«Мұнара» телеарнасының «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасы ас беру мәдениетіне арналды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Мұнара» телеарнасының «Жұмадағы жүздесу» рухани-танымдық бағдарламасының кезекті түсірілімі өтті. Бағдарламаның бұл жолғы саны қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – ас беру мәдениеті мен оны реттеу тақырыбына арналды.
Мазмұнды сұхбат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан қабылданған «Ас беру мәдениеті» концептуалды құжаты аясында ұйымдастырылды.
Бағдарлама авторы әрі жүргізушісі, белгілі журналист Ақтолқын Тажикова өрбіткен сұхбатта қоғам қайраткері, депутат Марат Қойлыбай мен Темір ауданының бас имамы Зарлық Ералин өзекті мәселе төңірегінде тұшымды ой бөлісті.
Түсірілім барысында спикерлер Ислам діні мен қазақ дәстүрінің сабақтастығына тоқталып, ас беру кезіндегі ысырапшылыққа жол бермеу, шариғат пен ұлттық құндылықтар шеңберінде мәдениетті сақтау мәселелерін кеңінен талқылады. Сондай-ақ қабылданған концептуалды құжаттың қоғам үшін маңыздылығы мен оны халық арасында насихаттаудың тетіктері сөз болды.
Бағдарлама осы жұма күні «Мұнара» телеарнасының эфирінен және ресми әлеуметтік желі парақшаларынан көрерменге жол тартады.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі






































