Ақтөбе: Облыстың Бас имамы зиялы қауым өкілдері мен журналистерге ауызашар берді 1567

Ақтөбе: Облыстың Бас имамы зиялы қауым өкілдері мен журналистерге ауызашар берді

21 сәуір 2022 223 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлының ұйымдастыруымен облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде өңірдегі зиялы қауым өкілдері мен журналистерге арнап ауызашар берілді.

Ауызашар дастарқанына арнайы қонақ болып, облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, ҚМДБ ақсақалдар кеңесінің мүшесі Бекежан қажы Ахан мен Шалғынбай Жандосов, «Аманат» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов, облыстық «Ауған соғысы ардагерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Қойлыбаев, «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ботағарин, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық бөлімшесінің төрағасы Роман Рахиев, қалалық маслихат депутаттары Ардақ Садақбайұлы мен Алтынай Ерішқызы, «Aqtobe» телеарнасының директоры Ғани Жапишов, т.б. азаматтар қатысты.

«Еліміздің Тәуелсіздігін нығайтуға және руханиятымызды дамытуға арналған насихат шараларында зиялы қауым мен журналистердің сіңіріп отырған еңбектері зор. Сіздердің өнегелі істеріңіз, басты мұраттарыңыз жастарға үлгі. Оның ішінде БАҚ өкілдері дініміз бен дәстүріміздің өсіп өркендеуі жолында ақпараттық қолдау көрсетіп келесіздер. Сіздердің тараптарыңыздан болып жатқан ақпараттық қолдауға үлкен алғыс айтамын. Жылағанның мұңына ортақтасатын ең бірінші дін қызметкерлері мен журналистер және демеушілік танытатын жаны жомарт жандар.. Сондықтан, бізді біріктіретін мақсаттар көп. Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Шығармашылық иелері қоғамды жақсылыққа шақырып, ізгілікке үндесе иманды қоғам құрылады. Қасиетті Рамазан айы құтты болсын. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!», – деп облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы алғыс білдіріп, Рамазан айымен құттықтады.

Сонымен қатар он екі айдың сұлтаны Рамазан туралы облыстық орталық мешіттің наиб имамы Алмат Әли уағыз айтты.

Игі басқосуда облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов Құран оқып, облыстың Бас имамы батасын жасады.

Шара барысында балалар үйінен 21 баланы өз қамқорлығына алған Жетесовтер отбасының өнерпаздары Жарапазан айтып, дәстүрімізді жаңғыртты.

Ақ дастархан басында сөз алған қадірменді қонақтар бүгінгі бейбіт күннің қадірін бағалауға шақырып, Тәуелсіз еліміздің болашағы үшін жақсы тілектерін білдіріп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Одан өзге Ақтөбе облысы өкілдігі атынан 120 адамға «Рамазан сыйы» табысталды.

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі