Шайтанмен қылышсыз шайқасу 292

Шайтанмен қылышсыз шайқасу

28 қазан 2020 218 Оқу 1 минут

Әрине, адам баласы күнде шайтанмен қылышсыз майданда шайқасқа түседі. Шайтанның өзіне тән басымдылығы бар. Малғұн көзге көрінбей, адамның нәзік тұсынан, нәпсісіне ұнайтын жағынан соққы жасауы. Ал, адамның күші – қару-жарағында. Қару-жарағы дегенім – Алланың сөзі, Құран. Сонымен бірге, шайтан бар болғаны көңілге ой салып азғырады. Десе де, шайтанның айла-шарғысына түсіп қалуға болады. Мұндайда, шайтанды тікелей жеңген тұлғалар бізге үлгі. Бұхари кітабында жазылған бұл қисса ең танымал сахабаның басынан өткен оқиға. Сахаба бұл жөнінде былай әңгімелейді:

«Алла елшісі (Алланың ол кісіге салауаты мен сәлемі болсын) мені рамазан зекетіне, яғни пітір садақаны бақылаушы етіп бекіткен еді. Біреу түнделетіп келіп пітір деп берілген құрма, бидайды уыстап жинай бастады. Оны ұстап алып: «Сені Алла елшісіне алып барамын», - дедім. Ол: «Мен – мұқтаж жанмын, бала-шағам бар, қиналып жүрмін», - деді. Содан оны жібере салдым. Ертесіне пайғамбар (с.ғ.с.): «Уа, Әбу Һурайра! Кешегі тұтқының не істеді?», - деп сұрады. Мен: «Алла елшісі! Мұқтажбын деп жалбарынды, бала-шағасын айтты, жаным ашып, босатып жібердім», - дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ол өтірік айтқан, қайта келеді», - деді. Оның қайта келетінін пайғамбар (с.ғ.с.) айтқан соң біліп, торуылдап отырдым. Әлгі келіп пітір тағамын жинай бастады. Тағы ұстап алдым. Ол: «Мұқтажбын, асырап отырған аш бала-шағам бар, мұнан кейін келмеймін», - деді. Мейірімім келіп, босатып жібердім. Ертеңгі күні пайғамбар: «Уа, Әбу Һурайра! Кешегі тұтқының не істеді?», - деп сұрады. Мен: «Уа, Алла елшісі! өте қатты мұқтаж екенін айтып жалбарынды, оған жаным ашып жібере салдым», - дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Саған өтірік айтқан, ол қайта келеді», - деді. Оны үшінші рет күттім. Келіп, пітірді жинай бастаған кезде ұстап алдым да: «Міне, енді сені Алла елшісіне алып барамын. Бұл үшінші рет, келмеймін дейсің де, қайта келесің», - дедім. Ол болса: «Мені босат, саған Алла пайдасын беретін сөздерді үйретемін», - деді. Мен: «Ол не сөз?», - дедім. Әлгі: «Төсегіңе жататын болсаң, Аятул курсиді соңына дейін оқы. Осылай етсең, Алла Тағала тарапынан бір қорғаушы періште тұрады, саған таң атқанша шайтан жолай алмайды», - деді. Мен оны босатып жібердім. Таң атқанда пайғамбар (с.ғ.с.): «Кешегі тұтқының не болды?», - деп сұрады. Мен: «Уа, расул Алла! Ол маған «бір сөздер үйретемін, оны оқысаң сол арқылы Алладан саған пайда бар» деді, сосын оны босатып жібердім», - дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ол не сөз?», - деп сұрады. Мен: «Ол маған төсегіңе жатсаң Аятул-курсиді соңына дейін оқы, сонда Алла құзырынан бір періште сені қорғаушы болады, таң атқанша саған шайтан жоламайды», - деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Оның бұл сөзі рас, алайда өзі барып тұрған жалғаншы. Әбу Һурайра! Үш түннен бері сенімен сөйлесіп жүрген кім екенін білесің бе?», - деді. Мен: «Жоқ», - дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ол – шайтан», - деп жауап берді».

Бұл ғажайып оқиғада қоғам имандылыққа тұтастай бет бұрғанда шайтан әлсіреп қалжырайтындығы көрсетілуде. Онымен бірге, шайтан мұсылманға пайдасы бар кейбір жайттардан хабардар екені аңғарылады. Яғни, Аятул-курсидің пайдасы сияқты. Бұған қоса, белгілі жағдайда Алланың қалауымен пайғамбардың (с.ғ.с.) ғайыпты білетіндігі мәлім боп тұр. Сонымен қатар, бұл хадис пітір садақасын айт күнінен ертерек жинауға рұқсат бар екенін көрсетуде.

Ибраһим Мұстафа,

арнайы nurgasyr.kz үшін