Шалқар ауданында «Имани жаз – 2024» жазғы сауат ашу курсының 1 – легі аяқталды. 3437

Шалқар ауданында «Имани жаз – 2024» жазғы сауат ашу курсының 1 – легі аяқталды.

23 маусым 2024 894 Оқу 1 минут


Шалқар қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің жанындағы Шалқар қайырымдылық мекемесінде маусым айының 5 – ші жұлдызында басталған «Имани жаз – 2024» жазғы сауат ашу курсының 1 – легі бүгін өз мәресіне жетіп, бала шәкірттермен қоштасу кеші өтті.

Сауат ашу курсының  қорытынды марапаттау рәсіміне Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков қатысып, шәкірттерге ілім үйренудің артықшылығы, қасиетті Құран Кәрімді оқып, оған амал етудің дүние және ақыреттегі дәрежелері, ата-анаға жақсылық жасау туралы насихат айтып, жасөспірімдерді жігерлендірді.

Бір ай бойында сауат ашу курсында үздік оқып, ерекше ынтасын көрсеткен барлық қатысушы ер және қыз балаларға арнайы сертификаттармен  бірге ойыншықтар мен тәттілер тарту етілді. 

Айта кетейік, биылғы жылы Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұйымдастыруымен жазғы сауат ашу курсының 1 – легіне  22 ер бала және 25 қыз бала қабылданған болатын. Бала шәкірттер 20 күн ішінде «Құран әліппесі» және «Имандылық әліппесімен» танысып, «Тәрбие дәрістерін» тәмамдап шықты. Сауат ашу курсында мешіт ұстаздары жас жеткіншектердің болашақтарына бағдар беріп, шәкірттердің ғылымға деген ынтасын оятуға себепші болды.

Шара соңында шәкірттерге дастархан жайылып, көңілді ойын өткізілді.

Алла Тағала бүлдіршіндеріміздің ілімдерін арттырып, ел мен діннің дамуына үлес қосатын азаматтардан етсін!