Таразда көне жазба мұраларға арналған ғылыми семинар өтті
Тараз қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысындағы өкілдігі «Көне қолжазбалар мен ескі кітаптар – дәстүрлі ислам құндылығы» атты ғылыми семинар өткізді.
Жиынға ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төреәлі Қыдыр, Жамбыл облысының Бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, облыстық архив пен музей саласының жетекшілері және дінтанушы, шығыстанушы мамандар қатысты.
Семинар барысында исламдық қолжазбалардың тарихи-мәдени маңызы, рухани мұраларды сақтау мен ұрпаққа жеткізу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар сирек кездесетін көне кітаптар мен жазбалар көрмесі ұйымдастырылды.
Өңірдің Бас имамы Асқар Зәкіржанұлы да көне мұраларды жастарға таныстырудың рухани тәрбие берудегі рөлін атап өтті.
Шара соңында қатысушылар қолжазбаларды цифрландыру, ғылыми айналымға енгізу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытында ұсыныстар білдірді.
Бұл бастама – ел руханиятын байытуға және тарихи мұраларды сақтау ісін жүйелеуге бағытталған маңызды қадам болды.





































