мал-дүние «толық мүлік» болуы шарт. Яғни зекет берушінің сол дүниеге иелік етуі, өз еркімен жұмсай алуы және қолында болуы міндет. Құран Кәрімде: «Олардың дүние-мүлкінен зекет, садақа ал» («Тәубе» сүресі, 103-аят), «Олардың қолындағы мал-пұлдарында садақа тілеген міскіндер мен садақадан мақұрым қалған кедейлердің де ақысы бар» («Зәрият» сүресі, 19-аят), – делінген. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала оларға мал-мүлкінен зекетті парыз етіп, байлардан алып кедейлерге беруді бұйырды», – деген (Нәсаи). Сондықтан шариғат зейнетақы қорында жиналған ақшадан зекет беруді міндеттемейді. Себебі заңда көрсетілген кейбір жағдайларды есепке алмағанда, Қазақстан азаматының өз есепшотындағы қаржысын мезгілінен бұрын алуы заңмен шектелген.

Ханафи мәзһабы бойынша өткен күндер үшін мүлдем зекет берілмейді. Қолына тиген күннен бастап зекет есептелінеді делінген («Фатху бабил ғиная», 2/9).

Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Димар (толық иелік етпеген, қолында жоқ) мал-мүліктен зекет берілмейді», – деген. Себебі, зекеті берілетін мал-дүниеде өсу қабілеті болу керек. Ал өз еркімен жұмсай алмайтын мал-мүлікте өсу қабілеті болмайды («Һидая», 2/159). Демек зейнетақы қорында жиналған қаржыдан ешкім зекет беруге бұйырылмайды. Мерзімі жетіп немесе басқа себептермен зейнетақы қорынан қолына тиген ақшадан ғана зекет беріледі. Ақшаның қорда жатқан күндері үшін зекет алынбайды.

 

Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ