Ақтөбе: ҚМДБ құжаттары бойынша білім сайысы өтті 591

Ақтөбе: ҚМДБ құжаттары бойынша білім сайысы өтті

31 наурыз 2021 181 Оқу 1 минут

Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен елімізде Республикалық имамдар форумы өткізіліп келеді. Форумдарда ел мұсылмандары мен дін қызметкерлеріне қажет жалпы саны 11 құжат қабылданған болатын.

Жақында Діни басқарма аталмыш құжаттарды біріктіріп «ҚМДБ концептуалды құжаттары» атты бір кітап қылып басып шығарып, әр өңірдегі мешіттердің діни қызметкерлері мен имамдарына таратты. Қазіргі уақытта Республика бойынша барлық мешіттердің жамағаттарының арасында насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өткен апта, Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан бекіткен жылдық жоспарға сәйкес Мұғалжар ауданының Бас имамы Асемхан Ерғазин аудан имамдары арасында «ҚМДБ концептуалды құжаттары» кітабының аясында білім сайысын ұйымдастырды. Аудандық «Нұртай» мешітіне жиналға аудан бас имамдары 11 құжат аясында бақ сынасты. Білім сайысына төрелік етуге Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамдары Алмат Әлиұлы мен Нұрбол Берікболұлы қатысты. Жарыс 2 кезеңге созылып, 11 аудан имамы офлайн және 1 аудан имамы онлайн форматта жарысқа қатысты. Алғашқы тест түрінде өткен кезеңнен келесі ақтық мәре сайысына 5 имам өтті. Шешуші кезеңде әр имам 11 құжаттың ішінен келген күрделі сауалдардан құралған 5 сұраққа дайындалып ауызша жауап берді. Төрешілердің шешімімен Хромтау ауданының Бас имамы Ерік Сұлтанов және Қобда ауданының Бас имамы Абай Шымболатов IV және V орындарға тұрақтады. Ырғыз ауданының Бас имамы Ардақ Абдираманов III орынды қанжығасына байлады. Қарсыласына басымдық берген Мәртөк ауданының Бас имамы Зарлық Ералин II орынды иеленсе, ерекше дайындықпен көзге түсіп, алғырлығын көрсеткен Темір ауданының Бас имамы Қайрат Дәрменовке Бас жүлдеге тігілген 50 мың теңге сыйақы табысталды. Екінші орынды иеленген дін қызметкеріне 30 мың, Үшінші орынға 20 мың және қалған қатысушыларға ынталандыру сыйақылары берілді.

Артынша имамдар Мұғалжар аудандық мұражайды аралап, жергілікті жердің тарихымен танысты.

Осылайша Ақтөбе имамдары құжатты халыққа насихаттамастан бұрын өз араларында бір пысықтап алу мақсатында жоғары дәрежеде білім сайысын өткізді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің Баспасөз қызметі