Ақтөбе имамдары қарттарға құрмет көрсетіп, ізгі дәстүр үлгісін көрсетті
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігіне қарасты қала, аудан және ауыл мешіттерінің имамдары 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай жергілікті қария, ақсақал-қарттарға құрмет көрсетті.
Игі шара барысында Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев бастаған облыс дін қызметкерлері елге ардақты қариялардың шаңырақтарына арнайы барып, мерекемен құттықтап, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізді. Қарттарға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық, береке-бірлік тіленді.
Кездесулер барысында үлкенге құрмет көрсету, олардың өнегелі өмір жолын дәріптеу – халқымыздың ежелден қалыптасқан асыл дәстүрі екені айтылды. Ақсақалдардың ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесі жас ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі екені атап өтілді.
Сонымен қатар қарияларға арнайы сый-сияпаттар табысталып, жеміс-жидектер салынған қоржындар тарту етілді. Күтпеген жерден көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдірген ақсақалдар ақ баталарын беріп, ізгі тілектерін жеткізді.
Қазақ халқы үшін қарияның батасы – береке мен бірліктің бастауы. Үлкенді сыйлап, ақсақалдың алғысын алу – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тағылымды дәстүр.
Қарияларымыз аман болып, елдің ақ батасы ортаймасын!













































































