Ақтөбе имамдары халықаралық онлайн конференцияға қатысты 382

Ақтөбе имамдары халықаралық онлайн конференцияға қатысты

26 қараша 2020 221 Оқу 1 минут

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Бейбітшілік пен рухани келісімді сақтаудағы діни институттардың рөлі» атты халықаралық конференция өтті.

Аталмыш шараға ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің имамдары онлайн режимде қатысты. Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан және өкілдікке қарасты қала және аудан имамдары конференцияда сөз алған ғұламалардың баяндамаларын тыңдады.

Конференция алғаш сөз алған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ширек ғасырлардағы іркілді істерге тоқталып, келер жылдардың еншісіндегі келелі жоспарлармен бөлісті. Бас мүфти «Ең бастысы Діни басқарма 30 жылда рухани ордаға айналды» деді құттықтау сөзінде. Жиын барысында ҚМДБ-ның тарихы туралы видеоролик көрсетіліп, осы уақытқа дейін жеткен жетістіктер паш етілді.

Мерекелік жиынға Діни басқарманы әр жылдары басқарған бас мүфтилер Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Әбсаттар қажы Дербісәлі, Ержан қажы Малғажыұлы, Серікбай қажы Ораз және қазіргі Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Одан өзге Ақпарат және қоғамдық даму министрі, Білім және ғылым министрі, еліміздегі беделді ЖОО ректорлары, көрші мемлекеттерден онлайн қатысқан Ресей, Түркия және Орта Азия түркі тілдес елдерінің Бас мүфтилері баяндама жасап, Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы Діни басқарманың 30 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Халықаралық конференция барысында Муфтиятта әр жылы басқарған Бас мүфтилер ҚМДБ-ның 30 жылдық мерекелік медалімен марапатталды. Ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция соңында арнайы үндеу қабылданды.

 

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің 

баспасөз қызметі