Ақтөбе: 346-шы баспана табысталды 505

Ақтөбе: 346-шы баспана табысталды

04 ақпан 2021 232 Оқу 1 минут

Кеше, ҚМДБ «Зекет» қорының «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында Ақтөбе облысы, Алға аудандық мешітінің ұйымдастыруымен мұқтаж отбасыға баспана кілті табысталды. 

Салтанатты шараға Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан, Алға ауданының әкімі Мамырғали Досқұлұлы, «Зекет» қорының Ақтөбе облысы бойынша өкілі Алмат Әли, Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгір және аудан тұрғындары қатысты. Қадірлі қонақтар баспана иесін шын жүректен құттықтай келе атсалысқан азаматтардың баршасына алғыс білдірді.

Республика бойынша 346-шы баспана – Ақтөбе облысы, Алға қаласының тұрғыны, III топтағы мүгедек Түйешина Маржанай есімді 1 бала тәрбиелеп отырған анаға бұйырды. Ол кісіге алғалық ағайынның асарымен Алға қаласынан 2 бөлмелі пәтер кілті табысталды.

Аудан Бас имамы Әбдіуахид Әбдірасуловтың ұйымдастыруымен және атымтай жомарт жандардың демеушілігімен табысталған бұл баспана Республика бойынша 346-шы, ал Ақтөбе облысы бойынша 14-ші баспана болып тіркелді.

Мұқтаж отбасыларға қуаныш сыйлап жүрген «Ел үлесі пәтерге» жобасы алдағы уақытта Ақтөбе өкілдігінің ұйытқы болуымен және жамағаттың қолдауымен Ақтөбе облысында өз жалғасын таппақ. Ауызбіршілік танытқан алғалық ағайынға алғыс айтып, жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеп қайтсын деп тілейміз.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің 

баспасөз қызметі