СҮННЕТКЕ САЙ АМАЛ 2168

СҮННЕТКЕ САЙ АМАЛ

11 қазан 2022 84 Оқу 1 минут

Қазақ атам мұсылманшылыққа мойынсұнған күннен бастап, сүннетті салтым деп білген. Салт-дәстүрімізге сүннеттің сіңгенінің арқасында атеистік саясат замандарында да біз асыл дінімізден айырылмадық. Дін апиын деген дәуірде қазақ ақындары:

Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,
Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.
Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,
Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін, - деп жырлаған. Қазақ жеріне Ислам аттап кірген күннен саф діннің құндылықтарын сақтағанбыз.

Сүннетпен жүру әрбір мұсылман баласына – міндет. Ал, енді сүннетпен жүру деген не өзі? Хадис кітаптарының өзіміз білетін қазақ және орыс тілдеріндегі аудармаларын оқып, өз бетімізше сүннетті орындай аламыз ба? Олай болса, неге ислам ғұламалары хадистерге том-том түсіндірме еңбектер жазды? Неліктен ғұмырларын хадистерді зерттеуге жұмсады?

Бір кездері жастар: «Мен сүннетпен намаз оқимын. Пайғамбар қалай оқыған болса, дәл солай оқимын. Жұрт сияқты мазһабпен оқымаймын», - дейтін. Әрине, діни сауаты болмағандықтан сүннет тұрғанда мазһабқа жөн болсын дейді. Міне, бұл мәселенің ақ-қарасын ажырататын негізгі нүкте. Сүннет пен мазһабты екі бөлек деушінің өзі діни білімге терең бойламағандығын аңғартады. Арнайы діни білімі жоқ, бірақ жылдар бойы көз майын таусып шариғат оқыған имам ағасына күдікпен қарауы шалалық. Біле білгенге сүннетті ең әуелі қорғайтын бірегей құрал мазһаб. Демек, мазһабқа қарсы болу Құран мен хадиске қарсылық білдіруі. Мәселен, намаз тақырыбында көптеген мәселелер бар. Соның бірі «Мен қалай оқыған болсам, сондай етіп оқыңдар», - деген хадис. Бұл хадис қашан, қай жерде және не себепті айтылғанын білмей мағына беруге болмайды.

Аталмыш хадис фиқһ кітаптарында «қаза намаз» бөлімінде жазылған. Оқиға былай болған. Хандақ шайқасында ешбір мүмкіндігі болмаған мұсылмандар төрт намазды қаза етеді. Шайқастан соң пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Біләлға азан шақыруға бұйрық береді. Барлығы жиналып қаза намаздарды рет-ретімен оқиды. Намаз біткеннен кейін Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Мен қалай оқыған болсам, сондай етіп оқыңдар», - деді. Осы хадис негізінде фиқһ ғалымдары бес қаза намазынан аспаған кісі намаздарын ретімен өтейді деп пәтуа берген.

Менің оқыған хадисімнен басқа ешбір риуаят жоқ дегенді «заң» етіп алған бағзы бауырлар өздері былай тұрсын аяғы ауыр келіншектерін де талтайтып намаз оқытады. Бұл үлкен сауатсыздық. Ғұламалар арасында «Хадисте фақиһтан (шариғат мәселесін жетік білетін ғалымнан) басқа адам қателеседі», - деген қағида бар. Өйткені Құран секілді хадис мәтіні жалпыға қаратылып айтылғанымен жекелеген адамдарға қатысты болып шығады. Кейде керісінше жеке адамға айтылғанымен үкімі жалпыға ортақ болады. Ал, бағзы хадистер үкімі тоқтатылған. Сенім мәселесіне қатысты хадистердің жөні тіпті бөлек. Ал, фиқһ ғылымының маманы хадистегі мұндай мәселені нәзік түсінеді.

Сөзіміз түсінікті болу үшін тарихтан бір мысал айтып көрелік. Хадис мәжілісіне бір әйел сауалмен келеді. Мәжілісте Яхия бин Муғин, Зуһайр бин Хирс және Халаф бин Салих секілді ғұламалар отырады. Әйелдің сұрағы: Етеккір әйел шетінеген баласын жуындыра ала ма?, - еді. Хадис талқылап отырғандар жауап таппай, үндемей қалды. Осы кезде мәжіліске Әбу Сәур кіріп келеді. Ол фақиһ ғалым. Хадисшілер: Әне, анау кісіден сұраңыз, - деп Әбу Сәурді нұсқайды. Ғалым: Ия, етеккір әйел мәйітті жуындыруына болады. Бұған Айша (р.а.) анамыздан жеткен: Сенің етеккірің қолыңда емес, - деген хадис негіз болады. Айша анамыз да етеккір кезінде пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) басын жуып беретін. Демек, етеккір әйел тірі адамның басын жуатын болса, марқұмды жуындыруына әбден болады деп пәтуа айтады. Мұны естіген хадисшілер: Ия, дұрыс айтады. Бұл хадисті пәленше түгеншеден, ол пәленшеден риуаят еткен деп шұбыртып жөнеледі. Сонда әйел: Жауапты білсеңіздер жаңа қайда қалдыңдар?, - деген екен.

Әбу Ханифа Ағмаштан бірқатар хадис тыңдайды. Ғалымдардың бас қосып отырғанын естіген жұрт сұрақтармен келе бастайды. Жұрттың сұрақтарына Әбу Ханифа жауап береді. Ағмаш: бұл пәтуаны неге сүйеніп айтып отырсыз деп сұрайтын көрінеді. Әбу Ханифа сіз маған Нахъи риуаят етті, Шаъби риуаят етті және басқа рауилерден деп айтқан хадистерге сүйене отырып айтамын, - деген екен. Сонда Ағмаш: Біз құспыз, ал сіздер құсбегісіздер, - деп айтқан екен. Расында, хадисшілер көп жағдайда пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сөздерін жат алғанымен оның астарлы мағыналарына терең бойлай бермейді. Ал, фиқһ ғалымдары хадисті өмірде пайдаланудың шеберлері болып келеді. Фиқһ сұрақтарымен келгендерге Ағмаш: Мұндай сұрақтарға Нұғман Сәбитұлы жақсы жауап береді. Оған фиқһ ілімінің берекеті берілген деп ойлаймын», - дейді екен.

Сондықтан да болар Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Кейде хабар жеткен кісі естушіден артық түсінеді. Кейде білім арқалаушы білімді болмайды. Кейде білім арқалаушы өзінен артық түсінушіге білімді жеткізеді», - деп айтқан. Демек, мынадай хадис бар екен, мынау сүннетке сай емес екен деген бос дау-дамайды тоқтатып, төрелікті дін маманына беру қажет.

 

Төлеби ОСПАН,

Алматы қаласының бас имамы