1 Сафар
18:43 Екінті
ЖАР ТАҢДАУ 4633

ЖАР ТАҢДАУ

26 маусым 2025 50 Оқу 1 минут

Асыл дініміз Ислам – адам баласының өміріндегі барлық мәселелерді қамтыған иләһи дін. Асыл дініміздегі кез келген үкім адам баласын екі дүниелік  игілілік пен бақытқа жетелейді. Адамзаттың пайдасы үшін баяндалған осындай үкімдердің бірі – үйлену. Алла Тағала адам баласын бір ер, бір әйелден жұп етіп жаратты. Адам баласының ұрпағы үйлену яғни некелесу арқылы жалғасады. 

Адам баласын өмір көшін жалғап, ұрпақ сабақтастығын үзбей берекелі қоғам құруы үшін, Алла Тағала үйленіп, отау құруға мұқтаж күйде жаратты. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَاللَّهُ جَعَلَ لَكُمْ مِنْ أَنْفُسِكُمْ أَزْوَاجًا وَجَعَلَ لَكُمْ مِنْ أَزْوَاجِكُمْ بَنِينَ وَحَفَدَةً وَرَزَقَكُمْ مِنَ الطَّيِّبَاتِ

«Сондай-ақ Алла өз болмыстарыңнан өздерің үшін жұбайлар жаратты. Сол жұбайларың арқылы сендерге бала-шаға, немере-шөбере сүйгізді және таза әрі пайдалы азықтарды ризық етіп берді...», – деген («Нахл» сүресі, 72-аят). Неке қиып үйлену арқылы адам баласы өз мойнына үлкен жауапкершілік алады.Сондықтан, бұл нәрсе екі жастың әуелі имам мен куәгерлердің алдында сөз байласып, серттесу рәсімімен бастау алады. Жұбайлардың әрі қарайғы өмірі берік қағидаға негізделеді. Олар бір-бірлері үшін сүттей ақ, судай мөлдір, барынша мейірімді әрі кешірімді болуы керек. Үйлену – бұл тек екі адамның арасында ғана емес, барлық қоғамның қалыптасуындағы маңызды қадам. Оның рухани мәні мен қоғамға тигізер әсері туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің көптеген хадистерінде айтып кеткен. Үйлену – Исламда маңызды әрі сауабы мол амалдардың бірі. Өйткені үйлену – адам өмірінің маңызды әрі жауапты кезеңі. Бұл тек қана екі адам арасындағы байланыс емес, отбасының қалыптасуы, қоғамның тұрақтылығы, тәрбиелі ұрпақтың дүниеге келуі үшін негіз болатын маңызды қадам. Үйленудің адам баласының дүние-ақыретіне тигізер пайдалары өте көп. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйленудің пайдалары туралы бір топ жасқа былай деген: 

مَنِ اسْتَطَاعَ البَاءَةَ فَلْيَتَزَوَّجْ، فَإِنَّهُ أَغَضُّ لِلْبَصَرِ، وَأَحْصَنُ لِلْفَرْجِ، وَمَنْ لَمْ يَسْتَطِعْ فَعَلَيْهِ بِالصَّوْمِ، فَإِنَّهُ لَهُ وِجَاءٌ

«Сендерден үйленуге күші жеткендер дереу үйленсін. Өйткені үйлену көзді харамнан сақтайды. Үйленуге мүмкіндік таппағандар болса, ауыз бекітсін. Өйткені ораза құмарлықты тежейді», – деген (имам Бұхари). Үйленудің пайдаларының қатарында адамның рухани әрі нәпсілік тұрғыдан жайлылық сезінуін айтуға болады. Бұл шаралар арқылы қоғам мүшелері зинаның бір нәтижесі ретінде пайда болатын жұқпалы аурулардан қорғалады, ұятсыздықтың жайылуының алдын алып, күнәлі іске жол берілмейді. Ибн Абидин (Алла оны рақымына алсын): «Үйленуге көңіл бөлу нәпіл ғибадаттарға берілуден де анағұрлым артықшылыққа ие. Өйткені үйленуде адамға өзін харам істерден сақтау әрі бала өсіру секілді маңызды мәселелер бар», – деген. Мұсылман адам отбасы мәселесінде келесідей құндылықтарға мән беруі қажет:

Бірінші: ізгі жар таңдау

Адам баласының отбасы ізгі болуы үшін алатын жарының да салихалы болуы өте маңызды. Сол себепті де өмірлік жарды таңдауда сезімнің жетегіне берілмей, ақылға салып, ойланып, жан-жақты ақылдасып барып шешім қабылдаған дұрыс. Әсіресе жар ретінде таңдайтын адамның имандылығы, мінез-құлқы, тәрбиесі, тазалығы деген сипаттарына аса мән берілуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нұр» сүресінің 32-аятында:

وَأَنْكِحُوا الأيَامَى مِنْكُمْ وَالصَّالِحِينَ مِنْ عِبَادِكُمْ وَإِمائِكُمْ إِن يَكُونُوا فُقَرَاءَ يُغْنِهِمُ اللهُ مِن فَضْلِهِ وَاللهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ

«Өз араларыңдағы бойдақ болып жүргендерді және құлдарың мен күндеріңнің ізгі болғандарының некелерін қиып, үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла мейірімін төгіп, жағдайларын жақсартады (байытады). Алла – рақымы шексіз кең, барлығын қамтушы, білуші», – дейді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

اَلدُّنْيَا مَتاعٌ وَخَيْرُ مَتَاعِهَا الْمَرْأَةُ الصَّالَحَةُ

«Бұл дүние (мен оның ішіндегі нығметтердің бәрі де) уақытша берілген. Ондағы нығмет атаулының ең абзалы – салиқалы әйел», – деген (имам Мүслим).

Ендеше, қандай да бір адамға ізгі жар нәсіп етілсе, үлкен нығмет берілгені. Халқымыздағы: «Жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс», – делінген мақал-мәтел біздерге осыны айтуда. Үйленуді ниет еткен адам жар таңдауда асығыстыққа салынбауы тиіс. Себебі, көп жағдайда оның арты орны толмас өкініштерге алып келеді. Осыны Хәкім Абай атамыз өз өлеңінде:

Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,

Лапылдық көрсе қызар нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл берме! 

Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, – деп жеткізген.

Екінші: жар таңдаудағы әдеп

Жар таңдау – адам өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі. Ол адамның болашақтағы өмірін, ұрпақ тәрбиесін, тіпті қоғамның қалыптасуына әсер ететін үлкен жауапкершілік. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жар таңдауда белгілі бір әдептер мен өлшемдерді көрсетіп берген. Қазақ халқы да бұл мәселеде терең таным, салт-дәстүр, рухани тәрбие қалыптастырған. Адам – жаратылысы әлсіз, жалғыз өмір сүруге бейімделмеген тіршілік иесі. Оның жаны мен тәні үйлесім табуы үшін, өмірлік серікке, сүйіспеншілік пен тыныштыққа мұқтаж. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Рум» сүресінің, 21-аятында:

وَمِنْ آيَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَكُمْ مِنْ أَنْفُسِكُمْ أَزْوَاجًا لِتَسْكُنُوا إِلَيْهَا وَجَعَلَ بَيْنَكُمْ مَوَدَّةً وَرَحْمَةً ۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَآيَاتٍ لِقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ

«Сендерге Оның (Алланың құдіретін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – өз болмыстарыңнан жандарың жай тапсын деп, сендер үшін жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік сезімін ұялатты. Расында осыны ақылға салып, ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер мен ғибрат бар», – деп айтқан. Бұл аятта Алла Тағала некенің маңызын, ер мен әйелдің бір-бірін толықтыратын, рухани жақындастыратын жаратылыс екенін баяндайды. Демек, жар таңдау тек дүниелік емес, имани әрі қоғамдық маңызы бар қадам. Ислам дінінде жар таңдаудың белгілі өлшемдері бар. Олардың ең бастысы – иманы мен тақуалығы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

تُنْكَحُ المَرْأَةُ لأَرْبَعٍ: لِمَالِهَا، وَلِحَسَبِهَا، وَلِجَمَالِهَا، وَلِدِينِهَا، فَاظْفَرْ بذَاتِ الدِّينِ تَرِبَتْ يَدَاكَ

«Әйелге төрт нәрсеге қарап үйленеді. Мал-дүниесі, тектілігі, әдемілігі және имандылығы үшін. Сен имандысын таңда, қолың берекеге толады!» – деген (имам Бұхари). Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) تَرِبَتْ يَدَاكَ (тарибат ядака – «қолың топыраққа тисін») деген сөзі – араб тілінде кең таралған. Бұл қарғыс емес, қайта бір іске аса мән беруге шақыратын, ескертуші тіркес. Мағынасы – «есіңді жи, дұрыс таңдау жаса» дегенге саяды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Әйелдерге тек әдемілігіне қарап үйленбеңдер. Әдемілігі тәрбиесіздікке апарып соғуы мүмкін. Тек байлықтарына қарап та үйленбеңдер. Өйткені байлығы шектен шығуына себеп болуы мүмкін. Әйелдерге имандылығына қарап үйленіңдер. Өйткені иманды күң болса да артық», – деген (Ибн Мәжа). Әйелдің сұлулыған, тектілігіне қарау күнә емес, бірақ бұл сипаттар діндарлықтан кейінгі орында тұруы керек. Ер адам қандай жар таңдаса, сол жардың тәрбиесі ұрпағына беріледі. Сол сияқты әйел де болашақ күйеуін иман мен мінез тұрғысынан саралап, парасатты шешім қабылдауы керек. Әйел заты үшін күйеуінің кім екені – өмір бақытының немесе машақатының бастауы болуы мүмкін. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын) қыз балаға өмірлік серік таңдау жайлы былай деп ескерткен:

 إِذَا جَاءَكُمْ مَنْ تَرْضَوْنَ دِينَهُ وَخُلُقَهُ فَأَنْكِحُوهُ إِلَّا تَفْعَلُوا تَكُنْ فِتْنَةٌ فِي الْأَرْضِ وَفَسَادٌ. قَالُوا يَا رَسُولَ اللَّهِ وَإِنْ كَانَ فِيهِ؟ قَالَ: إِذَا جَاءَكُمْ مَنْ تَرْضَوْنَ دِينَهُ وَخُلُقَهُ فَأَنْكِحُوهُ ثَلَاثَ مَرَّاتٍ

«Егер сендерге діні мен мінез-құлқы көңілдеріңнен шығатын біреу (қыздарыңа) құда түссе, оны үйлендіріңдер. Егер бұған жол бермесеңдер, жерде бүлік пен үлкен бұзақылық туындайды.

Сахабалар:

«Уа, Алланың Елшісі! Ал егер (ол кісінің кейбір кемшілігі болса) ше?» – деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жауап берді: «Егер сендерге діні мен мінез-құлқы көңілдеріңнен шығатын біреу құда түссе, оны үйлендіріңдер"  деп үш рет қайталады»
(имам Термизи).

Бұл хадис – қоғамның берекесі мен отбасының тыныштығын сақтаудың жолын көрсетіп тұрғандай. Демек, әйел адам өзіне жар таңдарда тек байлығына, келбетіне немесе әлеуметтік мәртебесіне емес, ең алдымен имандылығы мен көркем мінезіне қарауы керек. Себебі сыртқы байлық – уақытша, ал жақсы мінез – өмір бойы бірге болатын асыл қасиет.

Қисса

Фатима бинт Қайс (Алла оған разы болсын) жеткізеді: Абу Амр ибн Хафс маған үш талақ берді (толық ажырасу), өзі сапарда жүрді. Оның туысы маған біраз арпа жіберді (нафақа ретінде), бірақ мен оны азсынып, қабылдамадым. Сол кезде туысы: «Аллаға ант етейін, сенің бізде ешқандай ақың жоқ», – деді. Мен Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барып, бұл жағдайды баяндадым. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған: «Саған одан (бұрынғы күйеуіңнен) нәпақа (қаражат, азық-түлік) берілмейді», – деді. Сосын маған: «Сен ибн Умму Мактумның үйінде иддә (ажырасудан кейінгі күту мерзімі) күтуді бұйырды. Ол – зағип адам, оның жанында еркін жүре аласың. Иддәң аяқталғанда маған хабар бер», – деді.

Фатима бинт Қайс (Алла оған разы болсын) былай жалғастырады: Иддәт мерзімім аяқталған соң. Мен Пайғамбарға барып: «Маған Мағауия ибн Әбу Суфиян мен Әбу Жәһм және Усама ибн Зейд құда түсіп отыр», – дедім. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтты: «Әбу Жәһм – таяғын иығынан тастамайтын адам (яғни әйелін ұратын), ал Мағауия – кедей, малы жоқ. Сен Усама ибн Зейдке тұрмысқа шық», – деді. Бірақ мен оны (Усаманы) қаламай тұрғанымды айттым. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайта: «Усамаға тұрмысқа шық», – деді. Сөйтіп мен Усамаға тұрмысқа шықтым. Алла маған ол арқылы көп жақсылық берді. Мен бұл неке арқылы бақытқа кенелдім.

Үшінші: тектілік – болашақ ұрпақтың кепілі

Қазақ халқы ықылым заманнан бері тектілікке ерекше мән берген. «Тегін білмеген – тексіз» деп, ұрпақ тәрбиесінде адамның шыққан тегін, арғы атасын, руын, елін білуге үндеген. Себебі тектілік – жай ғана ата-бабаның атымен мақтану емес, ол – рухани, адамгершілік, мәдени, әрі тәрбиелік қасиеттердің ұрпақтан ұрпаққа берілуі. Бұл – ұлттың болмысы мен келешегінің алтын діңгегі. Тектілік – қанмен де, жанмен де берілетін қасиет. Қанмен берілетіні – дене бітімі, мінез ерекшелігі, қабілеті болса, жанмен берілетіні – ар-ождан, намыс, имандылық пен парасаттылық. «Тегінде бар текті ер – оңайлықпен кетпейді» деген сөз осыны меңзейді. Текті ұрпақ – ата-бабасының абыройын сақтайтын, ел мен жердің қамын жейтін, әділ де намысшыл, ұлтқа қорған болар тұлға. Бұл – неке тазалығын сақтау үшін ғана емес, ұрпақ бойындағы рухани биіктікті сақтау үшін де қажетті ұғым. Себебі тектілік жойылса, адам баласы азғындап, ар-ұятынан айырылып, ұлттың болашағы бұлыңғыр болады. Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық болмысымызға төнген қауіп көп. Тілінен, дінінен, ділінен айырылған ұрпақ – тексіздікке бет бұрады. Ұл-қызымызды «сен – текті елдің ұрпағысың» деп тәрбиелесек, олар ел мүддесін бәрінен биік қояды. Болашақ ұрпақтың рухани тазалығы мен ұлттың амандығы тектілікке тікелей байланысты. Тектілік – адамгершілік, ұят, әдеп, руханият, тәрбие, көрегендік, жауапкершілік секілді асыл қасиеттердің отбасында үздіксіз жалғасуы. Өмірлік жолдасын жақсылығы, көркем мінезділігі, тегі мәртебелі болған, абыройлы, тамырын терең жайған отбасынан таңдау керек. Өйткені, адамдардың да кен қазбалары сияқты ұлықтығы мен төмендігі, жақсылығы мен жамандығы әр түрлі болады. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір сөзінде:

إيَِّاكُم وخَضْرَاءَ الدِّمَنِ فَقِيلَ: وَ مَا خَضْرَاءُ الدِّمَنِ؟ قالَ : المَرْأَةُ الحَسَنَاءُ في المَنْبَتِ السُّوءِ

 «Сендер көңдегі жасыл шөптен сақ болыңдар», – деп ескертеді. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! көңдегі жасыл шөп не?» – деп сұрады. Сонда Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаман жерде (отбасында) өскен сұлу қыз (әйел)», – деп жауап берген (имам Дарақутни). Мухаммад Мутуәли әш-Шағрауи (Алла оны рақымына алсын) былай деген: Бұл хадистың мағынасы – егер негізі, тегі дұрыс болмаса, онда ұрпақтың да бұзылуы мүмкін дегенді білдіреді. Қоқысты жерде шөп өсіп шығуы мүмкін, сыртынан қарағанда жасыл, әдемі көрінеді, бірақ шыққан жері – лас. Яғни бұл мысал арқылы тек сыртқы сұлулығына қарап, діні мен тәрбиесі жоқ әйелдерге үйленуден сақ болу керектігі ескертілген. Себебі мұндай неке ізгі ұрпақ емес, бұзылған ұрпақ беруі мүмкін. Сондықтан мұсылман адам мынадай әйелге үйленуге ұмтылуы керек: «Егер оны бір іске бұйырсаң – ол саған мойынсұнады; егер оған қарасаң – жүрегің қуанады; сен үйде жоқта – ол сенің абыройыңды да, мал-мүлкіңді де аман сақтайды», – деген.

 

Қисса

Әсләм (Алла оған разы болсын) Мен бірде түн ішінде Омар ибн әл-Хаттабпен (Алла оған разы болсын) Мәдина қаласын күзетіп жүр едім. Ол шаршап, бір қабырғаның жанына сүйеніп отырды. Сол кезде үйден әйел мен қызының әңгімесі естілді.

Анасы қызына:

  • Қызым, орныңнан тұр да, анау сүтке су қос, — дейді.

Қызы болса:

– Анашым, халифа Омардың қандай бұйрық бергенін білмейсіз бе? – дейді.

Анасы таңырқап:

– Қандай бұйрық? – деп сұрайды.

Қызы:
– Омар елге жар салып: «Сүтке су қосудан сақ болыңдар, бұл – алдау!» деп ескертті.

Анасы:

– Қызым, тұр да, сүтке су қос. Омар да, оның жаршысы да бұл жерде жоқ. Саған қарап тұрған ешкім жоқ қой, –  деді.

Сонда қыз былай деді:

– Анашым, мен Омарға ел көзінше бағынсам да, оңаша жерде қарсы келетін жан емеспін. Адамдар көрмесе де, Алла бәрін көріп тұр, – деді.

Осы әңгіме халифа Омардың (Алла оған разы болсын) құлағына түгел жетті. Ол орнынан тұрып, маған (яғни Әсләмге) қарап: Бұл үйдің есігін белгілеп ал. Бұл жерді ұмытпа, –  деді. Кейін таң атқанша басқа үйлерді аралап, ел жағдайын бақылап жүрді. Таң атқан соң Омар маған:

– Бар, кеше түнде сөйлескен әйел кім, қызы кім – анықта. Үйде ер адам бар ма? – деді. Бардым да, қарап едім: әлгі жас қыз – бой жеткен, ешкімге тұрмысқа шықпаған екен. Анасы екеуі ғана тұрады, үйде ер адам жоқ. Бұл жайды келіп Омарға хабарладым. Сонда халифа Омар (Алла оған разы болсын) әлгі қызды ұлы Асимге некелеп қосады. Бұл некеден бір қыз дүниеге келеді. Кейін бұл қыздың өзінен Омар ибн АбдулАзиз (Алла оны рақымына алсын) дүниеге келеді.

 

Қисса

Төле би баласына келін таңдар кезде: «Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына қызықпаймын, бидің билігіне қызықпаймын, асыл пышақ қап түбінде жатпайды деген. Келінім ақылды болса, ұлымның елге даңқы кетеді. Би түскендей үй болу – әйелден. Әйелі жақсы болмай ер оңбайды. Ердің бақытын кетіретін де – әйел, ерге бақыт әперетін де – әйел», – деген екен.

Бірде Төле биге Түрікмен елінен елші келіп: «Бір жылдан бері бітпей жатқан дауымыз бар еді, соған билік жасаңыз»,– деп шақырады. Қайтып келе жатқанда алдынан бір топ атты қыз-келіншек көрінеді. Ол топтың ішінде Данагүл деген қыз құрбыларына: «Әй, қыздар, тоқтаңыздар, аттарыңыздың басын тартыңыздар. Жоғарыдан бір қатар аттылар келе жатыр, алдынан кесе-көлденең өтпейік, арасында ер бастаған батыр бар шығар, сол ерге ақыл айтқан ақсақалы бар шығар, батасын алып, алғысына бөленейік. Атты кісілер алдымыздан кесіп өтсін. Сонан соң жүрсек те ауылымызға жетерміз», – дейді.

Қызыл-жасыл киген қыздар жол кеспей иіріліп тұрып қалады. Топ алдындағы Төле би мұны алыстан көріп, байқап келе жатады. Қыздарға жетіп, алдарынан өтіп, ұзап кеткен соң, қасындағы жолдастарының біреуіне:

– Анау алдымызды кеспей кейіндеп қалған балаларды шақырып келші,– деді. Ол шауып барып, қыздарды шақырып келді. Жақындай бергенде Данагүл атынан түсіп жаяулап:

– Апалар, бәріңіз де аттан түсіңіздер. Жаяу барып сәлем берейік. Үлкен кісілерге атпен тасыраңдап жетіп барып сәлем бергеніміз ұят. Бұл кісілер ешуақытта да кездеспейтін кісілер. Жолымыз болады екен,– деді. Барлық қыз аттан түсті. Жаяу жүріп келіп, бәрі басын иіп, сәлем берді. Сонда Төле би:

– Сендер алыстан бізді көріп, тосып тұрдыңдар. Әлдеқашан өтіп кететін уақыттарың болып еді. Не себептен тостыңдар соны айтыңдаршы? – дегенде қыздар Данагүлге қарайды. Ол:

– Біз сіздерді алыстан көріп, аталарымыз бен ағаларымыз шығар. Араларында ер бастаған батыр бар шығар, сол ерге ақыл айтқан ақсақалы бар шығар. Әкеміздей үлкен, қызырлы адамы бар шығар деп алдарыңыздан өтпей тосып тұрдық. Үлкен кісілердің батасын алалық, жақсыны көрмек үшін, көрмеген аталарымыз, ағаларымыз болса көрелік. Аты-жөнін білейік деп тосып тұрдық,– деді.

– Қарағым, балам, атың кім? – деді Төле би.

– Атым Данагүл.

– Әкеңнің аты кім?

– Әкемнің аты Алакөз.

– Жақсы, шырақтарым, өркендерің өссін, құдай тілеулеріңді берсін. Жарайды енді, аттарыңа мініңдер,– деп Төле би батасын беріп жүріп кетті.

Төле би сол жерден әлгі Данагүл деген қыздың ауылына тартып, қызға құда түсіп, келін етеді.

Үйлену – ер мен әйел арасында Алла белгілеген ұстанымдар шеңберінде келісілген қатынас. Құлшылық ретінде бағаланатын үйленуге қатысты Ислам құқығына тән жазылған кітаптардың кейбірінде: «Біз үшін хазірет Адамнан осы күнге дейін заңды түрде жалғасып келген әрі жұмақта да жалғасатын екі нәрсе бар: олар үйлену мен иман» (Ибн Абидин, III), – деп білдірілген.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَالَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا هَبْ لَنَا مِنْ أَزْوَاجِنَا وَذُرِّيَّاتِنَا قُرَّةَ أَعْيُنٍ وَاجْعَلْنَا لِلْمُتَّقِينَ إِمَامًا  

«Олар (Рахманның тақуа құлдары): «Раббымыз! Бізге жұбайларымыздан, ұрпақтарымыздан көзайымдарын бер! Әрі бізді тақуалардың алды ете гөр!» – деп айтады», – деген («Фұрқан» сүресі, 74-аят).

Егер жігіт текті жердің тұяғы болып, оның болашақ жары да аталы жерден болса, онда мұны «інжуге орнатылған лағыл» деп бағамдаған. Ал, ат байлайтын жері көңілдегідей болмаса, келіннің құрсағында өсетін ұрпақты «құмға сіңген су», «сорға сепкен дән» деп түсіну тек қазаққа ғана тән түсінік. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі «көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «алып анадан туады», «шешеге қарап қыз өсер», «ана көрген тон пішер», т.б. деп келетін тұрақты тіркестерде терең мағына жатыр.

Алла Тағала баршамыздың қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!