Ақтөбе: Құрбан айтқа орай жиын өтіп, штаб құрылды 2790

Ақтөбе: Құрбан айтқа орай жиын өтіп, штаб құрылды

19 маусым 2023 360 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде алда келе жатқан мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт мерекесіне орай Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлының төрағалығымен «Qurban 2023» дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында аудан және қала имамдарына арналған алқалы жиын өтіп, штаб құрылды. 

Жиналыс барысында облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы Құрбан айт мейрамын жоғары деңгейде өткізу үшін дін қызметкерлеріне арнайы тапсырмалар бекітті.

Құрбан малын сою үшін бекітілген арнайы мал соятын орындарды дайындап, ол жердің тазалығына мән беру, мал сою талаптарын сақтау, мал базарында құрбан шалдырушы кісілерге күту аймағын әзірлеу, ұйымдастыру тобы мен еріктілерге арнайы киім үлгісін дайындау, қасапшыларға арнайы семинарлар өткізу, қасапхана жанында жиналған еттер бұзылып кетпес үшін тоңазытқышы бар жүк көлігін дайындау, қасапхана іргесіне, көліктерге «Qurban 2023» баннері және қасапхананың ішіне құрбан шалу тәртібі жадымасын ілу, құрбандыққа шалынатын малдардың шариғат талап еткен жасына толуын қадағалау, мал сою орындарында ысырапшылдыққа барынша жол бермеу, 16 молданың бір үлгіде бата жасауы, жедел жәрдем, қауіпсіздік қызметкерлерін бекіту, сойылған құрбандық еттерін пакеттеп, мұқтаждарға тарату үшін еріктілер тобын құру, мұқтаждар тізімін реттеу, ет таратуды жүйелу сынды бірқатар тапсырмалар берді.

Сонымен қатар, қала, аудан көшелері мен мешіт аулаларына құрбан айтпен құттықтау баннерлерін іліп, жамағат пен халыққа құрбан айтпен құттықтау хаттарын таратуды тапсырды.

Одан өзге Құрбан айт мерекесіне орай облыстық, қалалық және аудандық мешіттер жанына киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүрімізге сай түрлі шаралар, жамағаттың бірлігін арттыру ұлттық ойындар ұйымдастыру, қарттар үйі мен жетімдер үйіне еттер үлестіріліп, айт дастарханы жайылып, айт мерекесімен құттықтау, әйел-қыздардың ұйымдастыруымен жәрмеңкелер өткізу, Құрбан айт мейрамын сезіндіріп және көңілді өткізу үшін түрлі ойындар, айттық базарлық дайындау туралы да айтылды.

Ақпараттық неігізде картинка, инфографикалар, видео мен бейненұсқаулар, аудио т.б дайындау.

Еске сала кетейік, ҚМДБ биыл да ел мұсылмандарының жеңілдігі үшін онлайн форматта етке тапсырыс беріп, өтініш білдіру үшін арнайы https://www.qurban2023.kz/kk/ qurban2023.kz сайтын іске қосқан болатын. Бұл сайт арқылы шамасы келген азаматтар құрбандық шалу өкілдігін мешіттегі дін қызметкерлеріне табыстап қой және ірі қара секілді малдарға тапсырыс бере алады. Сонымен қатар аталған сайт арқылы мұқтаж жандар ет алуға өтініштерін қалдыра алады.

Ақтөбе қаласы бойынша мал базарында орналасқан «Есік» ЖШС және ЖК «Молдабеков», 41-ші разьездегі – «Айбек», «Жаңақоныс» ауылындағы – ЖК «Қасымов» құрбандық малын сою орны болып бекітілді.

Биыл арапа – 27 маусым күні болса, Құрбан айт – 28 маусым күні басталады. Ал айт намазы 28 маусым күні Ақтөбе облысы бойынша жергілікті уақыт 6:00-де оқылады.

Құрбан айт күндері – 28, 29. 30 маусым.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі