Алла елшісіне (с.ғ.с.) деген махаббат 354

Алла елшісіне (с.ғ.с.) деген махаббат

06 қараша 2020 289 Оқу 1 минут

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірден озған соң азан оқыған Біләл (Алла оған разы болсын) Мәдинадан кетуді ұйғарады. Себебі әрбір көше, мешіт – барлығы Алла елшісін (с.ғ.с.) еске салып тұратын.

Азан оқуды Әбу Бәкірден (р.а.) сұранып, өзінің кететіні жайлы айтады. Әбу Бәкір (р.а.) қалуын өтінгенмен, айтқанынан қайтпайды. Шамда жүргенінде түсіне Алла елшісі (с.ғ.с.) енеді. Түсінде ол: «Бұл жатсынуыңды қалай түсінеміз, Біләл? Мені зиярат етуге қашан келесің?» дейді. Біләл (Алла оған разы болсын) шошынып, мұңайып оянады. Себебі түсінде көрген адамы шынында да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екенін білді: шайтанның өзінің кейпіне ене алмайтынын Алла елшісі (с.ғ.с.) айтқан болатын. Содан соң Мәдинаға, Алла елшісінің (с.ғ.с.) мазарына келеді. Мазарды көріп шыдай алмай жылап жібереді. Сонда жанына Хасан мен Хусейн келеді. Біләл (Алла оған разы болсын) оларды (Алла елшісі (с.ғ.с.) сүйгендей) сүйеді. Олар Біләлдан (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезіндегідей азан оқуды сұранады. Ол (Алла елшісінің (с.ғ.с.) кезіндегідей) әдетте азан оқыған жеріне тұрып: «Аллаһу әкбар!» дейді. Мәдина жұрты көшеге жүгіріп шығады. «Әшхаду әллә иләһа илаллаһ» - Мәдина халқы одан сайын қорқып, көз жастарына ерік береді. «Әшхаду әнна Мухаммаду расулуллаһ» - барлығы: «Алла елшісі (с.ғ.с.) оралды!», - дейді.

Алла елшісі (с.ғ.с.) көз жұмғаннан бері Мәдинада бұлай жылаған ерлер мен әйелдер болмаған еді..