Ақтөбе: Құрбан айтқа байланысты қала және ауыл имамдарына алқалы жиын өтті 1872

Ақтөбе: Құрбан айтқа байланысты қала және ауыл имамдарына алқалы жиын өтті

05 шілде 2022 162 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде алда келе жатқан мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт мерекесіне орай Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлының төрағалығымен «Qurban 2022» дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында аудан және қала имамдарына арналған алқалы жиын өтті.

Жиналыс барысында облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы Құрбан айт мейрамын жоғары деңгейде өткізу үшін дін қызметкерлеріне арнайы тапсырмалар бекітті.

Құрбан малын сою үшін бекітілген арнайы мал соятын орындарды дайындап, ол жердің тазалығына мән беру, мал сою талаптарын сақтау, қасапшыларға арнайы семинарлар өткізу, жедел жәрдем, қауіпсіздік қызметкерлерін бекіту, сойылған құрбандық еттерін пакеттеп, мұқтаждарға тарату үшін еріктілер тобын құру сынды бірқатар тапсырмалар берді.

Сонымен қатар, қала, аудан көшелері мен мешіт аулаларына құрбан айтпен құттықтау баннерлерін іліп, жамағат пен халыққа құрбан айтпен құттықтау хаттарын таратуды тапсырды.

Еске сала кетейік, ҚМДБ биыл да ел мұсылмандарының жеңілдігі үшін онлайн форматта ет тапсырыс беріп, етке өтініш білдіру үшін арнайы qurban2022.kz сайтын іске қосқан болатын. Бұл сайт арқылы шамасы келген азаматтар құрбандық шалу өкілдігін мешіттегі дін қызметкерлеріне табыстап қой және ірі қара секілді малдарға тапсырыс бере алады. Сонымен қатар аталған сайт арқылы мұқтаж жандар ет алуға өтініштерін қалдыра алады.

Ақтөбе қаласы бойынша 41 разъезд мекен-жайы бойынша орналасқан «Айбек» СТК мен «Есік» ЖШС мал базары құрбандық малын сою орны болып бекітілді.

Айта кетсек, биыл арапа – 8 шілде күні болса, Құрбан айт 9 шілде күні басталады. Ал айт намазы 9 шілде күні Ақтөбе облысы бойынша жергілікті уақыт 6:30-да оқылады.

Құрбан айт күндері – 9, 10. 11 шілде.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі