Сирия ғалымының мазһаб жайлы сөзі 424

Сирия ғалымының мазһаб жайлы сөзі

23 желтоқсан 2020 229 Оқу 1 минут

Сирия, Түркия мен Мысыр елдерінде фиқһ тәлімі қызметін атқарып жүрген ғалымның әңгімесі. Маған кеше сұрақ келді. Сауал қоюдың мақсаты – білім үйрену емес екені айдан анық. Оның жат ағым ықпалындағы адам екені сұрағынан белгілі боп тұр. Сауалын сөзбе сөз айтайын. Өйткені, бұл көптеген шала сауатты жастардың басындағы проблема.

Сауал мәтіні былай: «Мен бала күнімнен Мәлики мазһабындамын. Алайда, бір мәселеде Шәфиғи мазһабының үкімі дұрыс екенін білсем, дұрысты ұстанауым керек пе? Әлде, өз мазһабымда қалауым тиіс пе?», - дейді. Соңынан сұрағына өзі жауап беріп былай дейді: «Алланың атымен ант етемін! Мен ақиқат деп сенген үкімге ілесемін. Бұл ертеңгі күні Алла алдында менің куәлігім болмақ. Мен Құдайдың алдында ешбір мазһабқа, ешбір елге қатысым жоқ екеніне бұл шешімім куәлік етеді, - деп түйіндейді.

Әрине, бұл уаһаби ағымының жетегіндегі адамның сөзі. Ол бұл сөзімен мазһаб деген діннің жауы деп айтқысы келіп тұр. Енді сұрағына оралайық. «Мәликимін, алайда Шәфиғи үкімі дұрыс екенін көрсем» дейді. Демек, сенің айтуыңша екі мазһаб үкімінің қыр-сырына үңіле алатындай ғалым екенсің. Оларды талдап, саралайтын ілімге ие екенсің. Мұны тек мұжтаһид қана байқай алады. Егер сен шындығында мұжтаһид болсаң, мазһабпен жүруге тиым салынады. Фиқһ ілімінде мұжтаһид деңгейіне жетсең, саған түбегейлі бір мазһабты ұстануға тиым салынады.

Сұрақ қоюшы: «ақиқат деп сенген» дейді. Негізі, ешбір фиқһ ғалымы үкім шығарғанда тек менікі дұрыс деп айтпайды. Осы үкімді дұрыс деп білемін дей тұрып, қалған көзқарастарды да жоққа шығармайды. Ертең, Алла Тағаланың құзырында куәлік етеді деген сияқты ауыр сөздің ешбір қажеті жоқ. Бұл сөз екі мазһабтың бірі анық адасуда деген ойға саяды. Мұндай пікір «менің көзқарасымнан басқа пікірлер толықтай Аллаға қарсы, тіпті күнә» дегенді меңзейді.

Имам Мәлик – мұжтаһид. Мұсылмандар оның ижтиһадына бас иеді. Ол Мәдина қаласында өмір сүрген мұһажир һәм ансар сахабалардың шәкірттері табиғиндердің ілімін жинақтаған бірегей ғұлама. Имам Мәлик те көптеген ғалымдарға ұстаздық етті. Сұрақ қоюшы: «Мәликтің сөзінен Шәфиғи басым түссе» деуі арқылы имам Мәлик мәселенің дәлелін көрмеген. Ал, мен Мәликтің көрмеген дәлелін көрдім деп тұр. Бұл ақылға қонатын сөз бе?

Екінші айтпағы: Хадис сахих болса, ол менің мазһабым (ұстанған жолым)», - деген ғалымдардың ұстанымы. Жалпы, ол жігіт дұрыс сөзді арам пиғылда қолдануда. Бұл сөзді тек мұжтаһид айтуға құқылы. Мәселен, имам Мәлик Әбу Ханифа (р.а.) одан алдын өткен ғұлама болса да, оның мектебін ұстанбайды. Имам Шафиғи де имам Малик ұстазы бола тұра өз ілімімен үкім іздейді.

Демек, мұжтаһид басқа өзі секілді ғалымның ізімен жүруіне тиым салынады. Өйткені, олар Құран және сүннетті ижтиһад деңгейінде түсіну мүмкіндігіне ие. «Хадис сахих болса, ол – менің мазһабым» деген сөз бізге ешбір қатысы жоқ. Сахих екенін қалай білеміз? Бұхариде сахих деп айтқан дейді. Бұл қанағаттанарлық жауап емес. Мазһаб ғалымдарының талдауынан өткен, әрі олар ғана сахих деген хадис, олардың мазһабы болмақ. Қала берсе, имам Мәлик көрмеген хадисті мен көріп қойдым деп қазіргі жастардың айтуы ақылға сыймайтын ертегі.

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ең жақын ғасырда өмір сүрген ғалым білмеген хадисті мен білемін деу ақымақтық емей немене?! Мәлики мазһабының мыңдаған ғалымдары қалайша ол хадисті білмей қалған? Бұл ақылға қонатын әңгіме ме? Дүйім ғалымдар амал етіп жүрген хадисті бір жас бала келеді де, бұл әлсіз хадис дейді. Мәселе хадисте емес, оны айтып тұрған желөкпе жаста.

Мұсылмандар амал етуде екіге бөлінеді. Сен сол екеуінің бірісің. Біріншісі – мұжтаһид. Мұжтаһид – әрбір аят пен хадисті жіті білетін әрі нәзік түсінетін ғалым. Бұл ғалым ешбір ғалымға ілеспейді. Біліміне сүйене отырып, өзі шешім табуға міндетті. Екіншісі – мұқаллид, яғни ілесуші. Бұл сіз бен біз. Белгілі дәрежеде білім бар. Тіпті арамызда көптеген мазһаб ғалымдарының еңбектерін оқып, зерттеген ұстаздар да бар. Әрбір фиқһ мәселесінің үкімін білетін ғалымдар бар. Тіпті, олардың арасында фиқһ бойынша екі мазһабтың көзқарастарын салыстыруға да шамасы жететіндері бар. Алайда, соған қарамастан ижтиһад дәрежесіне жетпеген. Сондықтан, мұқаллид болып, мазһабпен жүреді. Олай болса, мазһабқа шүйлігу – шариғатты бұзу. Құран мен хадисті дұрыс түсінуге қарсы шығу болмақ.


Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің найб имамы

Махамбет Бисенов