Ақтөбе: Қаңтар қайырымдылығы қорытындыланды 496

Ақтөбе: Қаңтар қайырымдылығы қорытындыланды

01 ақпан 2021 197 Оқу 1 минут

ҚМДБ «Зекет» қорының Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі Алмат Әли облыс имамдарымен бірлесіп қаңтар айында жасаған қайырымдылық жұмыстарын қорытындылады. «Мұқтаждың мұңын бөліс» жобасы аясында Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті мен Ойыл аудандық мешіті 31 отбасыға 525 келі азық-түлік таратқан болса, «Нәпіл құрбандық» жобасы аясында 16 отбасы 175 келі ет таратып Мұғалжар ауданының имамдары белсенділік танытты. «Үміт сыйла сәбиге» жобасы аясында Мұғалжар, Хромтау аудандары мешіттерге көмек сұрап келген отбасыларға 191 мың теңге қаржылай көмек көрсетіп, халықтың ықыласына бөленді. Исламның бес парызының бірі – зекетті насихаттау жұмыстарында белсенділік танытып жүрген Мәртөк аудандық мешіті «Ақтөбе» медресе колледжінің шәкірттеріне демеушілер арқылы 300 мың теңге қаржылай көмек көрсетті.

Сондай-ақ, «Қолдан-қолға» жобасы аясында облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті 50 мың теңге, Мәртөк 20 мың теңге көлемінде медресе шәкірттеріне шәкіртақы табыстады.

ҚМДБ «Зекет» қорының Ақтөбе облысы бойынша өкілі мен «Жастар ісі» секторының өкілі бірігіп демеуші тарапынан Алматы қаласында орналасқан «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде білім алып жатқан студенттің 350 мың теңге көлемінде оқу ақысын төлеп берді. «Зекет қорының» жергілікті өкілдері қысқы маусымда отынға қолы жете алмай жүрген 4 мұқтаж отбасыны «Жылулық сыйла» акциясы аясында 6 тонна көмірмен қамтамасыз етсе, Мұғалжар ауданы, Ембі қалалық «Нұр» мешіті бір отбасыға газ плитасын алып беріп, жылулық сыйлады.

Сонымен қатар, «Тайқазан» жобасы бойынша «ҚМДБ – қайырымдылық жаршысы» атты республикалық марафоннан Ақтөбе облысы да тыс қалмай, 630 отбасыны 9 тоннадан астам азық-түлікпен қамтамасыз етті.

Қорыта келгенде, Ақтөбе облысында қаңтар айында 677 адамға 3 716 800 теңгеге 10 тонна 19 келі азық-түлік, 35 адамға 911 000 теңге қаржылай, 5 адамға 146 670 теңге қаражатқа заттай қайырымдылық көмек көрсетілді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі