ОН СЕГІЗ МЫҢ ӘЛЕМ ДЕГЕН СӨЗ ДҰРЫС ПА? 122

ОН СЕГІЗ МЫҢ ӘЛЕМ ДЕГЕН СӨЗ ДҰРЫС ПА?

01 ақпан 2021 5266 Оқу 1 минут

Сұрақ: Әссәләәму алейкум!

Ақсақалдар бата бергенде он сегіз мың әлемді Жаратқан Ием деген сияқты сөздер айтады. Он сегіз мың әлем деген сөз қаншалықты дұрыс?

 

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Жалпы, сауалды екіге бөліп қарастыру керек: Әлем – деп нені айтамыз және әлем он сегіз мың ба?

Бірінші: Құран Кәрімде: «Перғауын: «Әлемдердің Раббысы деген не?» - деді. Мұса: «Ол аспандар мен жердің және екеуінің арасындағылардың Иесі, егер көз жеткізетін болсаңдар», - деді[1]» және «Алла аспандарды және жерді әрі екеуінің арасындағыларды жаратты...[2]» және «Алла аспандарды және жерді жаратты...[3]», - деген аяттар бар. Қатада – «әлемдер Раббысы» аятындағы әлем сөзін: әрбір жаратылыс жынысы, яғни түрі бір әлем деген.

Тахауи кітабының түсіндірмесінде: «Әлемдер Раббысы» сөзін талдағанда: «Әлем – періштелер, екі міндет жүктелген адам мен жын әлемдері. Сонымен бірге, Жаратушысын танытатын әрбір жаратылыс әлем[4]», - деп жазады. Әлем сөзі араб тілінен белгі деп аударылады. Бұл Жаратушының бар екенін және серігі жоқ екенін көрсететін белгі деген мағынада. Өйткені, тіршіліктегі барлық жаратылыс Жаратушы Иенің барлығына, ал сол жаратылыстағы жүйе Жаратушының серігі жоқ екеніне белгі.

Екінші: Ибн Касир тәпсірінде: «Әбу Ъалия: адамзат – бір әлем, жындар – бір әлем. Одан басқа он сегіз мың әлем немесе он төрт мың әлем бар», - деп ой білдіреді. Бағауи өз кітабында Сағид бин Мусаябтан риуаят етіп: «Алла Тағала мың әлем жаратты. Алты жүзі теңізде, төрт жүзі құрлықта», - дейді. Кағб Ахбар: «Әлемдердің саны тек Алла Тағалаға мәлім», - деген. «Мағани Құран» кітабының авторы Зужаж: «Әлем Алла Тағала дүние мен ақыретте жаратқан әрбір жаратылыс түрі», - деген.

Ал, Уаһб бин Мунаббих: «Алла Тағала он сегіз мың әлемді жаратты. Дүние сол әлемдердің бірі. Алла Тағала жер бетінде мың үмбетті (жаратылыс түрін) жаратты, адамзат, жын, шайтан және яжуж және мажужден бөлек. Олардың төрт жүзі құрлықта, ал алты жүзі теңізде»,-деген.

Демек, қазақтың Ахмет Яссауи сынды ғұламасы «Он сегіз мың ғаламға сәруар болған Мұхаммед» деп және Бұқар жыраудың «Құдіретімен жаралған, он сегіз мың ғаламды айт» деп жырлауының негізі шариғаттан шығып тұр.


Махамбет Бисенов

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы 



[1] Шұғара сүресі, 23-24 аяттар

[2] Сәжде сүресі, 4-аят

[3] Ибраһим сүресі, 32-аят

[4] Шарх Ақидат Тахауи, 20-бет