«Өткенге құрмет  – тіріге міндет»: Зираттарға сенбілік жасалды 4896

«Өткенге құрмет – тіріге міндет»: Зираттарға сенбілік жасалды

02 қазан 2025 70 Оқу 1 минут

ҚМДБ жанынан ашылған «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының «Өткенге құрмет – тіріге міндет» атты бастамасымен республика көлемінде облыс, аудан, ауылдық жерлердегі мұсылмандар жерленген зираттардың басы, ауласы тазаланып, сенбілік өтті. 

Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиевтің мұрындық болуымен ҚМДБ «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының Ақтөбе облысы бойынша жауапты мамандарының ұйымдастыруымен облысқа қарасты мешіттердің имамдары мен мешіттер жамағаты о дүниелік болған ата-бабалары және жалпы мұсылмандардың қабірлерін әртүрлі қоқыс, ластықтардан тазартып, оған облысқа қарасты қала, 12 аудан, ауыл тұрғындары атсалысты.

Қабірлерді күтіп-баптау – марқұмға тағзым етудің, өткенге құрмет білдірудің жарқын үлгісі екендігін асыл дініміз Исламда да бұйырған. Марқұмның артындағы қалған жақындары оған Құран бағыштап, қабірін зиярат етіп, оның басына тазалық жұмыстарын жүргізгені абзал.

Тазалық іс-шарасы барысында имамдар келген жамағатқа ақыреттің сатыларының алғашқы сатысы – қабір әлемі, қабірдегі сұрақ-жауап, махшар алаңындағы есеп-қисап жайлы уағыз-насихат айтып, оларға Алланың разылығын тіледі. Артынша қабірде жатқан марқұмдарға Құран бағыштап, Алланың оларға рақымын тіледі.

Одан өзге осы шара аясында Алға ауданындағы зираттың кіре берісіне жол жөндеу жұмысы жасалды.

Сауабы мол игі шараға атсалысқан барша жанға Алла Тағала разы болсын!

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі