ҚАБІР ӘЛЕМІ ЖӘНЕ ҚАБІР ЗИЯРАТЫНЫҢ МӘДЕНИЕТІ 1937

ҚАБІР ӘЛЕМІ ЖӘНЕ ҚАБІР ЗИЯРАТЫНЫҢ МӘДЕНИЕТІ

22 шілде 2022 169 Оқу 1 минут

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

«Тумақ бар жерде, өлмек бар» демекші, бір адам дүние есігін ашып, өмірге келіп жатса, кей адамдар бұл дүниеден озып жатады. Бұл өзгермейтін ақиқат. Мұсылмандар үшін қабір әлемі – мәңгілік өмірдің алғашқы қақпасы, ақірет әлемінің бастауы. Дүниеден озған адамның артында қалған ұрпақтары мен жанашыр жақындары «Марқұмның топырағы торқа болсын», «Алла алдынан жарылқасын», «Жаны пейіште шалқысын» деп ізгі тілек пен дұға жасап жататыны сондықтан.

Қасиетті Құранда айтылғандай Алла Тағала адам баласын тіршілік иелерінің ең ардақтысы етіп жаратқан. Сондықтан тірі адам қандай құрметті болса, қайтқан кісілер де сондай қадірлі. Сол себепті адам тәні көмілген зираттарды құрметтеу, таза ұстау, қорғау, бүлінген жерін түзету секілді бірқатар әдептерді ұстану тірілер үшін талап етіледі.

Ислам дінінде қайтыс болған кісіні жерлеудің үкімі – парыз. Өйткені мәйіт көмілмей қалатын болса, «адам» деген ардақты жаратылысқа жасалған үлкен құрметсіздік әрі күнә болады.

«Зиярат» сөзі – арнайы көруге бару мағынасын білдіреді. Қабірді зиярат ету ханафи мәзһабы бойынша мұстахаб іс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірлерді зиярат еткен және біздерге зиярат етуді өсиет еткен. Әнәс ибн Мәликтен (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كُنْتُ نَهَيْتُكُمْ عَنْ زِيَارَةِ الْقُبُورِ، أَلا فَزُورُوهَا،، فَإِنَّهُ يَرِقُّ الْقَلْبَ، وَتَدْمَعُ الْعَيْنَ، وَتُذَكِّرُ الآخِرَةَ

«Мен бұрын сендерді қабірлерді зиярат етуден тыйған едім, енді оны зиярат етіңдер. Өйткені ол жүректі жұмсартады, көзден жас шығарады, ақыретті еске салады», – деп айтқан (имам Мүслим).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихатының алғашқы кезеңінде қабірлерді зиярат етуге тыйым салған. Ибн Әбу Муләйка былай деген: «Бірде Айша анамыз (Алла оған разы болсын) қабірден келді. Мен одан: «Уа, мүміндердің анасы! Сен қайдан келдің?». – деп сұрадым. Ол болса: «Қабірден келдім, Әбдуррахманның басына бардым», – деп жауап берді. Мен: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  қабірге баруға тыйым салған жоқ па?»,– дегенде ол: «Иә, басында тыйым салған, кейін рұқсат берді», – деді.

Пайғамбарлықтың алғашқы кезеңінде қабірге баруға тыйым салынуы – діни сенім адамдарда толық қалыптаспағандықтан, оларды дінге қайшы істер жасаудан сақтандыру болатын. Кейіннен сахабалар шариғатты тереңінен түсінген уақытта оларға  қабірлерді зиярат етуге қайтадан рұқсат берілген.

Қабірді зиярат етіп баруды ниет еткен адам мынадай істерге назар аударуы қажет: 

Бірінші: Қабір иелеріне сәлем беру

Қабірге баратын адам дәретін алып, Алланың разылығы үшін деген ниетте баруы керек. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ اللَّهَ لَا يَقْبَلُ مِنَ الْعَمَلِ إِلَّا مَا كَانَ لَهُ خَالِصًا ، وَابْتُغِيَ بِهِ وَجْهُهُ

«Расында Алла Тағала шынайы ықыласпен тек қана Оның ғана ризашылығын қалап жасалған амалдан басқасын қабыл етпейді», – деген (имам Насаи).

Әйел кісілерге  зират басында сезімге беріліп, дауыс көтере жылап, діннің әдебіне қайшы істер істемеу шартымен қабірді зиярат етуге рұқсат. Әнас ибн Малик мынадай оқиғаны жеткізген: «Бірде Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)   қабірдің басында жылап тұрған бір әйелді көріп, оған: «Тақуалық қыл және сабыр ет!», – деп өсиет айтқан болатын. Ол әйел Пайғамбарды   танымағандықтан: «Мені жайыма қалдыр, сенің басыңа мұндай ауыр қайғы келген жоқ!» – деп насихатты қабыл алмады. Кейін ол әйелге адамдар: «Бұл (насихат айтушы) Пайғамбар еді ғой!»  – деп айтты. Әйел істеген ісіне өкініп, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)    үйінің алдына келіп: «Мен сізді танымай қалдым!»  – дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, сабыр алғашқы соққы келгенде сақталуы қажет», – дейді «имам Бұхари, имам Муслим).

Ғалымдарымыз бұл хадистен көптеген ғибраттар мен сабақтар алады. Соның бірі аталмыш хадисті әйел адамның қабірді зиярат етуіне рұқсат екендігіне дәлел ретінде алға тартқан. Себебі, хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі әйелді қатты дауыс көтеріп жылаудан тыйып, сабырға шақырғанымен, қабірді зиярат етуден тыймаған. Бұл болса, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)    құптауын білдіреді. Ал қабірді зиярат ету әйел кісіге тыйым етілген болса, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)   ол әйелді бұл істен де тыятын еді.

Қабірге барғанда ең бірінші қабір иелеріне сәлемі беріледі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабір басына барғанда:

السَّلاَمُ عَلَيْكُمْ دَارَ قَوْمٍ مُؤْمِنِينَ وَإِنَّا إِنْ شَاءَ اللَّهُ بِكُمْ لاَحِقُونَ

«Уа, қабірстан қауымы! Сендерге Алланың сәлемі болсын! Алла қаласа, әлбетте, біз де сендерге қосыламыз», – деп айтатын (имам Мүслим).

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына қабір иелеріне осылай деп сәлем беріп, дұға етуді үйрететін болған. Хазреті Омар (Алла оған разы болсын) қабірлердің қасынан өткенде оларға сәлем беретіндігі жайында риуаяттар жеткен. Қабірге барғанда, сонымен қатар қасынан көлікпен не жаяу өтіп бара жатқан адам да қабір иелеріне сәлем беріп өткені дұрыс.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірін зиярат етіп барғанда да мұсылман адам өзін әдептілікпен ұстап, Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәлем беріп, салауаттар айтады. Ол жерде қатты дауыс көтеріп сөйлеуге болмайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжырат» сүресі, 2-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لا تَرْفَعُوا أَصْوَاتَكُمْ فَوْقَ صَوْتِ النَّبِيِّ وَلا تَجْهَرُوا لَهُ بِالْقَوْلِ كَجَهْرِ بَعْضِكُمْ لِبَعْضٍ أَن تَحْبَطَ أَعْمَالُكُمْ وَأَنتُمْ لا تَشْعُرُونَ

«Уа, иман еткендер! Дауыстарыңды Пайғамбардың дауысынан артық көтермеңдер. Өзара бір-біріңе дауыстағандай Пайғамбарға қатты дауыстап сөйлемеңдер. Амалдарың жойылып, оны сезбей де қаласыңдар», – деп айтқан.

Бұл аят Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйінің жанына келіп, дауыс көтерген бәдәуиге қатысты түсіп, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанында дауыс көтеруге болмайтындығы турасында айтылған. Дегенмен, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өткеннен кейін де мүминдердің жүрегінде Елшіге деген құрмет сөнбейтіндіктен, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірінің басына барғанда да, қатты дауыс көтеріп сөйлемеу керек.

Екінші: Марқұмдарға дұға бағыштау

Қабірді зиярат етуге барғаннан кейін марқұм үшін Алла Тағаладан дұға тілеу, Құран аяттарын оқып бағыштау – марқұмға пайда беретін амалдардан. Тахауи ақидасының мәтінінде:

وَ فِي دُّعَاءِ الْأَحْيَاءِ لِلْأَمُوَاتِ وَ صَدَقَاتِهِمْ مَنْفَعَةُ لِلْأمُوَاتِ

«Тірілердің өлілер үшін жасаған дұғасында және садақаларында дүниеден өткендер үшін пайда бар», – делінген.

Ардақты Пайғамбарымыз  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәйітті жерлеп болған соң қабір басында тұрып: «Бауырларың үшін Алладан кешірім тілеп, (Мүнкәр-Нәкір періштелерінің алдында) беріктік сұраңдар. Өйткені, ол дәл қазір сұраққа тартылып жатыр», – деп айтатын (имам Әбу Дәуіт).

Қазақ халқындағы дүниеден өткен адамға қолданылатын «марқұм» сөзі «Алла рақымына алсын» деген мағынаны білдіреді. Демек, ата-бабаларымыз дүниеден өткен адамның есімін атағанда, оған «марқұм» деген сөзді қосу арқылы «Алла Тағала рақымына алсын», – деп дұға жасаған.

Қасиетті Құранда «Хашыр» сүресінің 10-аятында Алла Тағала мүминдердің өздерінен бұрын өтіп кеткен мүминдерге былай деп дұға ететіндігін айтқан:

رَبَّنَا اغْفِرْ لَنَا وَلإِخْوَانِنَا الَّذِينَ سَبَقُونَا بِالإِيمَانِ وَلاَ تَجْعَلْ فِي قُلُوبِنَا غِلاًّ لِّلَّذِينَ آمَنُوا رَبَّنَا إِنَّكَ رَؤُوفٌ رَّحِيمٌ

«Раббымыз! Бізді және бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды кешіре гөр! Әрі біздің жүректерімізге иман келтірген жандарға деген зәредей жеккөрушілік, өшпенділік сынды істерге жол бере көрме! Раббымыз! Расында Сен өте мейірбансың, ерекше мейірімдісің».

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ الرَّجُلَ لَتُرْفَعُ دَرَجَتُهُ فِي الْجَنَّةِ فَيَقُولُ أَنِّي هَّذَا؟ فَيُقَالُ بِاسْتِغْفَارِ وَلَدِكَ لَكَ

«Расында жәннатта бір адамның дәрежесі (өздігінен) көтеріліп, ол (таң қалып): «Маған бұл дәреже қандай себеппен берілді?» – деп сұрайды. Сонда оған: «Сенің ұрпағыңның сен үшін тілеген кешірімі себебімен берілді», – деп айтылады», деген (имам Ибн Мәжә).

Қабір басында қасиетті Құрандағы «Фатиха», «Бақара» «Ясин», «Мүлік», «Такасур» сүрелерінің аяттарын оқу жақсы іс болып табылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында «Мүлік» сүресі – қайтарушы, құтқарушы. Ол қабір азабынан құтқарады», – деп айтқан (имам Тирмизи).

Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзін көрген сахабалар мен одан кейін келген табиғиндер, өзге де ізгі адамдар қабірдің басында Құран аяттарын оқуды өсиет еткендігі жайында да риуаяттар бар. Мысалы, Әбдурахман ибн Ғәлә (Алла оны рақымына алсын) әкесінің өз балаларына былай дегендігін баяндаған: «Егер мені қабірге алып барсаңдар, лахадқа қойып: «Бисмилләһ, ғәлә суннати расулилләһ», – деп топырақ тастаңдар. Бас жағыма «Бақараның» алғашқы аяттары мен соңғы аяттарын оқыңдар. Мен Ибн Омардың (әкесі екеуіне Алла разы болсын) осы амалды ұнататынын көрдім».

Үшінші: Ақыретті еске алу

Қабірстан – барша адамзаттың Жаратушы алдында тең екендігін, бай мен кедейдің, жас пен кәрінің, күшті мен әлсіздің бір-бірінен артық еместігін, имандылық, тақуалық секілді ізгі қасиеттермен ғана биік тұратынын көрсететін ғибрат мекені. Дана халқымызда: «Аш болсаң базарға бар, тоқ болсаң мазарға бар», – деген нақыл сөз бар. Шынымен де, қабір басында барғанда адам тәубесін жаңартып, ертең Алла Тағаланың құзырына қайтатын күннің бар екендігін еске алып, ізгі амалдар жасауға деген құштарлығы оянады. Сол үшін де бұрынғы өткен ізгі адамдар: «Қабірстан – хикмет пен ғибрат дәрісханасы», – дейді екен.

Ата-бабаларымыз қабірді «бейіт», «зират», «көр» сияқты түрлі атаулармен атаған. Бұл атаулардың әрқайсысының өзіндік терең мағынасы бар. Мысалы, «бейіт» сөзі – «мәңгілік үй» дегенді білдірсе, «зират» – «ақыретті еске алу үшін арнайы бару» дегенді білдіреді. «Көр» болса – «көзбен көріп, ертеңгі қайтатын күнді ойлап, ғибраттан» деген мағынаны қамтиды.

Хакім Абай өлең жолдарында: «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма, біреуге ерте, біреуге кеш болмай ма», – деп ақыретті еске алса, Мәшһүр Жүсіп бабамыз: «Жан кетіп, тән барады қара жерге, кіреміз бір күн барып тар қабірге», – деп, ұрпағын қайтар күн жайында ойлануға шақырған.

Хазреті Осман (Алла оған разы болсын) қабір басына барған кезде көзінің жасы көл болғанша жылайды екен. Бірде одан адамдар: «Жәннат пен тозақ жайлы айтқан кезде бұлайша жыламайсыз, ал қабір басына келгенде неге соншалықты қатты жылайсыз?» – деп сұрағанда, ол кісі (Алла оған разы болсын): «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әлбетте, қабір – ақыреттегі мекен-жайлардың алғашқысы. Егер иесі оның азабынан құтылса, кейінгі сынақтар одан жеңілірек болады, ал құтылмаса, одан да қиын болады», – деп айтқанын естіген едім» – деген.

Бірде Әмір ибн Ас атты сахаба (Алла оған разы болсын) зират жақтан көзін алмай ұзақ ойланады да, сосын үйіне кіріп екі рәкағат намаз оқиды. Сонда қасындағы достары бұлай істеуінің сырын сұрағанда ол: «Қабір иелерін және олардың құлшылық жасауға мұршалары жоқ екендіктерін еске алып, сол арқылы Алла Тағалаға жақындауды жөн көрдім», – деген екен.

Төртінші: Зиярат әдептерін сақтау

Қабірді зиярат ететін адам мынадай әдептерді білуі керек:

  1. Зияратқа дәретпен бару;
  2. Қабірді сипаудан, сүюден аса сақ болу;
  3. Қабір үстін басып кетпеу үшін арнайы белгіленген жолдармен жүру. Қабірдің үсті мәйіттің хұқына жататындықтан оны зияратқа барған адам басудан аса сақ болуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لأَنْ يَجْلِسَ أَحَدُكُمْ عَلَى جَمْرَةٍ فَتَحْرِقَ ثِيَابَهُ فَتَخْلُصَ إِلَى جِلْدِهِ خِيْرٌ لَهُ مِنْ أَنْ يَجْلِسَ عَلَى قَبْرِ

«Расында, сендердің кез келгеніңе қабірге отырғаннан, ыстығы киімінен өтіп денені күйдіретін шоқтың үстінде отырғаны артығырақ!» – деп ескерткен (имам Бұхари).

  1. Дүниеден өткен қабір иелерінің жақсы сипаттарын еске алу. Хадис шәріпте:

لاَ تَسُبُّوا الأَمْوَاتَ فَإِنَّهُمْ قَدْ أَفْضَوْا إِلَى مَا قَدَّمُوا

«Дүниеден өткендерді жамандамаңдар, өйткені олар өздерінің бұрынғы жасағандарына оралды», – деген (имам Бұхари).

Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «...олар өздерінің бұрынғы жасағандарына оралды», – деуінің мағынасы: «Олар жасаған амалдарына байланысты сауабын не жазасын алды», – дегенді білдіреді.

  1. Құран аяттарын оқығанда қатесіз оқу;
  2. Құран оқып, дұға жасағанда Құбыла тарапқа бет бұру;
  3. Қабір басында бос сөз бен күлкіден сақтану. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, Алла сендер үшін алты нәрсені жек көрді: намазда тыныш тұрмау, берген садақаға міндетсіну, оразада әдепсіз сөйлеу, қабір қасында күлу, мешітке бойдәретсіз кіру және үйлерге рұқсатсыз көз сұғу», – деп айтқан (имам Бұхари).

 

Қадірменді жамағат!

Қабірді зиярат етіп, марқұмдарға дұға ету, ақыретті әркез еске алып жүрудің мүмин адамға тигізер пайдалары өте көп. Абай Хәкім:

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың білемісің?

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ! – деп, біздерді қайтатын күніміз жайында ойлануға шақырған. Өмірдің жалғандығын ойлау арқылы, адам баласы бұл қысқа ғұмырында әр адамның қадірін біліп, олармен сыйласуға тырысып, барынша жақсылық амалдар жасап қалуға қамданады.

Алла Тағала баршамызды ізгілік амалдар жасауда тұрақты етіп, бүгінгі қасиетті жұма күнгі дұға-тілектеріміз қабыл болып, елімізге амандық, жұртымызға береке бергей!