Рамазан – жақсылық жаршысы 6002

Рамазан – жақсылық жаршысы

23 ақпан 2026 18 Оқу 1 минут

Рамазан айы – Жаратушы тарапынан мұсылман қауымына бір жыл бойы атқарған тірлігіне, істеген күнәларына, жіберген қателіктеріне көз тастап, бір айдың ішінде есеп беретін, тәубе етіп күнәлардан арылатын, қасиетті ай.

Алла Тағала «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Әй, иман келтіргендер! Аллаға қарсы келуден сақ боларсыңдар деп сендерден бұрынғыларға ораза парыз етілгендей, санаулы күндерде ораза ұстау сендерге де парыз етілді» - деп бұйырады.

Ислам дінінде бұйырылған, парыз болған ғибадаттың дерлігі пенденің шама-шарқына қарай, Алланың белгілеген шеңбері аясында құрылған.

Рамазан айында атаулы үлкен нығметтермен қатар, соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с) Құран түскенін білеміз. Екі дүниенің кілті болған ұлы Кітап түсті. Тағы бір қасиеттілігі пенденің ниетіне, пейілі мен жүрек жарды дұғасына қарай тағдыры жазылатын «Қадір» түнін ала келді. Осы түні Өзінің шынайы құлдарына әлемнің Раббысы мейірін төгіп, Жәбірейіл (а.с) бастаған періштелердің түсуімен жер бетін нұрландырады.

Пендесіне аса қамқор ерекше мейірімді Алла Тағала Рамазан айында жәһәннам есіктерін құлыптап, жәннат есіктерін айқара ашып, шайтандардың да байланып, қамалатынынан хабар берген. Міне, бұл өз пенделерінің үлкен-кіші күнәларынан арылып, бақылауға көнбейтін нәпсісін жан-жақты тәрбиелеп, алаңсыз ғибадат етуіне үлкен мүмкіндік. Олай болса, бір ай бойына марапатқа лайықты ғибадат жасап, осы бір айлық рухани сайыстың мәре сызығы белгіленер түні (Қадір түні) Аллаһтың разылығына бөленіп, Жаратушының тек оразашыға тарту етер сыйлығы – жәннаттағы Райян қақпасынан кірген алғашқылардан болайық!

Өз мейір-шапағатынан үмітсіз қалдырмаған, кешірімділігінен күдер үздірмеген, нығметінен кемтар етпеген Аллаға сансыз мақтау болсын!

Абзал Медетбеков

Шалқар ауданының бас имамы