Ақтөбеде Құрбан айтқа байланысты баспасөз маслихаты өтті 1870

Ақтөбеде Құрбан айтқа байланысты баспасөз маслихаты өтті

04 шілде 2022 219 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе облысының өңірлік комуникациялар қызметінде ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Құрбан айт – ұлық мереке» тақырыбында баспасөз маслихаты өтіп, оған Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы мен «Ақтөбе» медресе-колледжінің ұстазы Махамбет Бисенов және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. 

Кездесу барысында құрбан айтқа дайындық жұмыстары турасында баяндаған Бас имам Серікжан Еншібайұлы діни мерекенің 9-11 шілде аралығында атап өтілетіндігін айтты. Құрбан айт намазының уақыты Ақтөбе облысында таңертеңгі сағат 6.30-ға белгіленгендігін хабарлап, мереке күндері өтетін діни рәсімдердің жоспарымен таныстырды.

Сонымен қатар бұл күнгі ерекше құлшылық – құрбан шалу рәсімінің арнайы белгіленген орындарда өткізілетіндігін ескерте отырып, мерекелік намазға дейінгі шалынған мал еті құрбандық болып саналмайтындығын еске салды.

Ал баспасөз жиынында Құрбан айтқа қатысты осы және өзге де мәліметтер қамтылып, «Ақтөбе» медресе-колледжінің ұстазы Махамбет Бисенов орыс тілінде жауап берді.
Бас имам Биыл құрбан шалу елімізде онлайн және офлайн форматта өтетінін мәлімдеді.

«Құрбандық шалу – мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Одан өзге пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Қаржылай мүмкіндігі бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.

Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мереке. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтылғандай, Алла жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды»,- деді Серікжан Еншібайұлы.

Биыл ҚМДБ бастамасымен еліміз бойынша құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2022.kz сайты іске қосылды. 

Онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, көрсетілген реквизитке қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Бұдан кейін төлем барысында хабарламаға тапсырыс нөмірі мен құрбандық шалушының аты-жөнін жазу міндетті. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен уацап нөмірге жіберіледі.

Құрбандыққа өтініш тек осы сайт арқылы жүзеге асады. 1 шілдеден бастап сайт арқылы құрбандық шалуға тапсырыс беру басталды. Сонымен қатар аталған сайт арқылы мұқтаждар ет алуға өтініш білдіре алады. Толық шарттары сайтта көрсетілген. Ескертетін жағдай, сайтта көрсетілген бағаға қасапшының ақысы да кіреді.
 Ақтөбе қаласында құрбандық шалынатын орын:

«Айбек» СТК мал сою пункті – 41 разьезд, 06-А. Басшысы: Калдыгулов Самат Рейович. Тел.: 8-701-459-31-62, 40-27-68. Осы орында қызмет жасайтын қасапшылардың басын қосып, оларға арнайы семинар-тренинг ұйымдастырылды. Семинар барысында малды шариғат талаптарына сай сою және санитарлық талаптарды сақтау және т.б. түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қолдарына рұқсатқағаз берілді.

Айта кетсек, жалпы Һижри жыл санауы бойынша 1443 жылдың зұлхижжа айының басталуы 30 маусым болып бекітілді. Ал арапа күні 8 шілдеге сәйкес келсе, 9 шілде – Құрбан айттың бірінші күні.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі