Бас мүфти «Досжан хазірет тағылымы және ұлттық руханияттың сабақтастығы» атты республикалық конференцияда баяндама жасады
Бүгін ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе облысына арнайы келген жұмыс жаспары барысында Ақтөбе қаласында өткен «Досжан хазірет тағылымы және ұлттық руханияттың сабақтастығы» тақырыбындағы республикалық ғылыми-танымдық конференцияда арнайы баяндама жасады.
«Досжан хазіреттің мұрасын жастар тәрбиесіне тиімді пайдалану аса маңызды деп санаймын. Бүгінде тарихи тұлғалардың өнегесін жас ұрпаққа жеткізудің маңызы өте жоғары. Жастар тек қазіргі заманның ақпаратын ғана емес, өз халқының рухани тарихын да білуі керек.
Өз тарихын білген ұрпақтың ұлттық санасы берік болады. Өзінің рухани тамырын таныған жастарымыз жат ағымның жетегіне оңай ермейді. Дінін дұрыс таныған жас буын өкілдері дінді қоғамнан бөліну үшін емес, қоғамға пайда келтіру үшін ұстанады.
Бабаларымыздың мұрасын ұлықтау – өткенге тағзым ету ғана емес, болашаққа жол көрсету деген сөз. Досжан хазіреттің есімін ұлықтау арқылы біз оның жеке тұлғасын ғана емес, қазақ даласындағы білім, иман, бірлік, еңбек, елдік және адамгершілік дәстүрін дәріптейміз» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі











































