Ақтөбе: Мешіт ұстазына қайырымдылық айтыстан 1000000 теңге табыстады 1820

Ақтөбе: Мешіт ұстазына қайырымдылық айтыстан 1000000 теңге табыстады

27 маусым 2022 541 Оқу 1 минут

Бүгін облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті мен «INFAQ»қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен Студенттер сарайында «Елге қылған жақсылық, еленбей қалмайды» атты республикалық жас ақындардың қайырымдылық айтысы өтті. 

Шараның мақсаты – дін саласында 4 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан тәжірбиелі дін қызметкері, қазіргі таңда «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Қайрат Дәрменовтың баспана алуына қаржылай қолдау білдіру.

Айта кетсек, Қайрат Қуанышбекұлы бұған дейін Темір ауданының Бас имамы болып қызмет етіп жүргенінде басына ауыр сынақ келіп, 2021 жылы инсульт алды. Одан кейін үздіксіз ем-дом қабылдаудың нәтижесінде қалыпты жағдайда сөйлеп және жүре алатындай деңгейге жетті. Қазіргі таңда облыстық мешітте «Фиқһ» пәнінен дәріс береді.

Ал ізгі шараға жас айтыскерлерден Түркістан облысынан Дәурен Ысқақ, Нұр-Сұлтан қаласынан Данияр Алдаберген, Абай облысынан Айшолпан Тілеутай, Ақтөбе қаласынан Злиқа Наурызалина мен Жәнібек Бейбітов, Әйтеке би ауданынан Қайырхан Жұбаниязов, Ойыл ауданынан Айболат Көшкінбай, Байғанин ауданынан Нұрбол Жауынбаев қатысты. Айтысты айтыскер Марат Ахметов жүргізді.

Қайырымдылық айтысты облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы ашып, сауабы мол игі істің маңыздылығына тоқталды.

«Алла Тағала жақсылық жасауға шақырып қана қойған жоқ «Жақсылық жасауда өзара жарысыңдар» («Бақара» сүресі, 148-аят), «Олардың арасында Алланың қалауымен қайырлы істерде алдына жан салмайтын ізгі жандар да бар. Міне, (Алланың) ең үлкен шарапаты осы» («Фатыр» сүресі, 32), «Міне, осынау ізгі жандар жақсылықта, қайырлы істерде дамыл таппай шырқ ұрып жүреді, жақсылық жасауда бір-бірімен жарысады» («Муминун» сүресі, 61) деу арқылы ізгі бастамада өзара жарысуға ұмтылдырды», -дей келе Бас имам адам өміріндегі қайрымдылық туралы тілге тиек етті.

Сонымен қатар облыс әкімінің кеңесшісі Қалинұр Болысов сөз сөйлеп, аталған шараға қолдау білдірді. Ал «INFAQ» қайырымдылық қорының төрағасы Төлеген Талдыбаев қайрымдылыққа атсалысқан барша жанға алғысын білдірді.

Айтыс қортындысында Облыстың бас имамы мен қайырымдылық қорының төрағасы жиналған 1000000 теңгені табыс етіп, мұрындық болған және қолдау білдірген (Облыстық, қалалық, аудандық мешіттер мен жамағаттың, «INFAQ»
қорының тіркелушілері) жандарға, айтысқа келген көрерменге ерекше ризашылықтарын айтып, 8 айтыскер ақынды марапаттады.

Еске салсақ, ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігі мен «INFAQ» қайырымдылық қоры бірлесіп, дін қызметкерлеріне баспана алу жобасын қолға алған еді. Ең алғаш Рамазан айында Ырғыз аудандық мешітіне қызмет үй берілді. Оның жалғасы ретінде жуырда облыстық мешіттің ұстазы Қайрат Дәрменовке 5 млн құны тұратын екінші баспана табыс етіледі. Айтысқа дейін 3000000 теңге қаржы болса, ал бүгінгі қайырымдылық айтысынан 1000000 теңге қаржы жиналды.

Одан өзге өңірдегі БАҚ өкілдері қайырымдылық шарасына қолдау білдірді.

 Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі