ҚАБІР ӘЛЕМІ ҚАНДАЙ ӘЛЕМ? 3635

ҚАБІР ӘЛЕМІ ҚАНДАЙ ӘЛЕМ?

12 қыркүйек 2024 34 Оқу 1 минут

Қабір – ақырет аялдамаларының алғашқы мекені. Оны барзақ әлемі деп те атайды. Ол – дүниеден өткен адамдардың ақырзаман басталғанға дейін болатын орны. Яғни бұл дүние мен Қиямет күні аралығын бөліп тұрғандықтан, барзақ әлемі деп те аталады.

Алла Тағала Құранда: «Ақыры олардың біріне өлім келген сәтте: «Раббым! Мені (дүниеге) қайтар! Мүмкін мен қалдырғанымда (дүниеде) жақсы амал істермін», – дейді. Әсте олай емес. Бұл оның айтқан бір бос сөзі. Олардың артында қайта тірілетін күнге дейін кедергі (барзах) бар», – деген («Муминун» сүресі, 99-100 аяттар).

Әһлі сүннет сенімі бойынша, әр адам дүниеден өткен соң қабірге жерлене ме, жерленбей ме, тіпті суға батып, өртеніп кетсе де немесе аң-құс жеп кетсе де, өзінің амалына сай есеп беріп, сұраққа тартылады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі  болсын) қабір басында: «Бауырларың үшін Алладан кешірім тілеңдер және ол үшін пана сұраңдар. Өйткені ол қазір есепке алынып жатыр», – деген. Сондай-ақ хадистерде айтылғандай, адам қабірге жерленген соң оған Мүнкәр, Нәкір деген екі періште келіп, сұрақ қояды. Егер мүмин пенде болса, періштелер «Раббың кім?» десе, «Раббым – Алла», «Дінің не?» десе, «Дінім – Ислам», «Сендерге жіберілген кісі кім?» десе, Ол – Алланың елшісі», – деп жауап береді екен. Сол кезде көктен бір жаршы: «Пендемнің рас айтқаны үшін оған (қабіріне) жәннаттан (төсеніш) төсеңдер, оны жәннаттан киіндіріңдер және оған жұмаққа қарай есік ашыңдар!» – дейді. Оған (жәннаттың) лебі мен хош иісі келіп тұрады әрі қабірі көзі жеткен жерге дейін кеңейтіледі», – деген.

Ал егер мұнафық (екіжүзді) адам болса періштелер сұрақ қойғанда: «Білмеймін, мен адамдардың бірдеңе дейтінін естіп, мен де соны қайталап айтып жүрдім. Ол кісінің кім екенін білмеймін», – дейді. Сонда екі періште: «Сенің солай айтатыныңды білетінбіз», – дейді. Сосын жерге: «Оған жақында», – деген әмір беріледі. Жер жақындап оны қабырғалары айқасқанша қысады. Сөйтіп Алла Тағала сол орнынан тірілтіп тұрғызғанға дейін, яғни Қиямет күнінен дейін азап шегіп жатады», – деген. Яғни дүниеден өткен кісі имансыз немесе мұнафық болса, екі періштенің сұрақтарына жауап бере алмай, тозақ есіктері ашылып, ондағы азаптың белгілері көрсетіледі.

Қорыта айтқанда, хадисте айтылғандай, қабір жәннат бақшаларынан бір бақша не тозақ шұңқырларынан бір шұңқыр. Сондықтан пенде имансыз болса, қабірінде азап шегеді, иманды болса нығметке бөленеді. Бұл уақыт адам дүниеден өткен уақыттан басталып, Қияметке, яғни қайта тірілетін күнге дейін созылады. Алла Тағала баршамызды қабір азабынан, тозақ отынан сақтап, жәннат иелері қатарында болуды нәсіп еткей!

 

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ

«Иман» журналы, №8, 2024 жыл